Аймақтар
2 мин оқу 533

Жалған шот-фактура жарға жықты...

<p style="text-align: justify;">Соңғы уақытта Павлодар облысында тіркелген алаяқтық фактілердің сюжеті криминалды фильмдерден кем емес. Екібастұзда полиция формасын киіп, тұрғындардың ұялы телефонын тексеру кезінде онлайн несие ресімдеген пысықайлар ұсталған еді. Жақында жалған шот-фактуралар жасаумен айналысқан екі айлакер құрықталды.</p>

Жалған шот-фактура жарға жықты...

Қаржылық мониторинг агент­тігінің Павлодар облысы бойын­­ша департаментінің қызметкер­лері шот-фактураларды заңсыз жазып беру фактілерінің жолын кесіп, тергеу барысында В.Легин және С.Рыжаков есімді азаматтар­дың жал­ған тұлғаларға ресімделген 13 ком­пания құрғанын анық­та­ды. Олар материалдық пайда табу мақсатын­да 2019 жылдан бастап 2021 жылға дейінгі кезең­де компаниялардың атынан бір­қа­тар заңды тұлғаға жалпы сомасы 6,5 млрд теңгеге жалған шот-фактуралар жазып бер­ген. Пысы­қайлардың қылмыстық әре­­­­кеттерінің салдарынан мем­ле­кет­ке төленбеген салық түрінде 2 млрд теңгеден астам сомаға залал келген.

Сот екеуін де кінәлі деп та­уып, 2 жыл 9 айға бас бостан­дық­тарынан айырып, Легиннен 13 млн теңгеден астам ақша тәркілеу туралы үкім шығарды.

Алаяқтардан көбіне зейнет­кер­лер зардап шегіп жатады. Мәселен, былтыр мынадай «қы­зық» қылмыс тіркелген еді. Пав­ло­дарлық тұрғын көрші зейнет­кердің атынан 2 млн теңгеге iPhone ұялы телефон алуға несие ресім­деген. Жедел іздестіру шараларын жүргізу барысында Ленин кентінің 22 жастағы тұрғыны ұсталды. Облыстық полиция де­пар­таменті баспасөз қызметінің мәлі­метінше, 63 жастағы зейнеткер өзінің атына онлайн несиені заңсыз ресімдеу туралы өтінішпен полицияға жүгінген. Тергеу барысында жас жігіт әңгімелесіп тұрған кезде әйелден оның жеке куәлігін сұрап, ұялы телефо­нына суретке түсірген. Сондай-ақ онлайн-банктердегі не­сиені ресімдеу кезіндегі талапқа сәй­кес тұтынушының бет әлпетін де түсіріп, гаджетіне сақтап алған. Содан кейін ақпараттарды пайдалана отырып, зейнеткердің атына онлайн дүкендердің бірінде iPhone 12 PRO Max 2 ұялы телефонын сатып алуға онлайн несие ресімдеген. Шығын шамамен екі миллион теңгені құрады.

Еліміздегі кейбір шағын несие ұйымдарынан қарызға ақша алу үшін ол жерге барудың қа­жеті жоқ. Кейде менеджерге WhatsApp арқылы жеке куәліктің фотосын жіберу жеткілікті. Бұл сіз­дің құжатыңыз ба немесе басқа біреудің құжаты ма еке­ні маңызды емес, ақша немесе та­уар сізге бәрібір беріледі. Құ­қық қорғау органдары осындай келең­сіздіктерді болдырмау үшін жеке куәлікті, төлқұжатты, банк карталарын бөтен азаматтар­дың қолы жетпейтін жерлерде сақтауға кеңес береді. Белгісіз тұл­ғаларға дербес деректерді бер­меу, тауарларға немесе қызмет­терге телефон арқылы тапсырыс беру кезінде ДСН-кодты, СМС-кодтарды бермеуді еске салады. Бөтен дейміз-ау, кейде жақын туыстың өзі әккі әрекетін жүзеге асырып, несие ресімдеген оқиғаларды талай естідік. Не десек те, барынша сақ болыңыз!

Павлодар облысы

Бөлісу:
Жалған шот-фактура жарға жықты... · Соңғы жаңалықтар мен оқиғалар