Тауарларды импорттау кезінде қосылған құн салығы өзгерді
<p style="text-align: justify;">Қазақстанда тауарлардың импорты кезінде қосылған құн салығынан босатуды қолдану шарттары өзгерді. Бұл туралы Мемлекеттік кірістер комитеті мәлімдеді, деп хабарлайды <a href="/" target="_blank" rel="noopener noreferrer">Egemen.kz</a>.</p>
«Енгізілген өзгерістер жанама салықтарды төлеу мерзімі өзгертілген және талаптары орындалған тауарлардың импорты кезінде қосылған құн салығынан босатуды қолданатын тұлғалар қатарын кеңейтеді. Енді бұндай тұлғалар қатарына уәкілетті экономикалық операторлар енгізілді. Сондай-ақ көлік құралдарының жүк бөліміне электрондық сәйкестендіргіштерді (навигациялық пломбаларды) орнатуды міндеттейтін шарттар алынып тасталды», делінген ведомство хабарламасында.
Комитет ЕАЭО-қа мүше мемлекеттер аумағына одан әрі экспорттауға арналған тауарларды қосылған құн салығынан босатуға мүмкіндік беретін жаңа шарт пайда болғанын да мәлімдеді.
Тауарларды әкелу туралы өтініште (1-бөлімі кестесінің 6-бағанында) және электрондық шот-фактурада (8-бағанының G бөлімінде) көрсетілген тауар құны тауарлар декларациясында (45-бағанында) көрсетілген тауар құнынан төмен болмаса, қосылған құн салығынан босатуға болады.
Өзгерістер 11 шілдеден бастап қолданысқа енеді.