Аймақтар
2 мин оқу 260

Үш күнде 400 шақырымды еңсерді

<p style="text-align: justify;">Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдығына орай, Қостанай велосипед қауым&shy;дастығы ұйымдастырған үш күндік веломарафон өз мәресіне жетті. Алдымен ұлт ұстазының Қостанайдағы ескерткішіне тағзым еткен велошабандоздар Әулиекөл асып, Шолақсайдан кері қайтты.</p>

Үш күнде 400 шақырымды еңсерді

Велосипедшілер аспанды төңкеріп жерге түсірердей жанып тұрған аптап ыстыққа қарамастан, арғы-бергі жолды қосып есептегенде, ұзындығы 400 шақырымды жүріп өтті. Ахмет ескерткішінің басында өткен сәт сапар жиында Парламент Мәжілісінің депутаты Самат Ақышев спортшыларға ақ жол тілеп, аталған іс-шара Ахаңның аласапыран ғұмыры мен өлмес мұрасын дәріптеудегі, сондай-ақ бұқаралық спортты насихаттаудағы маңызын атап өткен.

Ал облыстық қоғамдық даму басқарма­сының басшысы Марат Жұрқабаев вело­ше­руді ұйымдастырушыларға алғыс білді­ріп, ұлт ұстазына арналған ұлағатты бас­тамалар жыл бойы жалғасатынын тілге тиек етті.

Мерейтойлық марафонға жиырмадан астам кәсіби велошабандоз қатысты. Оларды 76 жастағы әуесқой велошабан­доз, ардагер спортшы, ғалым-ұстаз Қал­қа­ман Жақып аға бастаған әуесқой велосипед­шілер 20 шақырымға дейін ұзатып салды.

– Ахмет Байтұрсынұлы – қазақ халқының рухани көсемі. Біздің мақсат – жастарға ұлы тұлғаның өмірі мен елге сіңірген қызметін, баға жетпес асыл мұрасын насихаттау, – деді спорт ардагері.

Велошеруге қатысушылардың арасында үшінші топтағы мүмкіндігі шектеулі Павел Бабенконың да болғанын айта кеткен жөн. Велоспортқа бала кезінен әуестенгенімен, Павел өзінің сүйікті спортымен шындап айналыса бастағанына екі-ақ жыл болыпты.

– Сол аяғым протез. Бірақ соған қарамастан былтыр бірінші рет 200 шақырымды бағындырдым. Енді, міне, 400 шақырымға жетемін деп отырмын. Меніңше, қимыл-қозғалыс – белсенді өмір сүрудің көрінісі ғана емес, сонымен қатар осы арқылы көптеген адаммен танысып, араласып-құраласып, жаңа дос табасың. Өмірге деген құштарлығың артады, – дейді П.Бабенко.

Спортшылар Әулиекөлде бір түнеп, жұма күні Шолақсай елді мекеніне жетті. Ахмет Байтұрсынұлы атындағы өңірлік университеттің оқытушылары ауыл мекте­бінің жоғары сынып оқушыларына кәсіптік бағыт-бағдар беру және тұлғалық өсу жөні­нен тренингтер өткізді. Сондай-ақ асық ату және шахмат ойындарынан жарыс ұйымдастырылып, спорттық іс-шараның соңы концертке ұласты.

«Қостанай велосипед қауымдастығы» ҚБ төрағасы Бауыржан Тебеевтің айтуынша, Қостанайда ұлы тұлғалардың мерей­тойына арналған велошерулер дәстүр­лі түрде өтіп тұрады. Мәселен, 2020 жы­лы Абай Құнанбайұлының 175, былтыр Ы.Ал­тынсариннің 180 жылдығына орай ауқымды веломарафондар ұйымдас­тырылды.

Велошабандоздар Қостанайға 16 шіл­деде бесін ауа қайта оралды.

Қостанай облысы

Бөлісу:
Үш күнде 400 шақырымды еңсерді · Соңғы жаңалықтар мен оқиғалар