Аймақтар
2 мин оқу 392

Ұлықұм етегінде ұйымдастырылған игі іс

<p style="text-align: justify;">Ата кәсібіміз &ndash; мал шаруашылығына қазір жастардың қызығушылығы баяулау екені рас. Төрт түліктің бабын тауып, тіпті өнімін үйлестірудің де ретін толық біліңкіремейтіндер бар. Осындайда үлкендеріміздің шопанға да &laquo;диплом&raquo; керек деп астарлап, малшыға асқан жауапкершілік қажет екенін меңзейтіні шындыққа саяды.</p>

Ұлықұм етегінде ұйымдастырылған игі іс

Шалқар аудандық жастар ресурс­тық орталығы дала төсінде қыза­тын осы кәсіпке қала баласының қызы­ғу­шылығын арттыру мақсатымен жас­тар­дың бір күнін шаруа қожалығы басында өткізуді ұйымдастырды.

Жастар барған Шалқар ауылдық округіне қарасты «Қаражиде» шаруа қожалығы 1997 жылы құрылған. Төрағасы Есенкелді Жансүгіров осы қожа­лықтың іргесі қаланған күн­нен бас­тап шаруашылық басында. Бақ­ты­бай деп аталатын жер оның жаз жайлауы. Жол бойы ауыл көрінісіне көз тігіп, ат байлаған қонақтарды Есенкелді аға мен зайыбы Айсәуле апай кең пейілмен қарсы алды.

– Қожалықты құрған күннен бастап, отбасыммен осы жердемін. Өйт­песең, ісің алға баса ма?! Қазір бәрі мыңғыртып мал ұстағысы ке­леді, бірақ оның соңына түсіп бағуға құл­қы жоқ. Өзің бас-көз болып отыр­саң, шаруаның да берекесі артады. Күн ұзағына тыста еңбек ететін адам үйге кіргенде ағарғаны толы дастарқаны жайылып тұрмағасын шаруасы жайлана ма?! Сондықтан біз бала-шағамызбен осындамыз. Өзімізге тиесілі 3 мың гектардан астам жеріміз бар. Мемлекеттік бағдарлама көмегімен жайлаудан су ұңғы­масын қаздырып жатырмын, – дейді шаруа­шылық төрағасы Есенкелді аға.

Алты баланың анасы Айсәуле апа­мыз ағарғаны мол үйге береке ұялай­ды деп, жастарға түйені қалай сауу­дың, ботасын бөлек ұстап, идірудің тәсілдерімен таныстырды.

Отағасы ер балаларға қой қырқу­дың, оны сойып, етін жіліктеп қонаққа табақ тартудың жолдарын көрсетті. Жастар осы іс-шара аясында атқа мініп, өрістен қой қайтарып, сақманның соңғы сәттеріне куә болды. Және де аң аулауға да әуесқойлығы бар шаруа­ның өз аузы­нан ат баптаудың, жеті қазынаның бірі – тазы итті асырауда қаперде ұстайтын жайттарды естіді.

Игі іс-шараға қатысқан облыс­тық жастар ресурстық орталығы жас­тар бөлімінің басшысы Азат Ораза­лин, аудандық жастар ресурстық орта­лығының басшысы Жанна Әбденова көлдей көңілімен бір күндік шаруасын ысырып қойып, жастармен емен-жарқын тілдесіп, төрт түлікті өрісте тең өргізудің жай-жапсарымен бөліскен шаруашылық иелері Есенкелді аға мен Айсәуле апаға шынайы ризашылығын білдірді.

Жастардан күтер үміт көп. «Бола­шақ жастардың қолында» дейтініміз де сондықтан. Ұлықұмның етегінде ата кәсіпті отбасымен жүргізіп отыр­ған еңбек адамдары жастарға: «Уақыт­тарыңды бағалаңдар, еріншек болмаң­дар», деп тілектерін білдірді.

Мұхтар МЫРЗАЛИН

Ақтөбе облысы,

Шалқар қаласы

Бөлісу:
Ұлықұм етегінде ұйымдастырылған игі іс · Соңғы жаңалықтар мен оқиғалар