Қоғам
2 мин оқу 302

Мас күйінде көлік жүргізетіндер көбейді

<p style="text-align: justify;">Жамбыл облысында алғашқы жартыжылдықта 700-ден астам жол-көлік оқиғасы тіркеліп, соның салдарынан 128 адам бақилық болған. Жалпы жол-көлік оқиғаларының 99 пайызына жүргізушілер кінәлі екені анықталып отыр. Алты айдың ішінде 396 көлік жүргізушісінің мас күйінде көлік тізгінін қолға алғаны да ойландырмай қоймайды.</p>

Мас күйінде көлік жүргізетіндер көбейді

Ішіне отты су түссе, көлік руліне жармасатындардың қа­ра­сы әлі сиремей тұр. Қара жол қателікті кешірмейтінін біле тұра мас күйінде көлік жүргізуден бас тартпай­тын­дардың саны күн өткен сайын өрши түспесе, кемитін түрі жоқ. Тексеру жұ­мыс­тары тағы да жаға ұстататын көрсеткіштерді анықтап берді. Бар болғаны 22 күннің ішінде мас күйінде көлікті басқарған 75 жүргізуші полиция қызметкерлерінің назарына ілікті.

Мас күйінде бір рет ұс­тал­ғаннан кейін сабақ ал­ған­­ды жөн көрмейтіндер де бар. Деректерге сенсек, ұстал­ған­дардың бірі жол-көлік оқиға­сының себепкері болыпты. Ал 5 азамат масаң күйінде қайта­дан көлік жүргізуге кірісіп кеткен. Осылайша, олар бір емес, екінші рет ұсталып отыр.

Тұрар Рысқұлов ауда­ны­ның орталығы Құлан ауы­лының «Жібек жолы» кө­ше­сінде жол-көлік оқиғасы тіркелген. 57 жастағы «Мер­се­дес» автокөлігінің жүр­гізушісі мейрамхана ма­ңын­дағы тұраққа қойылған тағы бір «Мерседесті» соққан. Ме­дициналық куәландыру қоры­тындысы жол-көлік оқи­ға­сына себепкер болған аза­мат­­тың орта дәрежеде мас бол­­ғанын анықтапты. Бүгінгі таңда аталған дерекке қатысты Қылмыстық кодекстің 346-бабы 2-бөлігімен сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Автокөлік айып тұра­ғына қойылды.

Тәртіп сақшыларының жедел әрекет етуінің арқасында мас күйінде көлік жүргізген азаматтар дер кезінде ұсталып жатыр. Алғашқы жартыжылдық­­та 16 азамат көлікті мас кү­йін­де екінші рет жүргізгені үшін қыл­мыстық жауапкершілікке тартылған. Олардың қатарына тағы да 5 адам қосылып отыр.

Ішімдік ішіп көлік жүргізген 396 өңір тұрғыны бұған дейін де15 тәулікке қамалып, 7 жыл бойы көлік басқару құқығынан айырылған екен.

Жамбыл облысы

Бөлісу:
Мас күйінде көлік жүргізетіндер көбейді · Соңғы жаңалықтар мен оқиғалар