Ақпарат қауіпсіздігі алаңдатады
<p style="text-align: justify;">Қазақстандық делегация Мәскеуде өткен ақпараттық қауіпсіздік мәселелері жөніндегі әскери-ғылыми конференцияға қатысты. «Әскери салада ақпарат қауіпсіздігін қамтамасыз ету» тақырыбындағы бұл жиын ҰҚШҰ Біріккен штабында өтті.</p>

ҰШҚҰ Ұжымдық қауіпсіздік жүйесінің күштері мен құралдарын басқару органдары және құралымдарын бірлесіп даярлаудың 2022 жылға арналған жоспарында әскери-ғылыми конференцияны өткізу регламенттелген.
Іс-шараға ҰҚШҰ-ға мүше елдер қорғаныс ведомстволарының ақпараттық қауіпсіздігін қамтамасыз ету саласының мамандары, базалық оқу-әдістемелік ұйымдардың, Хатшылық пен Біріккен штабтың өкілдері қатысты.
Қазақстандық делегацияны Мемлекеттік құпияларды қорғау департаментінің басшысы, полковник Ильнур Бисембаев басқарып барды.
Ол сөйлеген сөзінде ҰҚШҰ-ға мүше мемлекеттердің қатысуымен семинарлар, технологиялық жаттығулар, оқу-жаттығулар, зертханалық жұмыстар түрінде практикалық және техникалық бағыттағы бірлескен іс-шараларды тұрақты түрде өткізу қажет екенін атап өтті. Сонымен қатар ақпарат қауіпсіздігіне қатысты барынша өзекті қауіп-қатерлер мен оларға қарсы іс-қимыл шаралары туралы мәлімет алмасуды тұрақты түрде іске асыруды жолға қойған жөн деді.
Пленарлық отырыста конференцияға қатысушылар ақпарат қауіпсіздігіне төнетін қауіп-қатер төңірегіндегі мәселелерді де қарастырды. Одан өзге ұлттық қарулы күштерде ақпараттың сақталуы мен қорғалуын қамтамасыз етуде ҰҚШҰ-ға мүше мемлекеттер осы бағыттағы жұмысты жетілдіру жайлы тәжірибе жинап, пікір алмасты.
Конференцияның нәтижелері бойынша қатысушылар әскери салада ақпарат қауіпсіздігін қамтамасыз етудің аса өзекті екенін атап өтіп, өзара іс-әрекетті жетілдіру жөнінде ұсыныстар пысықталды.