Аймақтар
2 мин оқу 613

Ауыл оқушыларын автобус тасиды

<p style="text-align: justify;">Ауыл мектептеріне автобустар керек-ақ. Себебі өңірде мектебі жоқ елді мекендерден қатынап оқитын балалар бар. Осы мәселе Қарағанды облысында бірталай уақыттан бері айтылып келген еді. Енді міне, бұл проблема да шешімін тапқан сыңайлы.</p>

Ауыл оқушыларын автобус тасиды

Нақтырақ айтқанда, биыл қыркүйек айының соңына де­йін облыстағы ауыл мектептерін­де жаңа автобустар пайда бол­мақшы. Ал осы айдың 15-іне дейін Абай, Бұқар жырау жә­не Қарқаралы аудандарының ­мек­тептері алғашқылардың бірі болып тасымал көлігіне иелік етеді.

Қарағанды облыстық Бі­лім басқармасының басшысы Гүл­сім Қожахметова Оқу-ағарту министрлігінің еліміздегі мектеп автопаркін жаңарту жө­ніндегі республикалық жобасы аясында лизингтік қар­жы­ландыру есебінен 27 автобус сатып алу жобасының іске асқа­нын мәлім етті.

–  Осы мақсатта «Өнеркә­сіп­­ті дамыту қоры» АҚ мен «Hyun­dai Trans Auto» ЖШС және «QazTehna» ЖШС жет­кізу­ші­лері арасында келісімшарттар жасалды, – деді облыстың бас мұғалімі.

Таяуда Қарағанды облыс­тық білім басқармасының бас­шылығы арнайы көлік қа­был­даудың алғашқы акті­леріне қол қойды. Тиісті құжат­тарды ресімдеу бойынша жұ­мыстар басталып кетті.

Бірден айта кету керек, оқу­шыларды тасуға арналған жаңа автобустар заманауи талаптар­ға толық жауап береді. Олар қауіпсіздік белдіктерімен, мектеп рюкзактарына арналған сөрелермен, есік ашық болған кезінде қозғалысты бұғаттау механизмімен және сағатына 60 шақырым жылдамдық шек­тегішпен жабдықталған.

– Сонымен қатар автобус­тарда мүмкіндігі шектеулі бала­ларға арналған арнайы орын­дықтар да бар. Мұның бар­лы­ғы балаларды мектепке және үйлеріне қауіпсіз тасымалдау­ды қамтамасыз етеді, – дейді Г.Қожахметова.

Атап өтетін тағы бір жайт, облыс бойынша биылғы оқу жылында мектебі жоқ, шалғайда орналасқан 121 елді мекеннің 1 628 оқушысы білім беру нысандарына күн сайын және апта сайын тасымалдаумен қам­тамасыз етілген.

Қарағанды облысы

Бөлісу:
Ауыл оқушыларын автобус тасиды · Соңғы жаңалықтар мен оқиғалар