Экономика
2 мин оқу 230

Өңдеу өнеркәсібінің өрісі кеңейеді

<p style="text-align: justify;">Абай облысында өңдеу өнеркәсібі бағытында 30 инвестициялық жобаны іске асыру жоспарланып отыр. Осы арқылы өңірде 7 мыңдай жұмыс орны ашылады. Бұл туралы Абай облысы әкімінің орынбасары Айдын Кәрімов айтты.</p>

Өңдеу өнеркәсібінің өрісі кеңейеді

Мемлекет басшысы халыққа арнаған биылғы Жолдауында экономиканы дамытудың жаңа кезеңіне ерекше назар аударғаны мәлім. Осы ретте Үкімет шағын және орта бизнестің үлесін арт­тыруға басымдық беруді көздеп отыр. 

Облыс әкімінің орынбасары қазір отандық өндірушілерге шектеу қоймайтын кедергісіз орта құру қажет деп санайды.

«Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорының бұл бағыттағы жұ­мы­сын атап өткен орынды. Мәсе­лен, қордың сатып алу көлемі 4,2 трлн теңгеден асып, бұл шағын және орта бизнесті дамы­ту, жергілікті қам­ту үлесін арттыру және басқа да мүм­кін­діктерді кеңейтуге жол ашады.

Қазір Абай облысында өңдеу өндірісіне байланысты 30 инвес­тициялық жобаны жүзеге асыру жоспарланып отыр. Соған сәйкес 7 мың жұмыс орны ашылады. Оның ішінде биыл 3 жоба қолға алынады. Нәтижесінде, 785 адам жұмыспен қамтылады», деді А.Кәрімов.

Қазір отандық бизнесті дамы­туға арналған мемлекеттік қол­дау­дың көптеген тетігі бар. Мысалы, Үкіметтің бас­тама­сымен қолға алынған ішкі құн­дылықты дамытуға бағытталған бағдар­лама аясында импортты отан­дық өнімдермен алмасты­рып, Қазақстанның тауар өндіруші­леріне қаржылық қолдау көрсету көзделіп отыр.

«Отандық кәсіпкерлер мен та­уар өндірушілерді қолдау – қор­дың негізгі міндеті. Қазақстандық бизнесті тапсырыстар және басқа да қолдау тетіктерімен қамтама­сыз ету мақсатында осы жылы «Атамекен» палатасымен бірлесіп, қордың сатып алу жүйесіне елеулі өзгерістер енгізілді. Отандық та­уар өндірушілерді қолдаудың 10 шарасы айқындалды. Оның ішінде қамтамасыз етуді жою, төлем мерзімдерін азайту, құжаттардың қысқартылған тізбесі және басқа да артықшылықтар қамтылған», деді «Самұрық-Қазына Контракт» ЖШС бас директорының орынбасары Дархан Рамазанов.

Бұл орайда Абай облысының әкімдігі, «Атамекен» ҰКП және «Самұрық-Қазына Контракт» ЖШС арасында үш жақты келі­сімге қол қойылғанын айта кет­кен орынды. Сондай-ақ бірқатар офтейк-келісім жасалды.

Абай облысы

Бөлісу:
Өңдеу өнеркәсібінің өрісі кеңейеді · Соңғы жаңалықтар мен оқиғалар