Аймақтар
2 мин оқу 350

Ардагерлер ардақталды

<p style="text-align: justify;">Биыл Екінші дүниежүзілік соғыстың аяқталғанына 77 жыл, кеңес-ауған соғысының аяқталғанына 33 жыл толды. Гитлерлік Германиямен болған соғыста қан кешкен жауынгерлер осы күні ғасыр ғұмырға таяса, ауған даласында майдандасқан сарбаздардың алды алпысты алқымдап, арты қырықтың қырқасына шығып отыр.</p>

Ардагерлер ардақталды

Кеңес өкіметі құламай тұрғанда болған соғыстар туралы жұрттың пікірі әртүрлі. Алайда майданға аттан­ған жігіттер мен қыздардың ешқайсысы басқыншы болмағаны анық. Олар Отан алдындағы борыштарын үлкен тәуекелмен өтеді. Соғыста ауыр жарақат алып, өмірі­нің соңына дейін мүгедек болып ғұмыр ке­шіп жатқандардың қарасы аз емес.

Осы екі ардагерлер тобына құрмет көрсету мақсатында Алматы қаласы Қоғамдық даму басқармасы мен Social project management орталығы жыл бойы бірқатар жұ­мыс атқарды. «Азаматтық борыш» деп аталатын жобаның аясында қаладағы орталық зиратта жерлен­ген ардагерлердің қабірлерінің ай­на­лысына жөндеу жұмыстарын жүр­гізді. Мұнда ардагерлер жерленген зираттардың нақты саны белгісіз, олар шоғырлана көмілген үш орын бар.

Орталық өкілдері жылдағы дәс­түр бойынша «Мәңгілік алау» ма­ңына гүл шоқтарын қойып, соғыс құрбандарының рухына тағзым етті. Ардагерлердің құрметіне концерт ұйымдастырылып, онда патриоттық әндер шырқалды.

Кеңес-ауған соғысына 22 мың­нан астам қазақстандық қатыс­са, оның екі мыңнан астамы қазір Ал­ма­тыда тұрып жатыр. Олар қала­да­ғы қоғамдық жұмыстар мен іс-шараларға ауық-ауық қатысып тұрады. Жоба аясында ауған соғысы ардагерлері оннан астам оқу орнын аралап, студенттерге өздерінің ақыл-кеңестерін, өсиеттерін айтты. Ол ардагерлердің арасында ауған соғысы мен өзге де әскери қақ­ты­ғыстардың ардагерлері мен мүгедектерін үлестіру кеңесінің, ауған соғысы ардагерлері ұйымы­ның мүшелері де болды. Сонымен қатар үстел теннисінен, қазақ күре­сінен, футболдан турнирлер өтіп, жеңім­паздарға бағалы сыйлықтар мен алғысхаттар ауған соғысы ардагерлерінің қолымен табыс етілді.

Жыл өткен сайын ұлы екінші дүниежүзілік соғыс ардагерлері бар­лық елде азайып келеді. Ал Алматыда небәрі жүз шақты ғана ардагер өмір сүріп жатыр. «Не­ме­неге жетістің, бала батыр, қа­рия­лар азайып бара жатыр», деп Мұ­қа­ғали ақын жырлағандай, енді біраз жылдан кейін олардың бәрі қатарымызда жүрмейтіні ақи­қат. Оларға көзі тірісінде көмек көр­сет­кен­ге не жетсін?! Осыны түсін­ген бір топ ерікті жас елуден астам ар­дагердің үйін аралап, олар­ға азық-түлік қоржындарын үлес­тірді. Кей­бірінің үйлеріне жөн­деу жұ­мыс­тарын жүргізді.

Елімізде ардагерлерге арналған жобалар жеткілікті. Бірақ бұл олар­дың кейінгі ұрпақ үшін жасаған ерліктерімен салыстырғанда мыс­қал­дай ғана нәрсе. Демек біздің олар үшін істер ісіміз риясыз, есепсіз болғаны абзал.

АЛМАТЫ

Бөлісу:
Ардагерлер ардақталды · Соңғы жаңалықтар мен оқиғалар