Аймақтар
2 мин оқу 1,090

«Батырлар мекені» зерттеуге сұранып тұр

<p style="text-align: justify;">Ақсудың Алғабас ауылдық округінің аумағы &laquo;батырлар мекені&raquo; аталып кеткен. Себебі бұл жерде Ер Сырымбет батырдың және Бұқар жыраудың әкесі Қалқаман батырдың зираттары бар. Осыдан біраз жыл бұрын жергілікті өлкетанушылар ауыл маңынан қазақ-жоңғар соғысының қаһармандары Өмірзақ Қойсарыұлының және Өтен Ырыскелдіұлының жерленген орындарын тапқан еді. Жуықта қос батырға ескерткіш тас орнатылды.</p>

«Батырлар мекені» зерттеуге сұранып тұр

Тарихта есімдері қалғанымен, ерлік істері аз зерттелген рухты бабаларымыз Орта жүз Бәсентиіннің Қойсары тармағынан тарайды. Өлкетанушы Берік Ескендіров келтірген деректерге сүйенсек, Өмірзақ батыр 1705-1770 жылдары, ал Өтен батыр 1720-1805 жылдары өмір сүрген. Атақты «Серектас шайқасына», қазіргі Май ауданындағы «Қалмаққырған» жерінде өткен қазақ-жоңғар соғы­сының шешуші кезеңіне бұл ерен күш иелерінің қатысқаны дау­сыз. Себебі батырлардың жерленген зираттары да тарихи шайқас аумағынан аса алыс емес.

XVIII ғасырдың алғашқы шире­гінде Орта жүз руларының жоң­ғар­ларға қарсы азаттық соғысында қазақ қолдары жеңіске жетіп, Сарыарқа, Ертіс өңірі, Қарқаралы, Баянауыл жерлерінен қалмақтар ығыса бастады. Осы кезеңде Малайсары тархан бастаған бәсен­тиін батырлары алдыңғы шеп­те жүргенін тарихшылар аз жаз­ған жоқ. Алаш қайраткері Әли­хан Бөкейханов өзінің Павлодар уезіне қатысты еңбегінде: «Бә­сентиіндердің келуі ХVІІІ ғасыр­дың басына тұспа-тұс. Негізі Бә­сентиін рулары Түркістан жағынан Павлодар уезіне сүйіндіктерден бұрынырақ келген секілді» - деп келтіреді.

Жоғарыда атап өткендей, Өмір­зақ пен Өтен батырлар Бә­сен­тиіннің Қойсары тар­ма­ғы­нан тарайды. Ал Қойсары – іргелі ру Бәсентиннің Жама­най бөлімшесінің бір тар­мағы. Бұл жөнінде тарихшы Салық Зиманов: «Бәсентиін-Бәйім­бет атасы Жаманай, Бейсен секілді екі тармағымен Баянауыл ок­ругінде жеке болыс құраған. Бұл топтың ішінде басқаларға қара­ғанда басымдыққа ие бол­ған Жаманайдың Қойсары тар­мағы» – деп атап көрсетеді. Сол Қойсарының бәйбішесінен Өмір­зақ батыр дүниеге келеді. Ал Өтен Қойсарының екінші әйелінен туған Ырыскелдінің ұлы делінеді.

Жоңғарларға қарсы тойтарыс беруде Қойсарының балалары мен немерелері аса белсенділік та­ныт­қан. Әсіресе жекпе-жек шай­қастарда Өмірзақ батыр жиі көзге түседі.

Жергілікті өлкетанушы Дәурен Аяшинов бұл рудың белгілі адамдарын кеңірек зерттеп, Ақкөл-Жайылма өңірінен «Өмірзақ» көлін тапты. Ал оған жақын орна­ласқан тағы бір көлдің атауы – «Бәсентиін». 1878 жылы жасалған картада осының барлығы анық көрсетілген. Павлодар облыстық мемлекеттік архивінде Өмірзақ Қойсарыұлының өз туысы Өтен ба­тырмен байланысы жайлы құ­жат та сақталған.

Жуықта Алғабас ауылы ма­ңын­да даңқты бабаларымыздың ұрпақ­тарының ұйымдастыруы­мен ескерткіш тас қойылып, батыр­лардың рухына дұға бағышталды. Шара одан соң Еңбек ауылына ойы­сып, дүбірлі тойға ұласты. Бұл жерде ат шабылып, жиналған жұрт аударыспақтан және ұлттық спорт түрлерінен өткен жарыстарда күш сынасты. Атап өтерлігі, Өмірзақ батыр жерленген орыннан 10 ша­қы­рымдай жерде Ер Сырымбет ба­тыр және Бұқар жыраудың әкесі Қалқаман батырдың зираттары бар. Ол аумақтар әзірше қор­шалмаған, тек құлпытастар ғана қо­йылыпты. Болашақта қос батырға ескерткіш орнату жос­парда тұр.

Жергілікті өлкетанушылар­дың сөзіне сүйенсек, батырлар меке­нін тарихи-археологиялық тұрғы­дан зерттесе болар еді. Бұл жерде қазақ-жоңғар шайқасына қатыс­ты талай жәдігер мен батырлар­дың зираттары табылуы мүмкін.

Павлодар облысы

Бөлісу:
«Батырлар мекені» зерттеуге сұранып тұр · Соңғы жаңалықтар мен оқиғалар