Қатталған қала тарихы
<p style="text-align: justify;">Халықтың қалауымен Нұр-Сұлтан қаласы қайта Астана болып бекіді. Бұл да – бір тарихи оқиға. Терең­нен тартсаңыз, талай рет аты жаңарған әсем ша­һарға Астана есімі әр беріп тұрғандай. Айтуға оңай һәм астарлы. Әсіресе жас­тарды ерекше күйге бөлейді. Мұны «Менің қалам­ның тарихы» атты экскур­сиялық көрмеде байқадық.</p>

«Архив және болашақ ұрпақ» жобасының негізінде жүзеге асқан, мектеп оқушыларына арналған көрме көптің көңілінен шықты. Балалар қала шежіресіне қанығып, фотосуреттерді тамашалады. Жалпы, игілікті шараға мұрындық болған Астана қаласының мемлекеттік архиві мен Мәдениет және спорт министрлігінің Архив істері және құжаттаманы басқару комитеті.
Іс-шараның негізі мақсаты – балалардың Отанға деген сүйіспеншілігін ояту. Сондай-ақ елордамыздың қалыптасу тарихымен жақын таныстырып, патриотизмге тәрбиелеу. Расында жастар өздерінің сүйікті қаласының тарихын тереңінен танып түйсінетін болса, өткенге құрметпен қарайтыны анық. Осы орайда ұйымдастырылған көрменің оқушыларға берер құндылығы көп. Өтпелі кезеңдер мен айшықты оқиғалар, сәулет кешендері, ғажайып ғимараттардың бәрі уақыттың жаңғырығы іспетті. Жүрекке жылылық құяды.
Іс-шара барысында оқушылар көрмені қызыға тамашалады. Мамандарға сұрақтар қойып, өздеріне қызық әрі керек ақпараттарға қанықты. Ұйымдастырушылар тарапынан викториналық сауалдарға дұрыс жауап берген оқушыларға «Елорда – Тәуелсіздік символы» атты кітап сыйға тартылды.