Өнер
2 мин оқу 592

Бұлбұл-ғұмыр

<p style="text-align: justify;">Еркеғали Рахмадиев атындағы Мемлекеттік академиялық филармонияның Қазақ оркестрі XXVI концерттік маусым шымылдығын аты аңызға айналған күміс көмей әнші Күләш Байсейітованың 110 жылдық мерейтойына арналған &laquo;Бұлбұл&raquo; атты сазды кешімен ашты.</p>

Бұлбұл-ғұмыр

Жиырма төрт жасында КСРО халық әртісі атанған талантты тұл­ғаның туғанына биыл 110 жыл то­лып отыр. Қазақ операсының не­гізін салушылардың бірі, мем­лекеттік сыйлықтардың лауреаты, көрнекті опера әншісі, драма актрисасы, қоғам қайраткері Күләш Байсейітованың ұлт тарихындағы жолы ерек. Бұлбұл әнші бала ке­зінен-ақ халық әндерін тамаша орын­дап, бойындағы әртістік ше­бер­лігімен көзге түсе бастапты. «Қазақтың бұлбұлы» атанған өнер иесінің ғұмыры бүгінде аңызға айналды.

Ол қазақстандық және шетел­дік операда түрлі образды сом­дады, оның ішінде Евгений Бру­силовскийдің «Қыз Жібек» опе­расында Жібектің, Ахмет Жұ­банов пен Латиф Хамидидің «Абай» операсында Ажар бейне­сін, Петр Чайковскийдің «Евгений Онегин», Джакомо Пуччинидің «Чио-Чио сан» операсында бас­ты рөлдер­ді ойнады. Осы рөлдер ар­қылы Күләш Байсейітова көрер­меннің ыстық ықыласына бөленді.

Аңыз-ғұмырдың мерейтойына арналған «Бұлбұл» концертінің қар­саныңда Қазақ оркестрінің көр­кемдік жетекшісі және бас дири­жері, Қазақстанның еңбек сіңір­ген қайраткері Айтқали Жайы­мовпен аз-кем сұхбаттасқан едік.

«Қазақ оркестрі жаңа маусымды Күләш апамыздың 110 жыл­дық мерейтойына арналған кеш­пен ашты. Ол кісі дүйім жұрт­қа бел­гілі, еліміздің атын асқақ­тат­қан, халық мақтанышына айнал­­ған қайталанбас дауыс иесі. Бұл­­бұл әнші Күләш апамыз 1936 жы­лы қазақ мәдениетінің он күн­ді­­гін өткізу үшін еліміздің өнер­паз­дарымен бірге Мәскеуге аттана­ды. Оның орындаушылық шебер­лігі жоғары бағаланып, жезтаң­дай әншіміз көптің қошеметіне бө­лен­ген болатын. Концертімізді «Бұл­бұл» деп атауымыз бекер емес, себебі әсем үнді Күләш апамыз қалың жұртшылыққа «Бұлбұл» есімімен танылған еді. Кейінгі ұрпақ талантты өнер иесі есімін ешқашан ұмытпайды деп сене­міз», дейді бас дирижер. Сондай-ақ ­ол талантты тұлға­ның репертуары кең әрі бай екенін атап өтті.

«Бір концерт бағдарламасын­да барлық репертуарды орындау мүмкін емес. Күләш апамыз күй анасы Дина шешеймен өте жақсы қарым-қатынаста болған. Сондықтан Динаның «Әсем қо­ңыр» күйін енгізіп отырмыз. Жам­был атаның «Күләшқа» әні, Ев­ге­ний Брусиловскийдің «Қыз Жі­бек» операсынан «Гәкку», Латиф Хамидидің «Қазақ вальсі» мен «Бұлбұл», Мұқан Төлебаевтың «Біржан мен Сара» операсынан айтыс, «Абай» операсынан Ажар ариясы, «Қыз Жібек» операсынан «Шегенің термесі» орындалады. Одан бөлек Күләш Байсейітова Құр­манғазы оркестрімен ты­ғыз байланыста болды. Олар алғаш­қы гастрольдік сапарларға бір­ге барған. Соны ескере отырып, Құр­манғазы бабамыздың «Сарыарқа» күйімен концертімізді аяқтаймыз», деді Айтқали Жайымов.

Айта кетейік, концертте Қазақ­станның Еңбек сіңірген қайрат­кер­лері Арайлым Рахымқызы, Свет­лана Айтбаева, Сүндет Бай­ғожин, Бибігүл Жанұзақ, «Да­рын» мемлекеттік жастар сый­лығының лауреаты Алтынбек Әбіл­да, Халықаралық және рес­­пуб­ликалық байқаулардың лау­реат­­тары Феруза Рахметова, Әйге­рім Аманжолова, Әйгерім Ораз, Талғат Аллабиринов, Ботагөз Тәшімова өнер көрсетті.

Бөлісу:
Бұлбұл-ғұмыр · Соңғы жаңалықтар мен оқиғалар