Қазақстан
3 мин оқу 420

Азаматтық қоғам рөлі талқыланды

<p style="text-align: justify;">Елордада &laquo;Саяси реформаларды жүзеге асырудағы азаматтық қоғам институттарының рөлі&raquo; атты дөңгелек үстел өтті. Дөңгелек үстелдің жұмысына Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлі, мемлекеттік органдар, ЖОО мен еліміздің әр өңірінен келген үкіметтік емес ұйым өкілдері қатысты.</p>

Азаматтық қоғам рөлі талқыланды

Іс-шарада азаматтық қо­ғам институттарының рөлін нығайту мәселелері талқы­ланды. Дөңгелек үстел жұмысын Қазақстанның азаматтық альянсы ұйымдастырды. Жиын барысында сөз сөйлеген Ақпарат және қоғамдық даму министрі Д.Қыдырәлі азаматтық қоғам институттарының қоғамдағы рөліне ерекше тоқталды.

«Өздеріңізге мәлім, Мем­лекет басшысы Қазақстан хал­қына Жолдауында елдегі қоғамдық-саяси реформа­ла­р­дың жаңа бағытын жариялады. Мықты мемлекет орнату үшін мықты азаматтық қоғам орнауы керек. Елімізде сондай-ақ үкіметтік емес ұйымдарға ерек­ше мән беріліп жатыр. Осы орай­да, заңнамалық тұрғыда аза­­мат­тық қоғамға серпін бере­тін қадам жасалды деп есеп­тейміз.

Сондықтан Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі де бұл бағытта ауқымды шаруа атқарып жатыр. Оның бірін­ші­сі заңнамаға қатысты. Қазіргі таң­да бірнеше заң жобасы қара­лып жатыр. Азаматтық қоғам өкілдерімен бірлесіп құжат­ты жетілдіреміз», деді Д.Қыдырәлі.

Осы орайда, «Қазақстан Респуб­ликасының кейбір заңна­малық актілеріне қоғамдық бірлестіктер мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы тұжырымдамасының жобасы мақұлданғанын айта кеткен жөн. Оған қоса, «Қазақстан Рес­публикасының кейбір заңна­малық актілеріне волонтерлік қызмет, қайырымдылық, мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс және үкіметтік емес ұйымдарға арналған гранттар мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң қабылданды.

«Заңнаманы жетілдіру шеңберінде, үкіметтік емес ұйым­дарды гранттық қаржы­ландыру жүйесі қайта жасалды. Елдегі үкіметтік емес секторды дамытудың жаңа векторын қамтитын азаматтық қоғамды дамытудың 2020-2030 жылдарға арналған тұ­жы­­рымдамасы – басты стра­те­гиялық құжат қабылданған. Со­ның аясында бірқатар ауқымды жоба жүзеге асырылып жатыр. Сол іс-шаралардың бел ортасында Азаматтық альянс елге танымал азаматтардың басын қосып жүр», деді Д.Қыдырәлі.

Ведомство басшысы Қазақстанның азаматтық альянсы қоғамдық бастамаларды тиімді үйлестіріп жүргеніне назар аударды. Сондай-ақ министрліктің бұл бағыттағы жұмыстарға қолдау көрсетуге әзір екенін жеткізді.

Қазақстанның азаматтық альянсының президенті Бану Нұрғазиева атап өткендей, бүгінде Қазақстан алдында тұрған міндеттер мемлекет пен үкіметтік емес ұйым­дар­дың өзара іс-қимылын күшей­туді, азаматтық қоғам инсти­тут­тарын жүйелі түрде қайта жүк­теуді талап етеді. Рефор­маларды дайындау мен іске асыруға қоғамдық ұйымдар мен белсенділерді неғұрлым кең тарту қажет.

«Мемлекет басшысы аш­қан және қоғам қолдаған ел тарихының жаңа беті – жаңа Қазақстан, Екінші Республика жаңартылған Азаматтық қо­ғамды да талап етеді. Бас­қа­рушылық шешімдер қабыл­­дауға әркімнің барынша тар­тылуын қамтамасыз ету қажет, қазақстандықтар ел үшін өз жауапкершілік дәре­жесін түсінуі тиіс. Бірақ бұл азаматтардың білім және мә­дени деңгейін арттыру қажет», деді Б.Нұрғазиева.

Іс-шара аясында ынты­мақ­тастық туралы бірнеше мемо­рандумға қол қойылды. Дөң­гелек үстел барысында Адам құ­қықтары жөніндегі уәкіл Эльвира Әзімова, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының орынбасары Дмитрий Малахов, Л.Н.Гу­милев атындағы Еуразия ұлт­тық университетінің басқар­ма төрағасы-ректор Ерлан Сыдықов, «Қазақстан халқына» ҚҚ басқарма төрағасы Болат Жәмішев пікірін ортаға салды.

Іс-шара Қазақстан Рес­пуб­ликасы Ақпарат және қоғам­дық даму министрлігінің қол­дауымен «Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы» КЕАҚ-ның «Үкіметтік емес ұйымдарды қолдауға арналған республикалық азаматтық орталық» гранттық жобасы шеңберінде өтті.

Бөлісу:
Азаматтық қоғам рөлі талқыланды · Соңғы жаңалықтар мен оқиғалар