Спорт
2 мин оқу 220

Арулар – Азия чемпионы

<p style="text-align: justify;">Талдықорғанда көгалдағы хоккейден жасөспірім қыздар арасында алтыншы мәрте ұйымдастырылған Азия кубогы мәресіне жетті. Биылғы Сары құрлық бәсекесінде Қазақстан құрамасынан бөлек, қытайлық Тайбэй, Өзбекстан, Индонезия, Гонконг және Тәжікстан спортшылары бақ сынады.</p>

Арулар – Азия чемпионы

Олимпиадалық спорт түріне енетін көгалдағы хоккей  спорты кейінгі жылдары Қазақстанда қарқынды дамып келеді. Азия чемпионаттарында жүлде салып жүрген ұлттық құрама өкілдері әлемдік деңгейдегі жарыс­тарда да лайықты өнер көрсетіп жүр­генін жанкүйерлер жақсы біледі. Енді, міне, жастар құрамасы да үзіктер қатарынан көрініп, Азия кубогында алғаш рет топ жарды. 

Орталық және Оңтүстік Азия­ның алты құрамасы өнер көрсет­кен Талдықорғандағы тартыс­ты бәсе­келерде Қазақстан құра­ма­сы­ның қыз­дары топтық кезеңде тек қытайлық Тайбэй спортшы­ла­рына ғана жол беріп (финалда дәл осы құраманы жеңді), қал­ған ойын­дар­дың барлығында қар­сыласын қапы қалдырып, Азия кубогының жеңім­пазы атанды.

Атап айтқанда, жерлестеріміз құрлық бәсекесінің топтық кезең­дегі алғашқы турында Тәжік­стан құ­рамасын 18:0 есебімен тізе бүк­тірсе, кейінгі ойында Индо­­незия хоккейшілерінен басым болды – 5:0.  Үшінші турда қы­тайлық Тай­бэйден 0:2 есебімен же­ңіліп қалған жерлестеріміз кейінгі екі матч­та Гонконг (7:0) пен Өзбекстан құра­ма­ларын (2:0) жеңіп, финалдық сайыс­қа жолдама алды.

Әр төрт жылда бір рет өткізі­летін Азия кубогының биылғы финалында топтық кезеңде ең көп ұпай жинаған Қазақстан мен қытайлық Тайбэй құра­малары шығып, отандастарымыз 7:2 есе­бімен жеңіске жетіп қана қой­май, осы жарыстағы есесін қайтар­ды. Ал үшінші орын үшін өткен бәсе­кеде Өзбекстан спортшы­лары Индо­незияны жеңіп, Азия кубогының қола жүлдегері атанды. Бұған дейін ұйымдастырылған жастар арасындағы Азия кубогы бәсекелерінде қытайлық Тайбэй құрамасы (2003, 2011, 2014) үш рет жеңімпаз атанған болса, Ма­лайзия (2007) мен Сингапур (2019) спортшылары бір-бір мәрте үздік шыққан-тын.

Сондай-ақ жарыс қорытын­дысы бойынша, қытайлық Тай­бэй өкілі Хуан И-Чунь Азия ку­бо­гының үздік сұрмергені, ал Ван Ю-Чин үздік ойыншы атанды. Сондай-ақ Қазақстан құра­ма­сының бас бапкері Нұржан Бей­бітов турнирдің ең үздік жат­тық­­тырушысы атағына ие болса, Ділназ Олжабаева ең үздік қақпашы аталымында топ жарды.

Бір аптаға жалғасқан жарыстың жабылу салтанатына Талдықорған қаласы әкімінің орынбасары Диас Ахмет­қалиев, Жетісу облыстық спорт басқармасының басшысы Алмат Үшкемпіров, Қазақстан хоккей феде­рациясының президенті Берікқазы Сексенбаев, вице-президенті Махмұд Орман, федерацияның бас хатшысы Серік Қалымбаев және тағы басқа шет мем­лекеттерден келген лауазымды тұл­ғалар қатысып, жарыс жеңімпазы мен жүлдегерлерін марапаттады.

Бөлісу:
Арулар – Азия чемпионы · Соңғы жаңалықтар мен оқиғалар