Қоғам
1 мин оқу 500

«Қорқыт ата» телехикаясы қанат қақты

<p style="text-align: justify;">Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлі Алматы облысында түсіріліп жатқан &laquo;Қорқыт ата&raquo; телехикаясының түсірілім алаңына барды. Тарихи туындыны &laquo;Қазақстан&raquo; телерадиокорпорациясы мен Өзбекстан Республикасының &laquo;Кинематография агенттігі&raquo; бірлесе түсіреді.</p>

«Қорқыт ата» телехикаясы қанат қақты

Түркі әлеміне ортақ «Қорқыт ата» теле­хикаясының сценарийі өткен жылы жазылып, биылғы жылдың 5 қазанынан түсірілім жұмыстары  басталды. Тарихи туынды ­ 4 бөлімнен тұрады.

«Дала абызына қатысты аңыздардың көпшілігі қазақ даласында сақталған. Өз­дерінің түп-тамырын, шығу тегін Қор­қытпен байланыстыратын ха­лықтар көп. Сондықтан бұл телехикая халықаралық нарықта танымал жоба болатынына се­неміз. Ең алдымен, өз тұлға­ла­рымызды дәріптеуде осындай телехикаялардың маңызы зор», деді министр Д.Қыдырәлі.

Министр түсірілім тобына Халықара­лық Түркі академиясы зерттеушілерінің Алтайдың Қарақаба жазығынан тапқан V-VІ ғасырға тиесілі қобызды пайдалануды  ұсынды. «Қазақстан» республикалық теле­радио­корпорациясының басқарма төр­айымы Ләззат Та­нысбайдың айтуынша, бұл Ұлттық арнаның өзге мемлекетпен бірлесе қолға алған алғашқы телехикаясы.

«Біз үшін алғашқы тәжірибе және алғаш рет өндіріс ұзақ мерзімге созылып отыр. Қараша айында Өзбекстанның Бұхара қала­сында түсірілімдер бас­талады. Сериалдың экрандалуы 2024 жылға жоспарланған», деді басқарма төрайымы.

Жоба продюсері бұған дейін «Qazaqstan» ұлттық телеар­на­сындағы жоғары рей­тинг­ті «Ауыл мұғалімі», «Шырағым», «Шаб­далы18» телехикаяларына жетекшілік еткен Шолпан Батырбаева, режиссері Қанағат Мұстафин. Қ. Мұстафин алғаш­қы отандық 100 бөлімді телехикая «Қара шаңырақ» сериалының режиссері ретінде танымал.  Жобаның тарихи кеңесшісі – этнограф Берік Жүсіп. Редакторы – Болат Жетекбай. Қорқыттың әр кезеңдегі рөлдеріне Дінислам Нұрмағамбет, Әділ Ахметов және Айдос Бектемір бекітілді.

о

Бөлісу:
«Қорқыт ата» телехикаясы қанат қақты · Соңғы жаңалықтар мен оқиғалар