Аймақтар
3 мин оқу 394

Қарт Қожа туралы хикая

<p style="text-align: justify;">Қостанайда Ыбырай Алтынсарин атын&shy;дағы балаларға арналған үздік әдеби шығар&shy;малардың республикалық байқауы қоры&shy;тындыланды. Облыстық мәдениет бас&shy;қар&shy;масының ұйымдастыруымен биыл екінші рет өтіп отырған байқауға Астана, Алматы қалалары мен Шығыс Қазақстан, Қарағанды, Солтүстік Қазақстан және Қостанай облыстарының жас қаламгерлері қатысты.</p>

Қарт Қожа туралы хикая

Ұйымдастырушылардың айтуынша, биылғы Балалар жылына орай, байқауда кішкентай оқырмандарға арналған үздік шығармалар және жасөспірімдерге ар­налған үздік шығармалар деген екі аталым бойынша сыйлық тағайындалған. Мұның сыртында, бір арнайы сыйлығы тағы бар. Қазылар алқасы байқауға келіп түскен материалдарды жабық түрде оқып шыққан.

– Автордың аты-жөні көрсетілмеді. Қазылар жұмыстарды бағалап, қоры­тын­дысын бізге ұсынды, – деді облыстық мәдениет басқармасының басшысы Ерлан Қалмақов.

Қазылар алқасы қазақ тіліндегі екі номинацияны да Алматы қаласынан келген Мейіржан Жылқыбайға беруді ұйғарыпты. «Менің атам – Қожа» және «Шуақ» деген екі әңгімесін байқауға тапсырған жас жазушының бас жүлдесін өңірге арнайы жұмыс сапарымен келген Жазушылар одағының басқарма төрағасы Ұлықбек Есдәулет тапсырды.

Автордың айтуынша, алғашқы әңгі­месі Бердібек Соқпақбаевтың әйгілі шығар­масындағы Қожа қартайғанда кім болар еді, оның немерелері қандай бала болып шығар еді деген оймен жазылған. Жеңімпаздың шығармасы да, шығармашылыққа келу тарихы да қызық.

– 13 жасымда көлік қағып кетіп, бір жыл ауруханада жаттым. Төбеге жай қарап жата бергенше кітап оқиын деп ойладым. Осылайша, ағылшын жазушысы Алан Милннің «Винни-Пухын» оқи бастадым. Бұл кітаптың ұнағаны соншалық, оқып біткеннен кейін «Неге маған да осындай сүйкімді кейіпкерлер туралы шығарма жазып көрмеске» деген ой келді. Осылайша, тәуекел деп қолыма қалам алдым, – дейді Мейіржан Жылқыбай.

Кейін Мейіржанның қолжазбасын та­уып алған анасы қуанып, ұлының әңгіме­сін мектептегі ұстаздары мен құрбыла­ры­на көрсетеді. Қолжазба сөйтіп жүріп бір күні Дулат Исабековтің қолынан бір-ақ шы­ғып, ақыры әйгілі жазушының алғысөзімен кітап болып басылып шығады.

Автор бүгінде IT саласында жұмыс істейді: веб және андроид қосымшаларын жасайды. Компьютер техникаларын жөн­дейтін шеберханасы да бар. Жас қалам­гердің қазіргі балалар әдебиеті туралы пайымы да бөлек.

– 2017 жылы «Батыр қоян» деген кіта­бым Оңтүстік Кореяда төрт тілде ба­сы­лып шықты. Сол кезден бері қазақ бала­лар әдебиетінің өткені мен бүгіні, ке­ле­шегі туралы көп ойланатын болдым. Ме­нің түсінгенім, бізде контент тұтыну мә­де­ниеті әлі дами қоймаған. Мен көрген Корея­мен салыстыруға мүлде келмейді. Бізде жетіспейтін бір нәрсе – маркетинг жоқ. Яғни жазушы өзінің туындысын өнім деп, ал оқырманды өзінің клиенті деп қарамайды. Көбіміз не жазғымыз келеді, соны жазып жүрміз. Үлкен қателігіміз де осында. Ал оқырман не оқығысы ке­леді? Онымен санасып жатқан жоқпыз. Содан кейін жастар кітап оқымайды деп ренжиміз. Көбіне кітап пен кітапты, жа­зушы мен жазушыны ғана салыстырып, жарыстырып қоямыз. Ал негізі, кітап­қа интертеймент, яғни біз­діңше айт­қанда, ойын-сауықтың бір түрі ретінде қа­рау керек. Мәселен, қазір бала­қайлар бас алмай қарайтын шетелдік мульт­фильм­дер де ойын-сауықтың бір түрі. Біз сол мультфильмдердің авторлары қол­­­данған аналитикалық амалдарды шы­ғар­­машылыққа да қолдануымыз керек. Қара­пайым ғана мысал айтайын, үйінде кіш­кентай қыздары барлар біледі, «Лол» деп аталатын қуыршақ шығаратын MGA Entertainment деген компания бар. Былай қарасаң, түкке тұрмайтын кішкентай ғана ойыншық, бағасы 30-40 мың теңгеге дейін барады. Бағасы удай болса да, жұрт баласы үшін сатып алып жатады. Ал олар не істейді? Олар ойыншықтың үлгісін жа­самас бұрын балаларды қызықтыра ала­тын нендей дүниелер бар екенін анық­тап алады. Осы амалдарды әдебиетте неге қол­данбасқа? – дейді Мейіржан Жылқыбай.

Байқауға Қарағанды облысынан қа­тысқан Елена Пономаренконың «Опа­лен­ное детство» әңгімелер жинағы орыс тіліндегі үздік шығарма аталымы бойынша жеңімпаз атанды.

Қостанай облысы

Бөлісу:
Қарт Қожа туралы хикая · Соңғы жаңалықтар мен оқиғалар