Бәсекелестікті арттыратын жоба
<p style="text-align: justify;">Қазақ Ұлттық аграрлық зерттеу университетінде ЕМВА/МВА бағдарламасы ашылды. Азық-түлік өнімдерін өндіру, қайта өңдеу, агробизнес және ауыл шаруашылығы кәсіпкерлігі саласында мамандар мен кәсіп­кер­лерді даярлауға бағыт­талған инновациялық жоба­ның ашылу салтанатына қатысқан Ауыл шар­уа­шылығы министрлігі Ұлтт­ық аграрлық ғылыми-білім беру орталығының басқарма төрағасы Дархан Балпанов уни­вер­ситеттің алғаш­қы­лар­дың бірі болып ен­гізіп отыр­ған бас­тамасына қолдау көр­сетті. Ол тың бағыт жо­ға­ры білім берумен қатар, ғы­лым­ды дамытуға, биз­несті және жалпы ауыл шаруа­шы­лы­ғын өр­кен­детуге зор ықпал ете­ті­ні­не сенім білдірді.</p>

Заманауи мүмкіндіктерді игерген шетелдік және отандық бизнес-тренерлердің қатысумен жүзеге асатын инновациялық жоба бизнес-білім беру нарығында бәсекеге қабілеттілікті арттыру мен әлемдік тәжірибелерді қолдануды мақсат етеді. Өз кезегінде ҚазҰАЗУ басқарма төрағасы – ректордың міндетін атқарушы, академик Қанат Тіреуов ЕМВА/МВА бағдарламасы Қазақстанда, Орталық Азия елдерінде агросектор мамандарын даярлау және ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірумен, экспорттаумен және азық-түлік өнімдерін өңдеумен айналысатын жұмыс берушілермен тығыз байланыс орнату бағытындағы бағдарлама екенін атап өтті.
Осы орайда АҚШ-тың Алматыдағы Бас консулы Кэролайн Сэвидж ауыл шаруашылығы жақсы дамыған штатта туып-өскенін және азық-түлік өндіру мәселесінің әлемдік деңгейдегі проблема екеніне тоқталып, ЕМВА/МВА аясындағы жаңа бастама агросектордың дамуына, осы салада еңбек ететін білікті, кәсіби мамандар даярлауға мүмкіндік беретінін жеткізді.
Профессор Рафис Абазов бағдарламаның әлемдік бизнес – білім беру кеңістігіне интеграциялануы, ауыл шаруашылықты өңірлерде агробизнес және кәсіпкерлік саласындағы бағдарламаларды дамыту, іске асыру, отандық және халықаралық бизнес – білім беру нарығында бәсекеге қабілеттілікті арттыруды қамтамасыз ету мен заманауи технологияларын меңгерген кәсіби басқару кадрларын даярлаудағы мүмкіндіктеріне тоқталды.
Жиын барысында, сонымен қатар БҰҰ-ның Қазақстандағы ақпараттық кеңсесінің директоры Властимил Самек, Түркияның Алматыдағы Елшілігінің вице-консулы Шермин Текин, Франция-Қазақстан СӨП Бас директоры М.Артықбекова, Медеу ауданы әкімінің орынбасары А.Нұрлыбаев, «Sanaly Urpaq» республикалық жобалық кеңсесінің басшысы Қ.Токушев, Алматы қалалық «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының директоры А.Қошмамбетов қатысып, пікір білдірді.
Мамандар бағдарлама аграрлық секторда жаңа үлгідегі басқарушыларды даярлауға септігін тигізетінін жеткізді. Алдағы уақытта Польша, Қытай, Нидерланд, Түркия және АҚШ-тан халықаралық жаттықтырушылар мен оқытушылар шақырылады.
АЛМАТЫ