Білім
2 мин оқу 320

Техник мамандардың көкжиегін кеңейтетін бағдарлама

<p style="text-align: justify;">Биыл Мемлекет басшысының &laquo;Болашақ&raquo; бағдарламасын қайта бағдарлау туралы тапсырмасына сәйкес бірқатар жұмыс атқарылды. Бұл жөнінде Орталық коммуникациялар алаңында &laquo;Халықаралық бағдарламалар орталығы&raquo; АҚ басқарма төрағасы Әнуар Жанғозин кеңінен мағлұмат берді.</p>

Техник мамандардың көкжиегін кеңейтетін бағдарлама

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жоғары білім беру саласында техника­лық мамандықтарға басымдық беруді тапсырған еді. Бұл міндет «Болашақ» бағдарламасын қайта бағдарлау барысында да ескерілді.

– IT және инженерлік мамандық­тарға гранттар саны өткен жылмен са­лыстырғанда 36 пайыздан 60 пайыз­ға дейін ұлғайтылды. Жоғары оқу орын­дарының тізіміне 23 жетекші техни­калық университет енді. Жалпы, бұл тізімг­е әлемнің 26 елінен 236 үздік жо­ғары оқу орны кіреді. Биыл 14 қазан­да «Болашақ» бағдарламасы бойынша құжат қабылдау аяқталды. Оның қорытындысында өтінімдердің көбі техникалық мамандықтар бойынша түскен. Сонымен қатар Мемлекет бас­шы­сының тапсырмасымен алдағы уақытта инженерлік-техникалық ма­ман­дар үшін арнайы жеңілдік санатын енгізу жоспарда бар. Техника­лық мамандықты таңдаған үміткерлер құжат тапсырғанда ЖОО-дан шақыруды ұсынуға міндетті болмайды, – деді Ә.Жанғозин.

Оның айтуынша, техника мамандары мемлекеттік тілден емтихан тап­сырғанда нәтижесі кемінде В1 ҚАЗТЕСТ сертификаты болуы керек. Ал шет тілден нәтижесі 9,0 балдан кемін­де 5,0 балл IELTS сертификатын тап­­сырады. Жеңілдігі бар үміткерлер дип­­ломының орташа балы – GPA 4,00-тен кемінде 3,00 болуға тиіс.

Сондай-ақ Халықаралық бағдарла­малар орталығының бастамасымен «Болашақ» стипендиясы аясында медицина қызметкерлеріне қойы­латын талаптарды жетілдіру қарас­тырылып отыр.

– Статистикаға сүйенетін болсақ, кадрларды даярлаудағы негізгі мәселе – шет тілін меңгеру деңгейінің төмендігі. Денсаулық сақтау қызметкерлері үшін мүмкіндіктерді кеңейту және қызы­ғу­шылығын арттыру мақсатында арнайы жеңілдік санатын енгізуді қарас­тырып отырмыз. Оларға бір жылдық тіл­дік дайындықтан өтіп, стипендия таға­йындалғаннан кейін шетелдік университетке түсу мүмкіндігі беріледі. Айта ке­терлігі, бұрын жеңілдік тек ауыл­дық жер­лерден келген үміткерлерге қарас­тырылатын. Алдағы уақытта ауыл­дық үміткерлер үшін де мүмкін­дік­тер­ді кеңейту жоспарда бар. Атап айт­қанда, оларға ағылшын тілінен IELTS емти­ханының балы 6,0 балдан 5,0 бал­ға дейін төмендетіледі. Бұған қоса бір жыл­дық тілдік дайындықтан өту мүм­кін­дігі беріледі, – деді орталық басшысы.

Ал тағы бір өзгеріске келетін бол­сақ, алдағы уақытта «Болашақ» сти­пендиясын қоса қаржыландыру ме­ханизмін іске қосу жоспарланып отыр. Яғни үміткерде жоғары оқу орнынан, жұмыс берушіден немесе демеушіден үздік шетелдік университетте оқуға грант болса, бағдарлама екі жаққа ұшып қайтуды, визалық алымдарды, ме­ди­циналық сақтандыруды, ай сайынғы сти­пендияны және оқу материалдарын сатып алуға жәрдемақыны өтейді. Сонымен қатар еңбекпен өтеу мерзімі 1 жылға дейін азайтылады.

Ә.Жанғозиннің айтуынша, қазіргі таңда Fortune-500 әлемдік деңгейдегі үздік компанияларда тағылымдама­дан өту үшін еңбекпен өтеу мерзімін шеге­руге қатысты өзгерістер де қарас­тырылып жатыр.

Бөлісу:
Техник мамандардың көкжиегін кеңейтетін бағдарлама · Соңғы жаңалықтар мен оқиғалар