Қоғам
3 мин оқу 250

Көгілдір отынды үйге қосудың қиындығы

<p style="text-align: justify;">Жетісулықтар &laquo;әне келеді, міне келеді&raquo; деп көгілдір отынды құтты қонақтай күтіп жүр. Мердігер компаниялар құбыр тартуды межелі күнге дейін бітіргенімен, атқа&shy;рылған істен шикіліктер шыға береді. Мәселен, Талдықорған қалалық газ желі&shy;лерінің 80 пайызы тексеріліп, газ кемуіне қатысты 19 факті анықталды. Ал газды тұрғындар үйге тартайын десе құны қымбат. Халық жергілікті әкімдікке наразы.</p>

Көгілдір отынды үйге қосудың қиындығы

Өткен бес жылда газға қол жеткізе алатын талдықорғандықтар­дың тек жартысы ғана көгілдір отынға қосылған. Бұл – 30 мың абонент, яки тұр­ғындардың 55 пайызы ғана. Қала тұрғын­дарымен кездесуде облыс басшысы Бейбіт Исабаев бұл істің баяу жүруіне газға қосу құнының жоғары болуы себеп болып отырғанын жеткізді. Бүгінде қазандық пен жиынтықтар құны­на байланысты газ қостыру 700 мың тең­геге дейін барады. Мұны естіген халық әбігерге түсуде.

«Залда мердігер компаниялардан келген өкілдер бар ма? Қазандықты есепке алма­ғанда газға қосылу құны неге қым­бат, соны түсіндіріп беріңіздерші?» деп сұрады Б.Исабаев. Оған залда отырған «Дат Континенталь» ЖШС өкілі Алмас Смағұлов жиынтықтардың, соның ішінде құбыр бағасының өсуіне байланысты екенін жеткізді.

«Ал біз проблемаға басқа қырынан қа­раймыз. Әрине, қазандықтың, жиынтық­тардың бағасы өскенін түсінеміз. Бірақ газға қосу жұмыстарының бағасын қолдан өсіруге болмайды. Сметалық есептерге сәйкес ол қазандық пен жиынтықтар­ды қос­пағанда 170 мың теңгеден аспауы керек. Тұрғындарға әділетті баға ұсы­нылуы керек. Олай болмаған жағдайда қала­ны газдандыру жұмысы «Жетісу Газ Сер­вис» МКК-ға берілетін болады. Оған қоса «ҚазТрансГазАймақ» АҚ халыққа көрсететін қызмет механизмдері мен мер­зім­дерін жедел түрде қайта қарауға тиіс. Өйткені компания тарапынан істі созбаққа салған жағдайлар аз емес. Рұқсат алу процедурасы 3-4 айға созылып кетеді, мұндайға жол беруге болмайды», деді Б.Исабаев.

Осы ретте қала әкімі Әсет Маса­баев пен Бәсекелестікті қорғау мен дамыту депар­таментіне тиісті тапсырма­лар берді. Сондай-ақ қала әкіміне «Қаз­ТрансГазАймақ» АҚ-мен бірлесіп, қолда­ныстағы газ құбырларының техникалық жағдайын тексеру мен диагностика­лау жұмыстарын жылдам аяқтауды мін­дет­теді. Қазір газдың мөлшерден аз болуы жиі байқалады. Тұрғындар қақаған қыста үйден жылу қаша ма деп алаңдайды. Егер құ­рылыс жұмыстарының сапасыз атқа­рылу фактісі расталған жағдайда мердігер компанияларға талап қойылмақ. Бұл тізім­де «МВК-Құрылыс», «Ақниет-БН», «ТурГаз» ЖШС-лары бар.

Жетісу облысы әкімінің баспасөз қыз­метінің мәліметіне сүйенсек, қараша айының соңына дейін «Үйтас» саяжайына, «Экспедиция» және «ИЖС 3-бөлім­ше» тұрғын үй алаптарына көптен күткен көгіл­дір отын беріледі. Сондай-ақ келер жылы «Жастар-2» тұрғын үй алабы мен (295 млн теңгеге) Ынтымақ елді меке­нінде (1,4 млрд теңгеге) жүргізіліп жат­қан газ құбырының құрылысы аяқта­лады. Сол сияқты 2023 жылдың ІІ тоқса­нында қаланы газдандырудың негізгі жоба­сына кірмеген учаскелерде газ тарату желісінің құрылысы басталады. Атап айт­қанда, бұл жұмыстар 6, 7-шағын аудан­дарда, «Плодопитомник», «Агропромыш­ленник», «Жастар-1/1» тұрғын үй алаптарында, Мойнақ ауылында атқарылады. 

«Менің тапсырмаммен қалған 8 елді мекенге, нақтырақ айтқанда «Алмалы», «Ащыбұлақ», «Мерекелік», «Сарыбұлақ», «Қызыл тас», «Балықты», «Қаратал» саяжайларына және «ИЖС 1-бөлімше» тұрғын үй алабындағы құрылыс жұ­мыс­тарына қатысты жобалық-сметалық құжат­тарға қажетті есептеулер жасалып жатыр. Сөйтіп, 2025 жылы қаланың елді мекендерінің барлығы газдандырылады», деді Б.Исабаев.

Жалпы, облыс орталығына газ 2017 жылы жеткізілген. Қазіргі кезде қаланы газ­дан­дыру жұмыстары негізінен аяқтал­ды. Көгілдір отынға тұрғындардың 90 па­йы­зының қосылуына мүмкіндік жасалған.

Жетісу облысы

Бөлісу:
Көгілдір отынды үйге қосудың қиындығы · Соңғы жаңалықтар мен оқиғалар