Әдебиет
2 мин оқу 472

«Сұрасаң біздің ауыл Пістеліде»

<p style="text-align: justify;">Автобиографиялық жанрдағы кітаптар шынайылығымен, қалтарыс-бұлтарыстағы автордың шешімтал көзқарасы, қайталанбас сезімімен жанды баурайды. Қаламгердің жеке өмірін қаузап, сырттай бақылап қағазға түсірген еңбегі оқырманға қызықты әрі шытырман. Толстойдың &laquo;Балалық шағы&raquo; мен Гетенің &laquo;Өз өмірімнен: Поэзия мен шындығы&raquo; &ndash; әлем әдебиетінің асыл жауһарлары. Ал отанымыздағы Мұхтар Мағауиннің &laquo;Мен&raquo; романы және Қабдеш Жұмаділовтің &laquo;Таңғажайып дүниесі&raquo;, Әзілхан Нұршайықовтың &laquo;Мен және менің замандастарым&raquo; романдары жеке тақырыпқа жүк. Мархабат Байғұттың &laquo;Ақтолғай&raquo; автобиографиялық эсселер жинағы &ndash; жазушы өмірінің сан түрлі қатпарларынан тіл қатқан құнды шығарма.</p>

«Сұрасаң біздің ауыл Пістеліде»

Қазақтың Тәкен Әлім­құ­ловы: «Мархабат – тұңғыш әңгімелер жинағымен-ақ танылып үлгерген жазушы... «Оң­түстік Қазақстан» газетінде істей жүріп, неғұрлым нақ­ты­лыққа, қысқалыққа машық­танған. Көркем туындылары өз табиғатынан бастау ала­ды. Тәржімашылдығы да тән­ті етеді», депті. Осы бір пікір­ге «Ақтолғай» кітабын оқып болып келісесіз, бас изей­сіз. Тіпті біршама уақытқа дейін Мархабатша ойланып, Мархабатша қысқа да нұсқа, әзіл шыны аралас сөйлеп жүре­сіз. Жазушының ауыл мәде­ниетін сезінуі, ауыл адамдары­ның түрі мен түсін өрнектеуі тіптен бөлек. Күлдіре отырып жылату, жылата отырып жұба­ту қаламгердің дегдар таланты­ның бір көрінісі. Жинақтың «Қарагерлер» бөлімінен мысал келтірелік: «Жуалы асып, Көсегенің көк жонын кезіп, көкпар іздеген. Билікөлдегі бө­лелерін қайрапты. Балықты­су бойындағы қыстауларына бір­жолата қоныстанып қал­ған қарашекпенділерге тісін қайрапты. Қайран қайда?! Билікөліңіз бүк түскен. Бас көтерер бір жан жоқ. Жер шұқылайды бәрі». Осы бір сөйлемдерден еліктірме ше­берлік, күрделі сөз қолданыс байқалады. Бейнебір Асқар Сүлейменов, Тәкен Әлім­құ­ловтай көсіп-көсіп, тотияын тілімен діттеген ойын оқыр­ман санасының тұғырына қон­дырады. Мәдениеті бөлек, мінезі өзге. Дулат Исабеков: «Мархабаттың басқалардан ар­тықшылығы – ол өз кейіп­керлерінің қалың ортасынан алыстаған емес», дейді. Ра­сында, кейіпкерлермен бірге өмір сүру, қайнаған өмір «дом­насының» ішінде әр адамның жанына үңілу, сыры мен сынына сәт сайын кезігіп отыру – жазушы шығармаларының шынайылығын арттырып, талантын шынықтыра түскен.

«Ақтолғай» жинағында «Құрылысбаттағы қорлықтар» атты бөлім ұшырасады. Жазу­шы әскери жылдарында көр­ген қиыншылықтары мен адам жанының күйзелген, күңіренген кейпін сондағы түрлі ойлар мен сезімдер арқылы жеткізген. Сібірде жүріп шынығып, катор­гада болған Достоевский се­кілді тұрмыс тауқыметін тарт­қан. Сірә, шын жазушы үшін өмір қойнауына ену, мехнаты мен жарығын қатар көру үл­кен мазмұн қалыптастыру­ға сеп бол­мақ. «Жазушы болу үшін бақыт­сыз балалық шақ ­керек» де­ген сөздің түбірі те­рең. Кі­тапта жазушы өзі туған Піс­телі ауылының айшықты кел­­бетін танытады. «Сұрасаң біз­дің ауыл Пістеліде» деген қалам­гер Пістелісайда өсетін тау­піс­тесін (жаңғақ тұқымдас же­міс ағашы), Аққұзар жақ­тағы до­ланалы беткейін, Бөкей­тау­дағы көкемарал мен киік­отын тебі­рене суреттейді. Сірә әр жазу­шының бір жұмақ ме­кені бар. Тол­стойда Ясная Поля­нада болса, Баль­закта хан сарайына бер­гісіз жалдамалы жұпыны пәтері, Чеховтың ең атақты туындыларын жазған Мелиховасы бар.

Мархабат Байғұт болмысы – көпшілік ортада жаны азапталатын, жалғыздық бағында жаңа бүрлеген ойын сан рет қайталап, өз әлемінде ғана ты­ныштық табатын парасатты, айқайдан алыс абзал болмыс. «Ақтолғай» жинағында «Дат қазақтар» деп ұлтқа дат айтып, қоғамның келеңсіздіктеріне ашынады. Кетеуі кеткен мәсе­лелерді қырнап, ел бола­шағын бағамдайды. Қорыта айтқанда, «Ақтолғай» жинағы өзін іздеген әр оқырман үшін жолбелгі болуға даяр бағалы дүние.

Бөлісу:
«Сұрасаң біздің ауыл Пістеліде» · Соңғы жаңалықтар мен оқиғалар