Әлем
3 мин оқу 371

Дипломатиялық қатынасты нығайтқан тұлға

<p style="text-align: justify;">Күздің соңғы күні Қытай Халық Республикасының бұрынғы басшысы Цзянь Цзэминь 96 жасында қайтыс болды. ҚХР Төрағасы Си Цзиньпинге көңіл айту жеделхатын жолдаған Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Цзянь Цзэминьді &laquo;Қытайдың дамуы мен халықаралық қауымдастықтағы мерейін арттыру жолында риясыз қызмет еткен еліңіздің көрнекті перзенті&raquo; деп құрмет көрсетті.</p>

Дипломатиялық қатынасты нығайтқан тұлға

1989 жылдан 2002 жылға дейін Қытай компартиясының Бас хатшысы және 1993 жылдан 2003 жыл­ға дейін ҚХР төрағасы қызметін атқарған Цзянь Цзэминь билікке атақты Тяньаньмэнь алаңындағы на­разылықтардан кейін келген еді.

Цзянь Цзэминь – Қазақстан –Қытай қатынастарында ерекше рөл атқарған саяси тұлға. Дәл соның тұсында ҚХР КСРО-да болған көрші республикаларға назар аудара бастады. Цзян Цзэминьнің тұсында Қытай – 1991 жылғы 27 желтоқсанда Қа­зақстан Республикасының тәуел­сіздігін мо­йындау туралы жариялаған үшінші ел, ал Қазақстан – Қытаймен елшіліктер деңгейінде дипломатиялық қаты­настар орнатқан Орталық Азия өңірінің бірінші мемлекеті.

Қазақстан мен Қытай арасын­дағы дипломатиялық қатынас­тар­дың тамыры тереңде жатыр десек, екі ел арасындағы бай­ланыстың берік­тігі дәл осы Цзянь Цзэминь тұ­сын­да орныққанын айта кеткен жөн. Өйткені жылдар бойғы Қытай мен Қазақстанның табысты ынтымақ­тастығының ең жоғары бағасы – шекара­лық проблемаларды жан-жақ­ты және түпкілікті шешу осы кезбен – Цзэминьнің ел тізгінін ұстаған он­жыл­дықпен тұспа-тұс келеді. Ол тіпті Қытай – Қазақстан шекарасы «екі ел халықтары арасындағы достықтың бай­ланыстырушы буынына айналатынын» мәлімдеген еді.

Естеріңізде болса, Қазақстан мен Қытай 1994 жылы 26 сәуірде Қазақстан мен ҚХР арасындағы мемлекеттік шекара туралы тари­хи келісімге қол қойды. Бұл – қазақ тарихының жаңа бетін ашқан маңызды құжат. Бұ­лай деуімізге себеп – ғасырлар бойы мо­йындалмай келген біздің аумақтық тұтастығымызды алып Қытайдың мо­йындап, Шекара туралы шартқа қол қоюына әлемдік қоғамдастық соңғы сәтке дейін сенімсіздік танытқан еді.

1997 жылдың 24 қыркүйе­гінде «Қазақстан мен ҚХР ара­сындағы Қазақстан – Қытай мем­лекеттік шекарасы туралы қосымша келісімге» қол қойыл­ды. Ал 2002 жыл – ҚХР төраға­сы қызметінен кетерден бір жыл бұрын Бейжің қаласында «Қазақ­стан – Қытай шекарасын демаркациялау туралы хаттамаға» қол қойылды. Осылайша, Қазақстан – Қытай мемлекеттік шекарасын халық­аралық-құқық­тық ресімдеудің нәтиже­сінде ұзындығы 1783 шақырым болатын мемлекеттік шекараға 688 шекара белгісі орнатылды. Оның 346-сы елімізге тиесілі болса, 342-сі Қытай жа­ғын­да. Екі ел­дің мемлекеттік шекара­лар туралы то­лық уағдаластыққа қол жеткізуінің маңыздылығы – Қазақ­стан­ның бүкіл тари­хында тұңғыш рет Қытаймен халық­аралық деңгейде таныл­ған және заңды ресімделген мем­лекеттік ше­караға ие болған­дығында жатыр.

Еліміз үшін маңызы ерек, тарихи мә­ні бөлек осы үш құжат Цзянь Цзэ­ми­нь­нің билік басында отырған кезін­де жасалған еді. Тату көршілік пен дос­тықты нығайту, көрші Қазақстанмен дос­тық қарым-қатынасты сақтау және еліміз­ді стратегиялық се­ріктес ретінде қарас­тыру – міне, Цзэминьнің билікте отыр­ған кезінде ҚХР-дың белгіленген бағы­ты пен мемлекеттік саясаты осындай.

Қытай – Қазақстан байланыс­тарын одан әрі нығай­ту жөнін­де Цзянь Цзэминь енгіз­ген ұсыныстардың ал­дың­ғы қата­рында екі ел арасындағы достық­ты ұрпақтан-ұрпаққа дамыту идеясы тұрды. ҚХР мен Қазақстан арасындағы тату көршілік, достық жә­не ынты­мақтастық туралы ең ал­ғаш­қы келісімге қол қойылар тұста да Қытайдың сол кездегі басшысы «екі ел халықтарының достықты ұр­пақтан-ұрпаққа тереңдетуге деген шын жүректен ұмтылғанын қалаймын» деген еді. Сондықтан да болар, ХХІ ғасыр­дағы екі­жақты қатынастарды кеңей­ту бағыт­тарының бірінде өзара сенім­ді­лікті терең­дету және ынтымақ­тастық­ты жандандыру қажеттігі тұрды. Сол себепті де, қазақ елі Цзэминь билігін «екі ел арасындағы берік достықты нығайтуға сүбелі үлес қосқан кезең» деп бағалайды.

Бөлісу:
Дипломатиялық қатынасты нығайтқан тұлға · Соңғы жаңалықтар мен оқиғалар