Аймақтар
1 мин оқу 312

Жылу құбырындағы апат

<p style="text-align: justify;">Сақылдаған сары аязда Рудный қаласында жылу құбыры жарылып, көп қабатты 33 тұрғын үй, оған қоса сол маңайда орналасқан мектеп, колледж және балабақша жарты күн бойы жылусыз қалды.</p>

Жылу құбырындағы апат

30-қараша күні қаланың 9-ша­ғын ауданындағы №6 және №4 тұрғын үйлердің маңында жылу магистралы жарылғаны туралы суыт хабар тарап кетті. Сол күні сағат 16:43-те апатты жою жұмыстарын тиісті мекемелер бақылауына алғанын жария еткен қалалық әкімдік: «Тұрғын үйлер мен Гагарин көшесіндегі №17 жалпы білім беретін мектеп екі сағатқа жылыту жүйесіне қайта қосылды. Дәл қазір жарылған құбырдың су кетіп жатқан тұсын анықтау жұмыстары жүріп жатыр. Мектептегі ауа температурасы 18-20 градус жылы, екінші ауысымда оқитын жоғарғы сыныптардағы сабақтар қысқартылды. Жағдай толық бақылауда», деп мәлімдеді.

Сағат 17:30-да қала әкімді­гі­нің тұрғын-үй ком­му­нал­дық шаруашылық бөлімі жылу желісіндегі жа­рықтың анықталғанын, «Рудный жылу желілері» ЖШС-нің апаттық бригадалары құбырды жедел бүтіндеу жұмыстарын жүргізіп жатқанын хабарлады.

Жарылған құбырды жөн­деу жұмыстары кешкі сағат 21:00-де толық аяқ­та­лып, 9-шағын аудан­дағы әлеуметтік нысандар мен тұрғын үйлер біржола тұрақты жылу жүйесіне қосылды.

Тұрғындардың айтуынша, қа­ладағы жылу құбыр­ла­рының істен шығуы үйреншікті көрі­ніске айналып бара жатқан көрі­неді. Осы күзде «Рудный жылу же­лілері» серіктестігінің мамандары да жылу жол­дарының әбден тозып кет­кенін мәлімдеген. Шағын шаһарда жылу беретін құбырлардың бойында жылына шамамен 300-дей апат тіркеледі екен.

Қостанай облысы,

Рудный қаласы

Бөлісу:
Жылу құбырындағы апат · Соңғы жаңалықтар мен оқиғалар