Алтынды «атып» алды
<p style="text-align: justify;">Біріккен Араб Әмірлігінің Шарджа қаласында са­дақ атудан Азия кубогінің үшінші кезеңі өз мәресіне жетті. Бұл сында қазақ­стан­дық спортшылар бір алтын, бір күміс және екі қола медаль жеңіп алды.</p>

Сары құрлық бәсекесінің соңғы күнінде қазақстандық Ильфат Абдуллин жекелей бәсекенің (классикалық түрінен) финалында бангладештік Мұхаммед Хәкім Ахмет Рубельді 6:4 есебімен жеңіп, жарыс жеңімпазы атанды. Сондай-ақ құрамында Ильфат Абдуллин, Дәулеткелді Жаңбырбай мен Санжар Мұсаев бар Қазақстанның ерлер командасы (классикалық сайыс) қола жүлде үшін өткен бәсекеде Бангладеш садақшыларын 6-2 есебімен тізе бүктіріп, Азия кубогінің қола жүлдесіне ие болды.
Ал жарыстың алғашқы күнінде құрамалы садақпен (Compound bow) нысана көздеуде Қазақстан құрамасы 1 күміс және 1 қола медаль олжалады. Осылайша, жерлестеріміз садақ атудан Азия кубогінің үшінші кезеңін 1 алтын, 1 күміс және 2 қола медальмен қорытындылап, жалпыкомандалық есепте 4-орынға табан тіреді.