Қоғам
2 мин оқу 270

Балық та – береке бастауы

<p style="text-align: justify;">Жеңді білектей қазы мен туырылып түскен қартаға аңсары ауып тұратын ағайынның бағалы балыққа да қарық болатын түрі бар. Балық болғанда да балаң үйректің басындай шабақ емес, дәмі тіл үйіретін форель.</p>

Балық та – береке бастауы

Бурабай ауданындағы Ақыл­бай кентінде орналасқан «Био­сфера fish» ЖШС форель шар­уа­шылығын ұйымдастырып, бұл өңірде бұрын-соңды кездесе қоймайтын бағалы балықты кө­бейтпек. Тіпті таяу арада өңір­де сауда сөрелеріне көптеп түседі деген үміт те бар.

– Балық өсіретін кешеннің құрылысы былтыр наурыз айында басталған болатын. Негізін­де балық та бап тілейді. Қыр-сырын қапысыз меңгеру қажет. Сондықтан кешенде жұмыс істейтін қызметкерлер Қазан, Ростов, Санкт-Петербург қала­ла­рында осы саланың ерек­ше­­лік­терін егжей-тегжейлі оқып, үйреніп қайтты. Тамыз айын­да шабақтарды бассейнге жі­бердік. Алғашқы форель уылдырығы Франциядан жет­кі­зілді, – дейді шаруашылық директорының орынбасары Павел Стадников, – таяу арада тауарлық салмаққа жеткен соң сатылымға шығарылады. Жалпы, бес тонна форель өнді­ру­ді межелеп отырмыз. Ал биыл бастап өнім көлемі 40-45 тон­на­ға жеткізіледі.

Мұнда 8 бассейннің әрқай­сы­сында шамамен бір жа­рым­ға жуық балық өсіріледі. Бас­сейн­де­гі су үнемі жаңар­ты­лып отырады. Өйткені форель балығы тазалықты сүйеді. Әрі су озонмен байытылады. Зертханалық сараптамалар күніне үш рет өткізіледі. Судың құрамы мен тем­пературасы стандартқа сай болуы керек. Демек бұл ба­ғыт­тағы жұмыс та оңай-оспақ шаруа емес.

– Мемлекеттік инвестиция­ларды тарта отырып, екінші блокты салуды межелеудеміз. «Аграрлық несие корпорация­сы» АҚ-ға өтінім бердік. Сол кезде бір жылда жүз тоннаға дейін форель өндіре алар едік, – дейді П.Стадников.

Бурабайдың баурайында форель өсіру бұл бағыттағы ал­ғашқы инвестициялық жоба. Кешенді салып шығу үшін 360 млн теңге төңірегінде жеке ин­вестиция тартылған. Бір жақ­сысы, балық өсіру туралы бас­тама мемлекеттің қолдауына ие болуда. Нақтырақ айтсақ, са­­лынған қаржының 25 пайызы қайтарылады.

Цели­но­град ауданындағы Ақ­қайың ауылында «Посейдон» серік­тес­тігі де дәл осындай ба­лық шар­уа­шылығын қолға алуды жос­парлап отыр. Ойға алған шаруа оңынан оңғарылса, Ақ­қайыңда да жылына 100 тоннаға жуық форель мен бекіре өсіруге мүм­кіндік туып отыр. Несі бар, осындай нәтижелі шаруалар жү­зеге асырылса, астананы азық-түлікпен қамту бел­де­уін­дегі өңірдің бұл ба­ғыт­тағы өңі жақсарып, дастар­ханның берекесі кіріп қалар еді.

Ақмола облысы,

Бурабай ауданы

Бөлісу:
Балық та – береке бастауы · Соңғы жаңалықтар мен оқиғалар