Руханият
4 мин оқу 1,270

Алғашқы қазақ календары

<p style="text-align: justify;">Алғашқы қазақ календары 1923 жылы Орынбор қаласында жарық көріпті. Биыл бұл оқиғаға ғасыр жыл толып отыр. Осы күнтізбенің қасбетіне төте жазуымен &laquo;1923 жыл. Қазақ календары&raquo; деп таңбаланса, оның астына &laquo;Киргизский Календарь&raquo; деп орысша жазылыпты. Ал мұқабаның төменгі жағында &laquo;Оренбург. Государственное издательства. КССР. 1923&raquo; деген жазу тұр (1-сурет). Бұл календарьды басып шығарған мекеме атауы.</p>

Алғашқы қазақ календары

Қазақ тарихындағы алғашқы календарь туралы әр кезде, әр жерде қадау-қадау айтылғаны болмаса жүлгелеп, жүйелеп жа­зылған зерттеу жоққа тән. Де­сек те Екінші дүниежүзілік соғысының ардагері, педагогика ғы­­лым­дарының кандидаты, мате­ма­тик-жаратылыстанушы Мыңбай Исқақов­тың пайымына қарағанда, 1923 жылы журнал стилінде жарық көрген аталған календарь зор тарихи рөл атқарған екен. Яғни бұл календарь танымдық мақала­лар жиынтығынан құралған. Басты ерекше­лігі – демалыс күнін жұма болдырған. Сонымен қатар жыл басын 22 марттан (наурыз) бастауды ұйғарған. Оған дәлел – календарьдың ішкі бетінің бірінші жолында: «Биыл ит жылы бітіп, доңыз жылы 22 марттан басталады» деп жазылған. Сондай-ақ күнтізбеде ай атаулары орысша һәм қазақша: январь – дәлу, февраль – хұт, март – хамал, апрель – сәуір, май – зауза, июнь – саратан, июль – әсет, августь – сүмбіле, сентябрь – мизан, октябрь – ғақырап, ноябрь – қауыс, декабрь – жидді деп жазылыпты. Күн атаулары: сенбі, жексенбі, дүйсенбі, сейсенбі, сәрсенбі, бейсенбі, жұма деген ретпен беріліп, жыл бойы атап өтелуге тиіс даталар көрсетіліпті:

22 январь – қанды жексенбі күні;

12 март –  патша тақтан түскен күн;

18 март – Париж коммуна­сының күні;

22 март – қазақша жыл басы;

1 май – Интернационал күні;

9 сентябрь – Жастар күні;

4 октябрь – Қазақстан кеңес­терінің
І съезі ашылған күн;

7 ноябрь – Октябрь мейрамы.

Бұлардан басқа ораза жә­не Құрбан айт мейрамының мерзімдері көрсетіліп, «Оян қарғыс таңба басылған», деп басталатын дүние жүзі проле­тариаттарының гимні «Интер­национал» жыры тұңғыш рет қазақша аударылып беріліпті.

«Бұл шын мәнінде тұңғыш толық қазақ календары. Бір жыл бұрын Қазақстан­ның мемлекеттік баспасөз бөлімі араб әріптерімен дайындап, 1923 жылы Қазақ мемле­кет­тік баспасы Орынбор қала­сын­да басып шығарды. 146 бет, 6 бөлімнен тұрады. Кален­дарьға республикамыз­дың геог­рафиялық сипаттамасы, әкімшілік бөліктері, шаруа­шылығы жайлы 34 ма­қала енгі­зілген», деп жазыпты қазақ күн­тізбесінің білгірі М.Исқақов 1980 жылы Алматыда жарық көрген «Халық календары» атты көлемді еңбегінің 292-бетінде.

 * * *

Алғашқы қазақ календарын құрасты­рушылар ең әуелі ағартушылық һәм танымдық бағыт ұстанғаны байқалады. Сол заманда Орынборда шығып тұрған Қазақ Республикасы Орталық Атқару Комитетінің органы – «Еңбекшіл қазақ» газетінің 1923 жылғы 14 қаңтар күнгі санынан бастап, бірнеше нөміріне «Қазақ календары» жайлы жаршы (жарнама) беріліпті (2-сурет).

Осы жаршыда календарьдың 6 бөліміне бөліп-бөліп енгізіл­ген мақалалар тізімі беріліп, кейбір жазбалардың авторы көрсетіліпті. Мысалы:

Бірінші бөлім мақалалары:

  1. Сөз басы.
  2. Календарь тарихынан қысқаша мағ­лұмат (авторы Ерғали Алдоңғаров)
  3. 1923 жылдың календары.
  4. Әр айда болған зор оқи­ғалар.

Екінші бөлім мақалалары:

  1. Жер жүзінің еңбекшілері, бірігіңдер! (авторы Ғ.Асыл­беков).
  2. Таптар күресі деген не нәрсе?
  3. Күнбатыс һәм күншы­ғыстың бостан­дық жолында күрестерінің тарихы (авторы Смағұл Сәдуақасов).
  4. Русияда 1917 жылға дейін бостандық жолындағы күрестер тарихы.
  5. Русияда 1917 жылы болған зор төңкеріс.
  6. Тап һәм партия (авторы «Кедей баласы» – Бейімбет Май­лин)
  7. Кәмөнес партия тарихы (авторы «Кедей баласы» – Бейімбет Майлин)
  8. Ортақшыл жастар ұйы­мы (авторы Әбдірахман Байділдин).
  9. Қазақ әйелдері арасындағы жұмыс.
  10. Жұмыскерлер табының атақты көсемдері.
  11. Қазақстанда автоно­мияның түзелуі (авторы А.Кен­жин).
  12. Қазақстан үкіметінің бастықтары.
  13. Интернационал өлеңі.

 

Үшінші бөлім мақалалары:

  1. Оқу.
  2. Қазақ тарихынан (авторы Елдес Омаров).
  3. Кеңес үкіметінің заңы.

 

Төртінші бөлім мақалалары:

  1. Тәні саудың – жаны сау (авторы А.Байтұрсынов).
  2. Ананың һәм баланың саулықтарын сақтау (авторы Айнуз Исметова).
  3. Ауырудан сақтану жолдары (авторы Айнуз Исметова).

 

Бесінші бөлім мақалалары:

  1. Қазақстан Республи­касында мал өсіру жайы.
  2. Жұқпалы мал аурулары (авторы Сейдалин).
  3. Егіндікті сұрыптау (агроном кеңесі).
  4. Жұт (авторы Сейітқали Меңде-
    шов).
  5. Жұт һәм онан сақтану шаралары (авторы Мадияр – Міржақып Дулатов)

 

Алтыншы бөлім мақала­лары:

  1. Қазақстан Республика­сының түзілісі (авторы Ә.Әйтиев).
  2. Үшінші жалпы Қазақ кеңестер жиы­лысының қаулы­лары.
  3. Метр өлшемдері.

 * * *

Қазақтың алғашқы календарын құрас­тырған кімдер дегенге келсек, жоғарыда тізімі берілген мақала автор­­ла­рының бәрі­нің үлесі бары анық. Бұ­лар­дың арасында халқымыздың бетке ұстар тұлғалары да жүр. Оның сыртында шыға­рушылар календарь жарық көргеннен кейін оны сатуға шығарған көрінеді. Бұл сөзімізге дәлел газеттің бірнеше санына жарық көрген жарнамада: «Календарь Орынбордағы һәм басқа үлкен қалалардағы мемлекет баспасының «Знание – Білім» кітап дүкен­дерінде сатылады», деген сілтеме беріліп, яғни календарь қайта сатылып жатқаны айтылыпты.

Бөлісу:
Алғашқы қазақ календары · Соңғы жаңалықтар мен оқиғалар