Спорт
3 мин оқу 221

«Астананың» қарсыластары анықталды

<p style="text-align: justify;">Іргетасы 2007 жылы қаланған еліміздің &laquo;Astana Qazaqstan Team&raquo; велокомандасын жаңа 2023 жылда да әдеттегідей бірқатар ірі жарыс күтіп тұр. Әрине, оның ішінде ең негізгісі велошабандоздардың бейресми әлем чемпионаты саналатын &laquo;Тур де Франс &ndash; 2023&raquo; веложарысы екені белгілі. Жуырда бір ғасырдан астам тарихы бар жарыстың ұйымдастырушылары биылғы додада бас жүлдеге таласатын командалардың тізімін жариялады.</p>

«Астананың» қарсыластары анықталды

Биылғы «Тур де Франс» вело­бәйгесіне ұзын-саны 22 ве­ло­команданың өкілдері қаты­сатын болды. Олардың ішінде 18-і жыл сайын әлемдік ірі турларда өнер көрсетіп жүрген вело­клубтар болса, екеуі кәсіби құрлықтық деңгейдегі командалар. Олар – Израильдің «Israel-Premier Tech» велокомандасы мен норвегиялық «Uno-X Pro Cycling Team» ұжы­мы. «Тур де Франстың» былтырғы маусымында «Israel-Premier Tech» велокомандасының өкілдері екі кезеңде жеңіске жетті. Атап айтқанда, аустралиялық велошабандоз Саймон Кларк 157 шақырымға созылған бесінші кезеңде мәре сызығын бірінші болып кессе, 2018-2021 жылдар аралығында «Астана» сапында бақ сынаған 32 жастағы ка­надалық спортшы Уго Уль 16-кезеңде үздік шыққан бо­латын. Сондай-ақ 2022 жылғы мау­сымның қорытындысы бо­йын­ша ең көп ұпай жинаған бель­гиялық «Lotto Dstny» және франциялық «TotalEnergie» командалары ұйымдастырушылар тарапынан арнайы шақырту алды.

Сөйтіп, шілденің 1-23 аралы­ғында өтетін «Тур де Франс – 2023» жарысына «Astana Qazaq­­stan Team» велокомандасынан бөлек, осы доданың тұрақ­ты қатысушылары фран­циялық «AG2R Citroën Team», «Team Arkea-Samsic», «Team Co­fidis» және «Groupama-FDJ», бельгиялық «Alpecin De­­ceuninck», «Soudal Quick-Step» және «Intermarché-Circus-Wan­ty», сонымен қатар гер­ма­ниялық «Bora-Hansgrohe», аме­рикалық «EF Education-Easy­post» пен «Trek-Segafredo», ұлы­британиялық «Ineos Grenadiers», нидерландтық «Team DSM» және «Jumbo-Visma», кейінгі 10 жылда алты рет «Тур де Франс­тың» үздік велокомандасы атанған испаниялық «Mo­vistar Team», 2021 жылғы үздік ұжым бахрейндік «Team Bahrain Victorious», аустриялық «Team Jay­co AlUla» және Біріккен Араб Әмірліктерінің «UAE Team Emi­rates» командалары жарыс көрі­гін қыздырмақ.

Жалпы алғанда, биыл Фран­ция тас жолдарында 110 мәр­те өткелі тұрған «Тур де Франс» жарысы 1 шілде күні Испанияның солтүстігінде орналасқан Биль­бао қаласынан басталып, 23 шіл­деде әдеттегідей Париждің Ели­сей алаңында өз мәресіне жетеді. Бір айта кетерлігі, 1992 жылдан кейін тарихта екін­ші рет әйгілі веложарыс Баск елінен басталғалы тұр. Жал­пы «Тур де Франстың» ұйым­дастырушылары жыл сайын жа­рыстың аясын кеңейту үшін алғашқы кезеңдерді Еуро­паның әртүрлі елдерінен бастай­ды. Мәселен, былтырғы жарыс­тың тұсауы Данияның бас шаһа­ры – Копенгагенде кесілсе, келе­сі жылғы бәсекенің алауы Ита­лияда тұтанады деп жоспар­ланған.

21 кезеңнен тұратын 3404 шақырым тас жолды велоспортшылар үш аптаның ішінде жүріп өтуге тиіс. Соның ішінде алты кезең жазық, алты кезең жартылай таулы, сегіз кезең тау­лы аймақтағы тас жолдарда өте­ді. Биыл спринтерлер тек бір ғана жекелей кезеңде сын­ға түседі. Ол екінші демалыс күні­нен кейінгі 16-кезеңге жос­парланған.

Былтырғы додада «Астана» велокомандасының өкілдері жан­күйерлерін жарқын жеңіс­те­рімен қуанта алмады. 2020 жылғы дүбірлі доданың алтын­шы кезеңінде топ жарған Алек­сей Луценко былтыр бірде-бір кезеңде үздік шыға алма­ды. Тек үш кезеңде ғана ТОП-10 вело­шабандоздың қата­рынан көрініп, жалпы есепте тоғызыншы орынға табан тіреді. Командалық сайыста «Ас­тана» 22 велоклубтың ішінде 10-сатыға жайғасты. Ал бас жүлдені Нидерландтың «Jumbo-Visma» командасының намысын қорғайтын 25 жастағы даниялық велошабандоз Йонас Вингегор олжалады.

Сондай-ақ «VeloLIVE» ба­сы­­лымы 5-12 наурыз аралы­ғында Франция тас жолдарында ұйымдастырылатын дәстүрлі Париж – Ницца көпкүндігіне қатысатын командалардың тізі­мін жариялады. Сегіз кезең­нен тұратын бұл жарысқа да әлем­­нің 22 велоклубы қаты­сады. Атап айтқанда, «Astana Qazaqstan Team», «AG2R Citroën Team», «Groupama-FDJ», «Team Arkea-Samsic», «Team Co­fidis» (Франция), «Alpecin Deceuninck», «Intermarché-Cir­cus-Wanty», «So­u­­­­­­dal Quick-Step» (Бельгия), «EF Education-Easypost», «Trek-Se­­gafredo» (АҚШ), «Jumbo-Visma», «Team DSM» (Ни­дерланд), «Bora-Hansgrohe» (Германия), «Ineos Gre­nadiers» (Ұлыбритания), «Movistar Team» (Испания), «Team Bahrain Victorious» (Бахрейн), «Team Jayco AlUla» (Аус­тралия), «UAE Team Emi­rates» (БАӘ) және ар­­найы шақырту алған «Lotto Dstny» (Бельгия), «TotalEnergie» (Фран­­ция), «Israel-Premier Tech» (Израиль), «Uno-X Pro Cycling Team» (Норвегия) командалары бар.

Айта кетейік, велоспорттың 2023 жылғы маусымы 17-22 қаң­­тар аралығында Аустра­лия­­дағы «Даун Андер» вело­көп­­күндігімен басталып, 17 қа­занда Қытайдағы «Гуанси ту­­рымен» өз мәресіне жетеді. Ал жылдың ең ірі Гранд-туры саналатын «Джи­ро д’Италия» жарысы мамырда, «Испания Вуэль­тасы» қыркүйекте өтеді деп белгіленген.

Бөлісу:
«Астананың» қарсыластары анықталды · Соңғы жаңалықтар мен оқиғалар