Медицина
4 мин оқу 250

МӘМС: Төлемдер қалай өзгерді?

<p style="text-align: justify;">2023 жылдың 1 қаңтарынан бастап ең төменгі жалақы (ЕТЖ) мен айлық есептік көрсеткіш (АЕК) мөлшері өзгерді. Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруға төлейтін жарналар мен аударымдар көлемі МӘМС тура&shy;лы заңда бекітілген және биыл өзгеріссіз қалды. Ал ең төменгі жалақы және айлық есептік көрсеткіш базалық әлеуметтік төлемдерінің мөлшері өсуіне байланысты дербес төлеушілер мен жеке кәсіпкерлер төлейтін жарна көлемі артты. &laquo;Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры&raquo; КеАҚ Астана қаласы бойынша филиалының баспасөз қызметі осы ретте ескеруге тиісті өзгерістер туралы түсіндіреді.</p>

МӘМС: Төлемдер қалай өзгерді?

Кім қанша төлейді?

Жұмыс берушілер қызметкерлері үшін – жала­қы­ның 3% мөлшерінде төлейді. Алайда салық салынатын табыс 10 АЕК-тен (700 мың теңгеден) аспауы керек, яғни жұмыс берушінің ақша аударымының ең жоғары сомасы 21 мың теңгені құрайды.

Қызметкерлер және азаматтық-құқықтық сипат­та­ғы шарт бойынша жұмыс істейтіндер табысының 2%-ын төлейді. Бұл жерде салық салу объектісі 10 ЕТЖ-дан аспайды, ақша аударымының ең жоғары сомасы 14 мың теңгені құрайды.

Жеке кәсіпкерлер – ЕТЖ-ның 1,4 еселенген мөл­ше­рінің 5%-ы немесе 4 900 теңге төлейді.

Өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтар (БЖТ төлеушілер):

– республикалық және облыстық маңызы бар қалалардың тұрғындары үшін БЖТ көлемі 1 АЕК құрайды, яғни 3 450 теңге;

– қалған елді мекендердің тұрғындары үшін БЖТ көлемі 0,5 АЕК құрайды, яғни 1 725 теңге.

Дербес төлеушілер – 1 ЕТЖ-ның 5%-ын немесе 3 500 теңге аударады.

Сондай-ақ 2023 жылдан бастап арнайы салық режімдерін қолданатын микро және шағын кәсіп­кер­лік субъектілері үшін бірыңғай төлем енгізілді. Осы әдіс бойынша барлық міндетті төлемдердің мөлшері жұмыс берушілер үшін 15%-ын, ал қызметкерлер үшін бірыңғай төлем мөлшерлемесінің 10%-ын құрайды. Бұл ретте төлем есептелетін ең жоғары ай­лық табыс республикалық бюджет туралы заңда тиіс­ті қаржы жылына белгіленген ең төменгі жала­қы­ның 10 еселенген мөлшерінен аспауға тиіс.

Бұдан бөлек, мемлекет 15 жеңілдік санатына кіретін азаматтар үшін төлем жасауды жалғас­ты­ра­ды. 2023 жылдың 1 қаңтарынан бастап жеңілдік сана­тын­дағы әр адамға жарна мөлшері 4 505,6 теңгені құ­райды.

Еске сала кетелік, сақтандырылмаған азаматтар МӘМС жүйесінің қатысушысы болу үшін ыңғайлы әрі тиімді тәсіл – дербес төлеуші ретінде алдын ала 12 айға жарна төлеуіне болады. Мысалы, 2023 жылдың қаңтарынан бастап сақтандыру мәртебесін алу үшін 2023 жылдың қаңтарынан желтоқсанға дейінгі әр айға жеке-жеке 3 500 теңгеден төлем жасау керек.

Есептеу тәртібі

Көбіне мынадай сұрақ туындайды: егер қызметкер екі жерде жұмыс істесе, оның жарналары мен аударымдары қалай есептеледі – шекті жоғары мөлшерді қол­дана отырып, жалпы кірістен немесе олардың әрқайсысынан түсетін табысты жеке-жеке есептеу керек пе?

Мысалмен түсіндірейік. Қызметкердің бір ұйымдағы жалақысы 500 мың теңге, ал екіншісінде 300 мың теңге делік. МӘМС туралы заңға сәйкес, жар­налар мен аударымдарды есептеу үшін ай са­йынғы табыс 10 АЕК-тен аспауға тиіс. (10 x 70 мың = 700 мың теңге).

Бұл ретте аударымдарды есептеу үшін осы шек әрбір жұмыс беруші бойынша жеке қолданылады (яғни бір жұмыс орнындағы шекті табыс). Қарас­ты­рылып отырған мысалда бірінші және екінші ұйым­дағы қызметкердің жалақысын жеке-жеке есептегенде 10 АЕК-тен аспайды: 500 мың теңге < 700 мың теңге; 300 мың теңге < 700 мың теңге. Демек ауда­рымдар жалақының толық мөлшеріне сәйкес есептеледі: 500 мың теңге x 3% = 15 мың теңге (бірін­ші жұмыс орнынан МӘМС-ке аударымдар); 300 мың теңге x 3% = 9 мың теңге (екінші жұмыс орнынан МӘМС-ке аударымдар).

Ал жарналарды есептеу үшін қызметкердің бір айдағы барлық кірістерін қосу керек (яғни жалпы бар­лық жұмыс берушілер бойынша). Қарастырылып отыр­ған мысалда қызметкердің екі жұмыс орнынан түскен жалпы табысы 10 АЕК-тен асып кетеді (500 мың + 300 мың = 800 мың теңге). Демек жарналардың мөлшері, жалпы алғанда, 14 мың теңгеден аспауға тиіс. Сонымен 500 мың x 2% = 10 мың теңге (бірінші жұмыс орнынан МӘМС жарнасы). Ал екінші жұмыс орнынан МӘМС жарнасы: ең жоғары рұқсат етілген жарна 14 мың теңгені құ­рай­ды – 10 мың (бірінші жұмыс орнынан ұсталған жарна) = 4 мың теңге. Екінші жұмыс беруші жарна мөлшерін дұрыс есептеуі үшін қызметкер оған аударылған жарналар туралы бірінші жұмыс орнынан анықтама апаруы керек. Бұл анықтама беріл­м­е­ген жағдайда, екінші жұмыс беруші жарнаны толық көлемде төлейді, яғни 300 мың x 2% = 6 мың теңге. Нәтижесінде, екі жұмыс орнынан төленген жар­налар 16 мың теңгені құрайды. Алайда артық төленген қаражат (рұқсат етілген ең жоғары жарна мөл­шерінен артығы) қайтарылады: 16 мың – 14 мың = 2 мың теңге.

Бөлісу:
МӘМС: Төлемдер қалай өзгерді? · Соңғы жаңалықтар мен оқиғалар