Қоржында қос жүлде
<p style="text-align: justify;">Бұл күндері Индонезия астанасы – Жа­картада 2024 жылғы Париж Олимпиадасына жолдама беретін нысана көздеуден Әлем кубогі жарысы өтіп жатыр. Бәсекенің кезекті күнінде Қазақстан спортшылары ел қор­жынына тағы екі жүлде салды.</p>

Алдымен пневматикалық тапаншадан 10 метрден нысана көздеу сайысында сынға түскен Қазақстан мергендері – Валерий Рахымжан мен Ирина Юнусметова қола медаль жеңіп алды. Қазақстан құрамасының өкілдері аралас жұп арасындағы үшінші орын үшін өткен таласта Корея спортшыларын 16:10 есебімен тізе бүктіріп, жүлдегерлер қатарынан көрінді.
Ал кеше ерлер арасында пневматикалық винтовкадан 10 метрден нысана көздеуде Қазақстан құрамасы күміс жүлдегер атанды. Финалда біздің мергендер Аустрия спортшыларына 16:8 есебімен есе жіберді. Бұл сында ел намысын Константин Малиновский, Никита Шахторин мен Ислам Сәтбаев қорғады. Оның алдында пневматикалық винтовкадан 10 метрден оқ атуда Константин Малиновский күміс жүлдені мойнында жарқыратқан еді.