Музей
2 мин оқу 430

Музей қоры толыға түседі

<p style="text-align: justify;">Қызылорда облыстық тарихи-өлкетану музейі &laquo;Сыр бойындағы діни ағартушылар мұрасын кешенді зерттеу&raquo; жобасын қолға алды. Ағартушылық бағыт ұстанған қайраткерлердің елді білімге баулып, ағайын татулығын, ұлттық салт-дәстүрді сақтаудағы еңбегін танытып, мұрасын қастерлеуге арналған жоба заманында аса білімдар тұлға ретінде танылған Тапал ахун (Нұрмұхаммед) Қадірұлынан қалған жәдігерді зерттеуден басталды.</p>

Музей қоры толыға түседі

Хорезмде білім алып, қазіргі Шіркейлі ауылы аумағында екі мешіт салдырған ахуннан сирек кездесетін 40-қа жуық кітап қалған. Құнды жәдігерлердің біразы ауыл кітапханасында тұр.

– Осыдан 2 жыл бұрын «Құнды жә­дігер» жобасы аясында Сыр еліндегі әулие-әнбиелер, ахун-ишандар, билер мен батырлар пайдаланған, халық қасиетті санайтын дүниелерді зерттеу мен насихаттау бағытында біраз шаруа атқарылды. Ал Сыр бойындағы діни ағартушылар мұрасын кешенді зерт­теуде қайраткерлер пайдаланған кітап­тар мен қолжазбалардың көшірмесін жасап, музей қорына қосуды көздеп отырмыз. Бұл болашақта осы бағыт­та ізденіс жасайтындар үщін де үлкен кө­мек болмақ, – дейді тарихи-өлкетану музейінің директоры Сапар Көзейбаев.

Жаңа жобаның басында мұрасы зерттеліп отырған Тапал ахун – ғұлама­лығынан бөлек сырттың ықпалына қар­сы қайрат көрсеткен тұлғаның бірі. Ел аузындағы әңгімелердің бірінде 1916 жылы Ресей империясына қарсы Торғай даласындағы ұлт-азаттық көтеріліс ке­зінде Амангелді Иманов өзінің сенімді серіктерінің бірі Омар Шипинді Тапал ахунның батасын алу үшін Сырға жібер­гені айтылады. Ахун алыстан келген жолау­шыға бата беріп, «Бұл соғыс – әділ соғыс» деген пәтуа жасапты деседі.

Тапал ахун мұрасын зерттеуде мамандар назарына 1545 жылы Кутахиа қаласында жазылып, арабтың 40 мың сөзі түркі тіліне аударылған «Ахтари-Кабир» сөздігі мен шариғат заңдары, жалпы этика, әскери стратегия, экономикалық саясат қамтылған «Фатауа Аламгияр» туындылары ілініп отыр.

– Бұл туындылар осыған дейін «Құнды жәдігер» жобасы барысында да зерттелген болатын. Осы жолы ұрпақ­тарының қолынан 1896 жылы Үндістанда жарық көрген «Салоти Масъуди» кітабын алып, көшірмесін жасат­тық. XIV ғасырда өмір сүрген шейх Масуд ибн Самарқанди жазған бұл үштомдық мұсылман дәстүрінің әліп­­пе­сі іспетті. Парсы тіліндегі бұл еңбек­тің мән-мағынасын толық түсіну үшін ға­лымдар көмегі қажет, – дейді музейдің ғылыми хатшысы Асхат Сайлау.

Қазір ел арасында Марал ишаннан, Әлібай ахуннан қалған көп дүние сақ­таулы тұр. Әйгілі Жанқожа батырдың пірі болған Дәрменқұл ишан баласы Орынбет ишан пайдаланған кітаптар мен қолжазбалар ұрпақтарының қо­лын­да. Жоба барысында осылардың кө­шір­­мелері жасалып, музей қорына қойылмақшы.

Музей ұжымы осы жылы Алматы­да­ғы М. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты қорындағы Сыр өңіріне қатысты фольклорлық мұра, деректер­дің көшірмесін жасап, жәдігерлер қата­рын толықтыруды жоспарлап отыр. Ғылы­ми хатшы Асхат Сайлау бұл бағытта Сыр бойы қазақтарының фольклоры ­мен этнографиясын түп-тамырына дейін ­тү­ген­деген Әбубәкір Диваев жинақта­ған мұралардың мәні жоғары екендігін айтады.

Қызылорда 

Бөлісу:
Музей қоры толыға түседі · Соңғы жаңалықтар мен оқиғалар