Неке және отбасы туралы кодекске өзгерту енгізілді
<p style="text-align: justify;">«Неке және отбасы туралы» ҚР кодексіне жаңа өзгетулер енгізілді, деп хабарлайды <a href="/" target="_blank" rel="noopener noreferrer">Egemen.kz</a>.</p>

Қазақстанда баланың кез-келген туысқанымен қарым-қатынас жасау құқығы енді «Неке және отбасы» кодексінде арнайы баппен айқындалады. Бұл туралы Ашық НҚА порталында Оқу-ағарту министрлігі жариялаған құжат жобасынан белгілі болды.
Атап айтқанда, «Неке және отбасы» кодексіне жаңа 73-1 бап енгізіледі. Онда «Аталар, әжелер, бауырлар, әпкелер және басқа туыстар баламен араласуға құқылы» деп жазылған.
Бапқа сәйкес, егер ата-ана баланың жақын туыстарына онымен қарым-қатынас жасау мүмкіндігін беруден бас тартса, дауды ҚР Балалардың құқықтарын қорғау саласындағы уәкілетті органы айқындайтын тәртіппен қорғаншылық немесе қамқоршылық жөніндегі функцияларды жүзеге асыратын орган шешеді.
Оқу-ағарту министрлігі заңға мұндай толықтыру енгізу қажеттігін ата-әжелер мен басқа туыстардың баламен қарым-қатынас тәртібін анықтауға байланысты дауларды шешуде қиындықтар туындағанымен түсіндірді.
Құжат жобасы 24 ақпанға дейін жария талқылауға ұсынылған.
Гүлшахра САНСЫЗБАЙ