Президент Степногорсктегі мамандандырылған балалар мен жасөспірімдер спорт мектебіне барды
<p class="p1" style="text-align: justify;"><span class="s1">Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ақмола облысына жұмыс сапары барысында Степногорск қаласындағы мамандандырылған балалар мен жасөспірімдер спорт мектебіне барды, деп хабарлайды <a href="/" target="_blank" rel="noopener noreferrer">Egemen.kz</a> Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.</span></p>
Спорт мектебінде бокс, еркін күрес, ауыр атлетика, дзюдо, көркем гимнастика, футбол, шаңғы жарысы және самбо секциялары бойынша 1140 бала спортпен шұғылданады. Сабақты 30 жаттықтырушы-оқытушы жүргізеді.
Президентке балалар мен жасөспірімдерге арналған спорт мектебі тәрбиеленушілерінің оқу-жаттығу сабақтарын өткізетін ауыр атлетика залы мен үлкен ойын залы таныстырылды.

Қасым-Жомарт Тоқаев мектепті аралап көргеннен кейін өңірдің белгілі спортшыларымен және жаттықтырушыларымен кездесті.

Президент қазақстандық спортшылардың өнерін әрдайым тамашалайтынын және қолдайтынын атап өтті. Сондай-ақ ірі жарыстардағы жоғары жетістіктері үшін спортшыларға алғыс айтып, еліміздің шетелдегі имиджін арттыруға қосқан олардың үлесіне тоқталды.

Шара соңында Мемлекет басшысы Лейк-Плэсидте (АҚШ) өткен Дүниежүзілік қысқы универсиада чемпионы биатлонист Бекентай Тұрлыбековке Алғыс хатын табыс етті.
