Аймақтар
2 мин оқу 232

Итке сырға не керек?

<p style="text-align: justify;">Кейінгі уақытта итке таланған бала көбейгеніне қарамастан, қаңғыбас иттердің құқығын қорғаумен әуреленіп жүрген әлдекімдердің &laquo;арқасында&raquo; бұралқы жануарлардың саны еселене түскен. Керекуде қалалы жерлер тұрмақ, ауылдардың өзінде тұрғындар балаларының өмірі үшін қауіптенетінін айтады. Ал облыс орталығындағы волонтерлер көше кезген жануарларды сырғалауға көшті.</p>

Итке сырға не керек?

Ішінде арнайы чипі бар сырға-таңбаның нөмірі «Tan­ba» бірыңғай базасына енгізі­ліп, әлгі иттің биозарарсыз­дан­дырылғанын ай­ғақтайды екен. «Сердце Павло­дара» қорының жетекшісі Мария Гребанкина қаңғыбас иттерге арналған сыр­ғалардың алғашқы пар­тиясы сатып алынғанын, ол жа­қын арада жануарлар тері­сіне енгізілетінін айтады.

– Азаматтар мұндай бел­гісі бар жануарлардың кас­тра­ция­дан немесе стерилизация­дан өткенін біле алады. Біз жергілікті вете­ринарлық стансамен сөйлесіп, келісімге келдік. Мұндай ит­тер­дің қауіпсіз екенін, оларға тиіс­пеу қажет екенін біледі, – дейді ол.

Бұған дейін қоғамдық бел­сенді облыс орталығында иттерді биозарарсыздандыруға арналған әлеуметтік орталық ашылатыны туралы хабарлаған еді. Болашақ клиникаға қала тұрғындары қаражат жинап, жиһаз және қа­жетті заттарын сатып әперді. Дей тұрғанмен, ұйымның штатында әзірше ветеринар жоқ, маманды сырттан жалдауға тура келіп отырған көрінеді. Ал ит­терді зарарсыздандыру ақылы түрде жүзеге асып жатыр. Сон­дық­тан көше кезген барлық жануарды қамту мүмкін емес екені айқын.

Бір қызығы, бұл орталықты ұйымдастырушылардың қаң­ғыбас иттердің мәселесін кас­трация жасаумен шешеміз де­гені ойға сыймайтындай. Ве­теринар мамандардың сөзіне құлақ түрсек, кестірілген жануар­лар кейін көбіне ызақор, қа­баған болып кетеді. Жануарларды қорғау стандартын енгіземіз деп арнайы заң қабылдадық. Бұралқы жануарлар өздерінің заңмен қорғалғанын әбден біліп алса керек, бүгінде елді мекендердің кез келген жерінде тайраңдап, бала-шағаның көзінше ұйығып жүре береді. Жуықта Павлодар ауылының тұрғындары мектеп ауласында күні-түні иттер жүретінін, балаларының өмі­рі үшін алаңдайтынын айтып дабыл қақты. Алайда жергілікті әкімдік оларға қарсы шара қол­дануға қауқар­сыз. Әкім­дік­тегілер ата-аналарға иттер­дің ие­лерін өздерін тауып алың­дар деп сілтей салған. Ал жер­гілікті ветеринарлық мекеме мамандары оларды торға қамап ұстап алуға әрекеттенгендерімен, түк шықпапты.

Кейінгі уақытта баланың да, кәрінің де берекесін қашырып қоймай, тіпті көше кезген ала­байдың жеткіншекті талап өлтір­генін де естіп білдік. Адамдар иттен осыншама зардап шегіп, бейбіт күнде балғындарды жазым етіп жатса, қолданыстағы заңның шикілігін білдірмей ме? Ит ұстайтын азаматтардың жауап­кершілігін күшейтпей, солқылдақ заңымыз әлі талай баланың сорын қайна­татындай.

Павлодар облысы

Бөлісу: