Сайлау
2 мин оқу 320

Солтүстік жұртшылығы да самарқау емес

<p style="text-align: justify;">Көп жылдан бері сайлауға салқынқанды қарап келген Солтүстік Қазақстан өңірінің халқы биыл саяси додаға айрықша қызығушылық танытып отыр. Тіпті жайшылықта саясатқа самарқау қарайтын Қызылжар өңірінің халқы да биыл сергек.</p>

Солтүстік жұртшылығы да самарқау емес

Биыл бір мандаттық аумақтық сайлау округтері бойынша өзін-өзі ұсынып жатқандар да, саяси партиядан түсіп жатқандар да көп. Соның ішінде Солтүстік Қазақ­стан облысының №24 бір ман­даттық аумақтық сайлау окру­гінен Мәжіліс депутат­ты­ғына сайлануға 17 адам үміт білдіріп отыр екен. Олардың арасында заңгер де, экономист те, журналист те, информатик те, ауыл шаруашылығы маманы да, мұнайшы да, тіпті денешы­нықтыру мұғалімі де бар. Аумақ­тық сайлау округінің төрағасы Асқар Сақыпкереевтің айтуы­на қарағанда, әзірге соның үшеуі кандидат ретінде тірке­ліпті. Қал­ған­дары түрлі тексе­ріс­терден өтіп, жарнасын төлеу үстінде.

Үміткерлердің арасында бұ­рын Мәжіліс депутаты болған, әріп­тесіміз Кәрібай Мұсырман, бел­гі­лі саясаткер Асылбек Қожахметов, «Әскери ғылымдар ака­демиясы» республикалық қоғам­дық бірлес­ті­гінің прези­денті Мұхтар Серікпаев, «Qaraqamus-2020» ЖШС директоры Орынбай Атығаев сияқты аза­маттар бар. Бұлардың соңғы мекенжайы Солтүстік Қазақстан облысы болмаса да біздің өңірден сайлануға үмітті. Кандидаттар тізімінде облыс экономикасының дамуына белсенді атсалысып жүрген шаруақор, «Мамбетов и К» командиттік серіктестігінің бас директоры Еркебұлан Мамбетов, «Солтүстік Қазақстан электр жүйесін бөлу компаниясы» АҚ бас директоры Анатолий Казановский, «Атамекен-Қызыл­жар» микроқаржылық ұйы­мының директоры Серік Ахметбеков, «Горгаз-Сервиз» ЖШС директоры Олег Иванов, қоғамдық ұйымдар арасынан «Қазақстандағы орыс қауым­дас­тығы» ұйымының төрағасы Юрий Захаров, «СҚО бойын­ша Адам құқын қорғау жөніндегі қоғамдық комитеттің» төрағасы Сергей Измайлов, мемлекеттік қызмет саласынан Еңбек және ха­лықты әлеуметтік қолдау де­пар­таментінің директоры Мереке Мұхамедияров сияқты есім­­дер аталады. Бір қызығы, 17 адамның ішінде бірде-бір әйел өзін ұсынбапты. Ал ауыл тұрғындары арасынан «Мә­женов» шаруа қожалығының бас­шысы Бауыржан Есмұқанов өзін-өзі ұсынған екен. Ал ұлттық құрамына қарасақ, үміткерлер қатарында 10 қазақ, бес орыс, бір поляк, бір грузин бар екен.

Солтүстік Қазақстан облысы 

Бөлісу:
Солтүстік жұртшылығы да самарқау емес · Соңғы жаңалықтар мен оқиғалар