Жаңалықтар
6 мин оқу 522
Мемлекеттік қызметтің қазақстандық үлгісі
* 23 маусым – Дүниежүзілік Мемлекеттік қызметкерлер күні
Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас Ассамблеясының 2002 жылы 20 желтоқсанда өткен 57-сессиясы әрбір жылғы 23 маусымды мемлекеттік қызметкерлер күні деп жариялау жөнінде қарар қабылдап, БҰҰ-ға мүше әрбір елді осы күнді мереке ретінде атап өтуге шақырған еді. Осыған орай Қазақстан Республикасы Мемлекет басшысының өткен жылғы Жарлығымен 23 маусым біздің елімізде де мемлекеттік қызметкерлер күні болып белгіленген болатын. Биыл Қазақстанда осы мереке тарихта тұңғыш рет атап өтілгелі тұр.
Қазіргі таңда біздің елімізде 90 мыңнан астам адам мемлекеттік қызмет саласында қызмет етеді. Олардың 49 мыңнан көбін әйелдер құрайды. Саяси қызметкерлердің орта жасы 48-де болса, әкімшілік саласында ол 39 жасты құрайды. Ал «А» корпусындағы мемлекеттік қызметкерлердің орта жасы 45-ке тең.
Соңғы жылдары Қазақстанда мемлекеттік қызмет туралы заңнаманы жаңарту бағытында жүргізіліп келе жатқан жанды жұмыстар халықаралық қауымдастықтың жоғары бағасын алып отыр. Елімізде мемлекеттік қызмет саласындағы жаңғырулардың табысты жүргізіліп, мемлекеттік аппараттың кәсіби тұрғыдан ыңғайлы да бәсекеге қабілетті болып қалыптаса бастауы Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың саяси еркінің арқасында мүмкін болып отыр.
Қазақстандағы мемлекеттік қызметтің жаңа үлгісі тұжырымдамасы тиімділік, нәтижелілік, меритократия, ашықтық, мөлдірлік, тұрғындар сұранысына бағыт ұстаушылық қағидаттары бойынша жасалған. Мұнда қоғамдық сананы нығайтудың басты бағыты ретінде өз қызметіне жауапты қарайтын, отанының игілігі жолына жұмыс жасайтын білікті де білімді қазіргі заманғы мемлекеттік қызметшіні дайындау міндеті алынған.
Бізде қазір «А» корпусы құрылып, тиімді жұмыс жасап келеді. Астана қаласында мемлекеттік қызмет саласының аймақтық хабы құрылған. Бүгінде мемлекеттік қызметке қабылдау жолдары біршама жеңілдетілген, «командалық ауыс-түйістерге» тосқауыл қойылған, әдептілік және тәртіптілік жағынан бақылау айтарлықтай күшейтіліп, Заң дәрежесіне дейін жеткізілген.
Қазақстанда мемлекеттік қызметкерлер күнін атап өту елімізде Президенттің кәсіби мемлекеттік аппарат жұмысының негізгі қағидаты ретінде жариялаған «халық пен мемлекетке қызмет ету бәрінен жоғары» деген ұстанымын танымал етіп, мемлекеттік қызметтің беделін нығайта түсуге ықпал ететін болуы тиіс. Осы күндері республика көлемінде бірінші рет немесе қайтадан мемлекеттік қызмет саласына қызметке қабылданғандардың ант беру рәсімдері ұйымдастырылып, оқу орындарында мемлекеттік кадр саясатын, сондай-ақ, мемлекеттік қызметке кіру мен оны атқару қағидаттарын түсіндіруге арналған тақырыптық сабақтар өткізіледі.
Айтулы мереке қарсаңында, 21-22 маусым күндері Мемлекеттік қызмет істері агенттігі Денешынықтыру және спорт агенттігімен бірлесіп, Астанадағы «Алау» стадионында мемлекеттік қызметтің орталық органы қызметкерлері арасында спорттың шағын футбол, волейбол, тоғызқұмалақ және шахмат түрлері бойынша спартакиада өткізеді. Ал 23 маусым күні Мемлекеттік қызмет істері агенттігінде Мемлекеттік қызметкерлер күніне арналған салтанатты жиналыс болады.
«А» корпусы – «әлеуметтік лифтілер» әрекеті
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен біздің елімізде биылғы 23 маусым күні алғаш рет мемлекеттік қызметкерлер күні мереке ретінде атап өтілгелі тұр. Осы айтулы күн қарсаңында мемлекеттік қызмет саласында соңғы жылдары қолға алынып келе жатқан бірқатар пәрменді жұмыстарға қорытынды жасап өтуге болады. Айталық, Мемлекет басшысының шешімімен саяси мемлекеттік қызметкерлер саны 8 есеге дейін қысқарды, мемлекеттік қызмет саласында кәсібилік ең маңызды қадамдардың біріне айналды. Қазір Президент Әкімшілігі мен Премьер-Министр Кеңсесіндегі орта басқару буыны, министрліктер мен агенттіктердің жауапты хатшылары, комитеттер төрағалары, аудандар мен қалалар әкімдері бұрынғыдай саяси «тағайындалушылар» емес, «А» басқару корпусының әкімшілік қызметшілері болып табылады. Олардың барлығы арнайы кәсіби талаптарға сай бола отырып, қатқыл іріктеуден өтіп тұратын болады. Айта кету керек, менің бірқатар әріптестерім кезінде осы іріктеулердің әділ өтетініне күмән келтірді. Алайда, кейінгі өмір тәжірибесі бізге мүлдем басқа деректерді көрсетті. Айталық, 2013 жылы 542 позициядан «А» корпусындағы қызметке іріктеліп алынған 155 адам мұндай лауазымға бірінші рет келіп отырған болып шықты. Осы сұрыптау барысында қалалар мен аудандардың 198 әкімінің 95-і жаңарды, бұлардың 72-сі алғаш рет осындай қызметке тағайындалды. Зерттеу көрсеткендей, 2014 жылы «А» корпусындағы резервтің бір орнына талас 4 есеге дейін көбейіп, оның саны 10-ға жетті. Мемлекеттік қызметтің қазақстандық жүйесіне жасалған реформа мен «А» корпусы институтының құрылуы еліміздің басқару элитасына іріктеу процедурасын мүмкіндігінше демократия да транспарентті етуге жол ашты, «әлеуметтік лифтілер» әлеуеті іс жүзінде әрекетке көшті. Мұнда мемлекеттік қызметкерлердің жаңа толқынына заңдар мен нормативтік-құқықтық базаны жетік білу маңызды рөл атқара бастады. Осы орайда реформа барысында саяси басшылардың шешімдерін өмірге енгізудің басында тұратын, қабылданған нақты шешімдерге жауап беретін мемлекеттік аппараттың ауыз-екі тілде «жұмыс аттары» аталып келген орта басшылық буынының мәні мен маңызы ұлғая түсетіні айқындала түсті. Тағы бір жайт, бұл ортадағы кадрлардың тұрақсыздығы аппараттың Мемлекет басшысының бағдарламалық тапсырмаларын жүзеге асырудың тиімді атқарылуына кедергі келтіретіні де белгілі болып отыр. Тұтастай алғанда, билік элитасы іс-әрекеттерінің табысты болмағы белгілі бір деңгейде оның қоғамның барлық буындарына мейлінше талантты өкілдерді топтастыра білуіне байланысты екені де аян болып отыр. Ал жаңа реформа осы тетіктің қызметін атқаратын болады. Марат ИҒАЛИЕВ, Индустрия және жаңа технологиялар министрлігі туризм индустриясы комитетінің төрағасы, саяси ғылымдар кандидаты.Меритократия қағидаттары мерейімізді өсіреді
Еліміздің мемлекеттік қызметі жас болғанымен белгілі жетістіктерге жетіп отыр. Тәуелсіздік жылдар ішінде біз мемлекеттік қызметтің жаңа моделін құрдық. Айталық, 2000 жылы «Мемлекеттік қызмет туралы» Заңы қолданысқа енгізілгеннен бері меритократия қағидаты жүзеге асырыла бастады. Сол кезден бастап мемлекеттік қызметке ашық конкурстық таңдау енгізілді. Соның нәтижесінде мыңдаған қазақстандық мемлекеттік қызметке қол жеткізді. Өткен жылғы наурыздың 26-ынан іске қосылған «Мемлекеттік қызмет туралы» Заң мемлекеттік қызметке таңдау кезіндегі меритократия қағидасын одан әрі жетілдіруге мүмкіндіктерді кеңінен ашты. «Әлеуметтік лифт» тетігі жұмысқа кірісті. Мұның дәлелі ретінде «А» корпусына өткізілген іріктеу нәтижелерін айтсақ та болады. Шыны керек, бұрын жабық түрде тағайындалып келген лауазымдарға баруға мүмкіндігі болмаған азаматтар Ұлттық комиссияның көзіне түспей жүрген еді. Енді олар да «А» корпусының резервіне кіріп жатыр. Олардың көбі басқару лауазымдарына тағайындалды. Елбасымыздың саяси жігерлігіне байланысты саяси мемлекеттік қызметшінің саны 8 есеге қысқартылды. Бұл мемлекеттік қызметтің кадрлық құрамы кәсіпқорлығының маңызды шарасы екендігін көрсетті. Қазақстанда өткізілген реформаларды шетел сарапшылары жоғары бағалап отыр. Мысалы, атақты америкалық сарапшы Честер Ньюландтың айтуы бойынша, Қазақстанның мемлекеттік қызмет жүйесі АҚШ-пен салыстырғанда да ең жақсы болып табылады. Қазір Қазақстан мемлекеттік қызметті реформалау және жоғары кәсіпті қалыптастыру кезеңінде тұр. Сондықтан елімізге осындай жағдайда қызмет ете білетін, стратегиялық қос көрінісі бар және қазіргі уақытқа сай келетін кадрлар қажет. Іс жүзінде мемлекет жалдап отырған мемлекеттік қызметшілер оның атынан азаматтарға мемлекеттік қызмет көрсетуге бейімделген. Азаматтар өз тарапынан мемлекеттік қызметшілер еңбектерінің төлеушілері бола тұра, соңғылардан сапалы қызмет талап етуге құқылы. Мемлекеттік қызметшінің негізгі мақсаты азаматтардың өмірлік әл-ауқатын және деңгейлерін арттыру болып табылады. Меніңше, міне осындай тұрғыдан мемлекеттік қызметшінің қазіргі рөлін түсініп қабылдау қажет. Мақсұт ӨТЕШЕВ, Павлодар облысы аумақтық департаментінің басшысы.Біздің реформа Қытайды да қызықтырады
Үстіміздегі жылғы сәуір айында Қазақстанға Қытайдың Адами ресурстар және әлеуметтiк қамсыздандыру министрлігінің ресми делегациясы келді. Оның басты мақсаты біздің елімізде жүргізіліп жатқан мемлекеттік қызмет саласындағы реформамен кеңінен танысу болды. Сол сапарға қытайлық қонақтарды бастап келген вице-министр Ян Шицюмен Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрағасы Әлихан Байменов арнайы кездесті. Кездесу барысында мемлекеттік қызмет саласындағы екіжақты ынтымақтастық және Астанадағы Мемлекеттік қызмет саласындағы өңірлік хаб шеңберіндегі көпжақты ынтымақтастық мәселелері талқыланды. Агенттiк төрағасы Қытай тарапын Қазақстанның мемлекеттік қызметтің жаңа моделімен таныстырды. Кездесудің қорытындысы бойынша Мемлекеттiк қызмет iстерi агенттiгi және Қытай Халық Республикасының Адами ресурстар және әлеуметтiк қамсыздандыру министрлігі арасында мемлекеттік қызмет саласында ынтымақтастық жөніндегі Өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойылды. Бұл меморандум шеңберінде кездесу, білім алмасу және мемлекеттік қызмет саласындағы мәселелер бойынша іс-шараларға қатысу, екі елдің мемлекеттік қызметшілері үшін кәсіптік оқыту сияқты ынтымақтастықтың нысандары көзделген. Қытай делегациясының іссапары шеңберінде агенттіктің қызметі және мемлекеттік қызметтің жаңа моделі, «е-қызмет» автоматтандырылған персоналды басқару жүйесі, сонымен қатар, Мемлекеттік қызмет саласындағы өңірлік хаб қызметі таныстырылды.Бөлісу: