Аймақтар
3 мин оқу 400

Шіріген жүйе, тозған жүйке

<p style="text-align: justify;">Былтыр Үкімет отырысында Алматы облысындағы кәріз жүйелерінің жай-күйі қаралған болатын. Онда аймақтағы инфрақұрылымның ахуа&shy;лы алаңдатарлық екені айтылды. Әсіресе Қонаев қаласындағы жағдай сын көтермейтіні жария болды. Яғни Үкімет облыс орталығындағы кәріз жүйесінің әбден ескіргенін көріп, біліп отыр.</p>

Шіріген жүйе, тозған жүйке

Мамандардың айтуынша, қаланың кәріз жүйесіне қатысты мәселе тез арада шешілмесе, онда Қапшағай су қоймасы лас­танып, салдарынан жақын маңдағы елді мекен тұрғындарына үлкен қауіп төнуі мүмкін. Ал өңір басшысы Марат Сұлтанғазиев жария еткен мәліметке сүйен­сек, облыстағы кәріз же­лі­ле­рінің жалпы ұзындығы 714 шақырымды құрайды. Сондай-ақ орталық кәріз тазарту құрылыстары аймақтың 3 қаласы мен 9 ауылдық елді ме­кенінде қызмет көрсетеді. Өкініштісі, осы құрылымның ескіргені болып отыр. Мыса­лы, Қонаев қаласының инфрақұ­рылымы1968 жылы пайдалануға берілген. Қазіргі есеп бойынша облыс орталығындағы кәріз жүйе­сінің ұзындығы 172 ша­қырым болса, ондағы желілердің 80 пайызының тозығы жетіп тұр.

Сарапшылардың пікірінше, Қонаев қаласын, сондай-ақ Іле өзені мен Балқаш көлінің бо­йында тұратын Алматы және Же­тісу облыстарының тұрғын­дарын ауызсумен қамтамасыз ету көзі болып табылатын Қап­шағай су қоймасына қәріз ағы­ны суларының қосылу ық­ти­малдылығы жоғары, бұл ауқым­ды экологиялық апатқа әке­луі мүмкін.

«Қонаев қаласында 44 104 адам тұрады, тұрғындардың 91 пайызы су бұру жүйелерімен қамтылған. Қаланың кәріз-та­залау құрылыстарының са­лын­­­ғанына жарты ғасырдан ас­қандықтан, 85 пайызының то­зығы жеткен. 16 дана кәріздік су сорғыш стансасы және қуат­тылығы тәулігіне 25 мың тек­ше метр кәріз тазалау құрылыс­тарының 95 пайызының тозған­дығы, әрине, алаңдарлық жағ­дай», дейді облыстық энер­гетика және тұрғын үй-комму­налдық шаруашылық басқар­масы, сумен қамтамасыз ету және су бұру бөлімінің басшысы Қайсар Абсейтов.

Облыс орталығының басты мәселесі бірнеше жыл бұрын да назарға алынған екен. 2015-2016 жылдар аралығында «Алматы облысы Қапшағай қаласының (қазіргі Қонаев қаласы) тазарту құрылыстарын қайта жаңарту және салу» нысаны бойынша техникалық-экономикалық не­гіздеме әзірленіп, 15.03.2016 жылғы № 18-0132/16 мемле­кет­тік сараптаманың оң қоры­тын­­дысы алынған. Оны «Қазгипроводхоз» институты жасапты. Енді жобаның мем­лекеттік сараптамасының оң қоры­тындысы 2016 жылғы 15 нау­рыздан, яғни үш жылдан астам уақыт бұрын алынған­дығына байланысты техникалық-экономикалық негіздемеге тү­зету жұмыстары енгізілмек екен. Ал оны түзету үшін жалпы сомасы 95,3 млн теңге қажет. Әрине, Қонаев қаласының әкімдігі қол қусырып отырған жоқ. Ат­қарушы билік барлық мүдделі құрылымның қатысуымен облыс орталығында төтенше жағдайлардың алдын алу және жою жөніндегі комиссия құр­ған. Былтыр Қонаев қала аума­ғында жергілікті ауқымдағы техногендік сипаттағы төтенше жағдай жариялау туралы шешім қабылдаған.

«Бүгінде Қонаев қаласының кәріз тазалау құрылыстарын реконструкциялау жөнінде бір­не­ше ұсыныс қаралып жатыр. Оның біріншісі республикалық бюд­жеттен берілетін трансферт­тер есебінен ойлас­ты­рылса, екіншісі мемлекеттің кепілдігі ар­қылы Еуропа қайта құру және даму бан­кі­мен осы жобаны қаржыландыру бойын­ша келіссөздер жүргізілуде. Қаржы 3 жылдық жеңілдік кезе­ңімен 13 жылға тартыла­ды. Қарыз қаражатын қай­тару рес­публикалық және жер­­гілікті бюджеттерден суб­си­диялау және тариф көзі ар­қылы болмақ. Сондай-ақ мемлекет-жекеменшік әріп­тестік тетігі арқылы «Daur Capital» серік­тестігімен және «Dutchcleangroup» халықаралық компаниясымен келіссөздер жасалып жатыр», дейді Қ.Абсейтов.

Жалпы, Индустрия және ин­фра­құры­лымдық даму министр­лігі Қонаев қала­сындағыдай жағдай еліміздің 27 қаласында бар екенін, 41 қалада құрылыс­тардың тозуы 70 пайыздан асатынын есептеп шығарған. Яғни бұл тек Алматы облысына ғана тән жағдай емес.

Ұлбосын ИСАБЕК,

журналист

 

Алматы облысы

Бөлісу:
Шіріген жүйе, тозған жүйке · Соңғы жаңалықтар мен оқиғалар