Спорт
2 мин оқу 4,042

Арамза әрекеттің ақыры

<p style="text-align: justify;">Қазақ жанкүйерлері өзбекстандық Одилхон Камоловты жақсы біледі. &laquo;OCTAGON&raquo; лигасында өнер көрсетіп жүрген ол Алматыға келіп, жерлес&shy;терімізбен үш рет күш сынасты. Сол жарыстарда Камолов Айдар Әліпхан мен Еркебұлан Тоқтарды айқын басымдықпен жеңіп, Жақсылық Тұрсынбайдан ойсырай жеңілді.</p>

Арамза әрекеттің ақыры

Дәл осы Одилхонның басы қазір үлкен дауға қалды. Мәселенің мәнісі мына­дай: 4 наурызда Ташкенттегі «OCTAGON-42» турнирінде ол «Камил Ка­ратэ» деген жанама есіммен танылған Тәжік­станның танымал спортшысы, кумитэден әлем чемпионатының күміс жүлдегері Камариддин Хасановпен күш сынасты. Торға кірмес бұрын-ақ қарсыластар жекпе-жек төңірегіндегі жағдайды шегіне жеткізіп, әлеуметтік желі арқылы бір-бірін оңдырмай бала­ғаттады. Тіпті екеуі Ташкенттегі дәмха­налардың бірінде төбелескен де көрі­неді. Осылайша, көпшілік тағатсыздана күткен айқас өтетін күн де келіп жетті. Бірақ бірінші раундта «Камил Каратэ» қолын қатты жарақаттап алып, бәсеке мерзімінен бұрын тоқтатылды. Ақыры бұл жекпе-жектің нәтижесі есепке алынған жоқ.

Кейін мәлім болғандай, аталған жарыс­тың өтуіне бір күн қалғанда Ка­ма­риддин Хасанов орналасқан қонақ­үйге Одилхон Камолов келіп, оның бірінші раундта ұтылуын өтінген екен. Сол «қызметі» үшін 6 мың АҚШ дол­лары көлемінде қаржы ұсынған. Жар­тысын қазір аласың, қалғанын жекпе-жек аяқталған соң беремін деп уәде етіпті. Екіжақты «келіссөздер» бары­сын бейнебайланыс арқылы өзбек спорт­шысының ресми өкілі Дил­шод Омиров бақылап отырған. Ол: «Жа­рыс Өзбекстанда өтетіндіктен, біздің жеңілуге қақымыз жоқ. Одилхон қа­лай да ұтуы керек. Егер сен келісім берме­­сең, онда біз бұл жекпе-жекті өткізбеу­дің бір амалын табамыз», деп ке­сіп айтқан.

Жоғарыдағы ұсынысқа келіскендей сыңай танытқан «Камил Каратэ» қар­сыласы қонақүйден кеткен бетте бірден «OCTAGON» лигасының бас менед­­же­рі Павел Берсеневке келіп, осы жағ­дай­ды басынан аяғына дейін баян­­дап береді. Және де алдын ала келі­сіл­ген кездесу­лерге қатысуға өзінің ­еш құл­қы жоқ екенін де айтады. Сонымен қатар сал­мағы өзінен әлдеқайда ауыр қарсыла­сымен күш сынасуға әзір екенін де мәлім еткен. Ал бұл бәсекенің қалай аяқталғанын біз жоғарыда баяндадық.

Жарыс аяқталғаннан кейін атал­ған лиганың президенті Нұраддин Садықов ғаламтор арқылы барша жан­күйерге ресми түрде мәлімдеме жасап, жағдайдың мән-жайын тәптіштеп тұрып түсіндіреді. Ал осындай арамза әрекетке барған Одилхон Камоловқа қандай жаза қолданылатыны алдағы уақытта белгілі болады.

Бөлісу:
Арамза әрекеттің ақыры · Соңғы жаңалықтар мен оқиғалар