Мектеп
2 мин оқу 612

Ауылдағы тірек мектебі

<p style="text-align: justify;">Құрманғазы ауданының Сафон ауылындағы орта мектепке қазақтың әйгілі ақыны Қадыр Мырза Әлінің аты берілген. Білім ордасы облыс орталығынан 276 шақырым қашықта орналасқан. 362 оқушыға 54 мұғалім дәріс береді.</p>

Ауылдағы тірек мектебі

Білім ордасы «Ауылдық ай­мақтардағы тірек мектеп­тері­нің әлеуетін арттыру» жобасына енгізілген. Соған сәйкес 27 оқу сыныбы мен қо­сымша кабинеттер қайта жасақталған. «Қазақстан халқына» қорынан бөлінген 249 млн 825 мың теңге демеу­шілік қаржыға қажетті құ­рал-жабдықтар сатып алынған.

– Ауылдар мен қалаларда орналасқан мектептер арасын­да алшақтық байқалады. Білім беру сапасы әсіресе, елді мекендердегі мектептерде төмен деген көзқарас бар. Бұл – баршаны ойлантатын жайт. Мұндай мәселені жүйелі әрі кешенді шешу үшін «Қа­зақстан халқына» қоры серік­тес­термен бірге ауылдық тірек мектептерді дамыту жөнінде ше­шім қабылдады. Осыған байла­нысты «Ауылдық жерлердегі тірек мектептердің әлеуетін дамыту» бағдарламасы аясында 17 ауылдық тірек мектепті жаб­­­дықтап, әдістемелік қолдау көрсетуді қолға алдық. Осы кезге дейін өңірлерде 11 мектеп қайта жарақтандырылды. Осылайша, білім сапасын көтеру үшін жаңа жабдықтар мен дағдылар шағын жинақты мектептерге ба­ғытталады. Өйткені мұндай ша­ғын мектептерде материалдық-техникалық базаның ескілігі мен кадр жетіспеушілігі секілді өзекті мәселе бар, – дейді қоғамдық қордың басқарма төрағасының орынбасары Ләззат Шыңғысбаева.

Мектеп директоры Сабыржан Жұпарғалиевтың айтуынша, басқарушы құрамның білік­ті­лігі шыңдалған. Өзі жә­не әдістеме, инновациялық жұ­мыс жөніндегі орынбасарлары педагогикалық шеберлік орта­лығы ұйымдастырған «Мектепті тиімді басқару: мектеп командасы мен білім сапасы» курсында білім жетілдірген. Ал ұстаздар үшін «Бағалауды қалыптастыру» тақырыбында дәріс өткізілген. Математика, информатика, ағыл­шын тілі, биология, қазақ тілі және физика пәндерінің мұғалімдері аталған орталықта біліктілігін арттырған.

– Мектебіміз толықтай жаңар­ды. Интерактивті тақталармен, басқа да қажетті жабдықтармен қамтылды. Бұрын қолымыз жет­пей жүрген STEM кабинеті ашылып, оқушыларға жаңа мүмкін­діктер ашылды. Еңбек пәні үшін арнайы жабдықтар алынды. Қыз­дарымыз тігін машинкасымен іс тігуді үйреніп жүр. Оқушылар түрлі робот құрастырады. Енді бұл мектепте алаңсыз жұмыс іс­теуге, балалардың сапалы білім алуына барлық жағдай жасалды. Келешекте білім сапасы артады, – дейді С.Жұпарғалиев.

Атырау облысы 

Бөлісу:
Ауылдағы тірек мектебі · Соңғы жаңалықтар мен оқиғалар