Жаңалықтар
1 мин оқу 310
Жаңа мешітте болды
Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Астанадағы Қабанбай батыр даңғылы бойында орналасқан жаңа мешітте болды, деп хабарлады Президенттің баспасөз қызметі.
Елбасы Қазақстанның барша мұсылман қауымын қасиетті Рамазан айымен құттықтады.
– Бұл айда жұрттар, Құран Кәрімде өсиет етілгендей, ораза ұстайды. Құран қағидаттарына сәйкес, осы айда адам баласы Аллаға жақындай түседі және олар мейірім, бақыт, береке-бірлік, толеранттылық, өзге жандарға қайырымдылық жасау, күнәларынан арылу және медет тілеу жөнінде ойлануға тиіс. Еліміздің барша мұсылмандарына ұлық Ораза айының сынағынан сүрінбей өтуді тілеймін, – деді Қазақстан Президенті.
«Пригородный» тұрғын алабында, Арнасай көшесі мен Қабанбай батыр даңғылының қиылысында орналасқан жаңа мешітті көру барысында Нұрсұлтан Назарбаев оның елордадағы сегізінші мешіт екенін атап өтті.
– Мешіт елордамызға келетін қонақтар үшін қолайлы. Болашақта бұл мешіт тек ізгілік пен бірліктің құтты мекені болады деп сенемін, – деді Мемлекет басшысы.
Мешіттің жалпы алаңы – 1087,6 шаршы метр, жерінің аумағы – 8 гектар, мұнарасының биіктігі – 28,9 метр. Ғимараты 1500 адамға лайықталған.Бөлісу: