Спорт
2 мин оқу 270

Алтын белбеу Алатоо асты

<p style="text-align: justify;">Алматыда аралас жекпе-жектен &laquo;Octagon 43&raquo; турнирі өтті. Бұл жарыста өз отандастарымыздан бөлек, алыс және жақын шет мемлекеттерден келген бірқатар танымал спортшылар өнер көрсетті.</p>

Алтын белбеу Алатоо асты

Аса қызықты бәсеке жартылай жеңіл салмақтағы Нұрсұлтан Қасымханов пен ирандық Мор­теза Резаи (6-2) арасында өтті. 31 жастағы Жетісу облысы Ала­көл ауданының тумасы бұ­ған дейін қазақ күресімен айна­лысқан. 2014 жылдан бері аралас жекпе-жекке мықтап ден қойып, Алматыда іргетасы қаланған «Алаш Прайд» клу­бының намысын қорғады. Сол аралықта Касымханов 14 кездесу өткізіп, 10 рет жеңіске жетті. Бұл бәсекелердің тең жартысын айқын басымдықпен аяқтады. 2018-2021 жылда­ры Чешенстанның АСА про­­моушенінде күш сынас­ты. Аталған жарыста бес рет ок­тагонға шығып, үшеуінде жеңілістің кермек дәмін татты. Соңғы рет Мәскеуде Ресейдің мықты файтері Алексей Пол­пудниковтан ұтылғаннан кейін бір жарым жыл уақыт демалды.

Алатау баурайында Нұр­сұлтан Иран спортшысы Ре­займен аянбай айқасты. Ал­ғашында Парсы елінің өкілі әжептәуір қарсылық көр­сет­ті. Бірақ уақыт озған сайын қа­рқынын күшейткен қан­дасымыз оңтайлы сәт­ті ұтымды пайдаланып, қар­сыласын ұрып жықты. Мор­теза құлаған бетте бірнеше ауыр соққы жұмсап үлгерді. Төрешінің жекпе-жекті тоқ­татудан басқа амалы қалмады.

Аталған турнирдің басты бәсекесінде жартылай жеңіл салмақтағы Айваз Айдинов (5-1) пен қырғызстандық Ілімбек Ақылбекұлы (6-1) күш сынасты. Бірінші раундта жерлесіміз қарсыласын нокдаунға жіберген еді. Бірақ бұл жағдай Алатаудың арғы жағынан келген жігіттің сағын сындыра алған жоқ. Ай­қас алаңында барын салған ол үшінші раундта Айдынды «қылқындыру» әдісімен ұтты. Осы­лайша, Асылбекұлы атал­ған промоушеннің алтын бел­беуімен қатар, 10 мың АҚШ дол­лары көлемінде сыйақыны қалтасына басты.

Бөлісу:
Алтын белбеу Алатоо асты · Соңғы жаңалықтар мен оқиғалар