Денсаулық
2 мин оқу 430

Көрер жарығы бар екен

<p style="text-align: justify;">Павлодарлық ақ желеңділер жаңа туған сәбидің өмірін сақтап қалды. Шақалақтың асқорыту және ішек мүшелері анасының құрсағында жатқанда толыққанды жетілмей, туған сәтте денсаулығынан ауытқулар байқалған.</p>

Көрер жарығы бар екен

Өңірлік денсаулық сақтау басқар­ма­сының мәліметінше, нәресте дү­ниеге келгенде оның өңешінің дұрыс дамымағаны, айналшық саңы­лауының болмауы және тік іше­гінің әдеттегіден өсіп кеткені бай­қал­ған. Дәрігерлер баланы бірден пери­наталдық орталықтан облыстық ба­ла­лар ауруханасына жеткізіп, жедел түрде операция жасады.

– Дәрігерлер операция барысында сәби өңешінің төменгі жағын асқа­занмен байланыстырып, тік ішек арқылы айналшық саңылауын жа­сады. Қазіргі күні ағзаның өмірлік маңызды қызметтері қалпына келіп, сәби өзін жақсы сезініп жатыр. Баланың өміріне төнген қауіп жоқ, – дейді басқарманың баспасөз хат­шысы Мақпал Қаржаубай.

Медицина қызметкерлерінің ай­туынша, педиатриядағы өңештің бі­теулігі туабітті аурулардың ішін­дегі ең ауыр түрлеріне жатады. Хирургиялық операция жедел түрде жасалмаса, ағзаның өміршеңдігін сақтап қалуға мүмкіндік бола бер­мейді. Мұндай ауытқулар меди­ци­налық көмек дер кезінде көрсетілмесе, сәбилердің өліміне алып келеді. Яғни операция алғашқы 36 сағат ішінде жүргізілуі керек. Өңеш бітеулігі жаңа туған балалардың 0,1-0,4 пайызында кездеседі екен. Ал айналшық ауыт­қуы 5 мың сәбидің біреуінен табылуы мүмкін. 2021 жылы облыстық ба­лалар ауруханасында өңеш бітеулігі бойынша – 1, ал былтыр 5 жағдай тіркеліпті.

Жалпы, баланың түрлі ауытқу­мен дүниеге келуі көбіне анасы­ның денсаулығына және жағымсыз экологиялық жағдайға байланысты екенін айтады ақ желеңділер. Мәселен, Денсаулық сақтау министрлігі ұсын­ған ресми статистикаға сүйен­сек, Павлодар облысында темір­тап­шылықты анемия диагнозы қойыл­ған жүкті әйелдердің үлесі 48,4 пайыз­ды құраған. Бұл көрсеткіш бо­йынша өңіріміз республикада екін­ші орында тұр. Дәрігерлер жүк­тілік кезінде дұрыс күтінбеу, жеткілікті тамақтанбау, зиянды әдет­терге жол беру баланың туабітті ауыт­қу­шылығына апарып соғатынын ескертеді.

Павлодар облысы 

Бөлісу:
Көрер жарығы бар екен · Соңғы жаңалықтар мен оқиғалар