Еңбек
2 мин оқу 302

Боцман

<p style="text-align: justify;">Каспий теңізінің ғана емес, еліміздің тыныштығын, бейбіт өмірін қорғау жолында кірпік қақпай көк айдын төсінде жүрген жігіт шәкірт тәрбиелеуге, білгенін жастарға үйретуге құштар екен. Осылайша, өз қызметін сүйетін боцман &laquo;зейнетке осы қызметтен шықсам&raquo; деп армандап қояды...</p>

Боцман

...Нұрлан Санатаевты ке­медегі жұмысына өмір тол­қын­дарының өзі қақпақыл­дап әкелгендей. 1993 жылы 10 қыр­күйекте Маңғыстау об­лысының Бейнеу ауылын­да өмірге келген ол Ы.Алтын­са­рин атындағы орта мектептің 9 сыныбын бітірген соң кәсіп­тік лицейде оқып, оператор мамандығын алады. 2011-2012 жылдары Луговой станса­сындағы №42062 құрлық әскери бөлімінде Отан алдын­дағы азаматтық борышын өтеп, ту­ған ауылына оралған соң тұ­рақты жұмыс табыла қой­майды. Жүк тасымалдаушы, күзетші, жүргізуші сынды жұмыстарды тапқанымен, табысы аз әрі кейбірі мерзімдік, маусымдық жұмыстар болып шығады. Нұрлан көп ойлана келе 2015 жылы туған кү­нін­де Ақтаудағы №21814 әскери бөлімімен келісімшартқа қол қойып, әртекті кемелер диви­зионы «Сарыарқа» зымыран артиллериялық бөлімінің тех­нигі болып орналасады. Екі жыл техник болып теңіз­дегі әскери өмір, кемедегі жауапкершілік туралы біраз тәртіп-талапқа үйреніп қалған Н.Санатаев 2017 жылы аталған бөлімнің топ басшысы болып тағайындалады. Араға 4 жыл салып қызметіне тиянақты жас жігітті басшылық кеме боцманы – бас старшина етіп тағайындайды. Қазір Н.Санатаев кеменің ішкі таза­лы­ғы, тамақ, көрпе-төсек, киім-кешек, арқан, катер, зәкір, та­мақ­тың сақталуы сынды жауапты міндеттер жүктелген қызметті шырқ үйіріп жүр.

«Өзім құрлық әскерінде болдым, қызметке орналасқан соң кемемен теңізге алғаш шығу оңай болған жоқ, теңіз ауруымен ауырып тұрдық. Қа­зір жұмысыма әбден үйрендім, өзіме ұнайды, 8 жыл бойы тұ­рақ­ты осы «Сарыарқа» кемесін­демін. Келешекте білімімді же­тіл­діріп, келісімшарт мерзі­мін ұзартқым келеді», дейді Нұрлан Қаржауұлы.

Қыс мезгілінде теңізге сиректеу шыққанымен күн жылынысымен аптасына 2-3 рет, кейде апталап теңізде болады. Аса жауапты қызметке орналасқан соң облыстың ең шалғай ауданындағы ата-анасын Ақ­тау­ға көшіріп әкел­ген болатын, бүгінде қа­ра шаңы­рақтағы «ата-ана қолын­дағы бала» атанған Нұрланның отбасында кішкентай ұлы мен қызы өсіп келеді.

«Сарыарқа» кемесімен түрлі әскери халықаралық сайыстарға қатысып жүр­ген Нұрлан: «Әлі бірінші орын бұйырмай тұр», деп күледі ауыл баласына тән аңқыл­даған адалдықпен. 2016 жы­лы Тәжікстанда өткен халық­аралық «Теңіз кубогі» сайы­сында додаға қатысушы «Орал» кемесіне қосымша боц­ман ре­тін­де барып, екеуі 2-орынды місе тұтса, 2017 жы­лы осы са­йыс Бакуде өтіп, «Сарыарқа» эки­пажы 2-орын­мен оралды. Араға екі жыл салып Әзербай­жан аста­на­сынан тағы да 2-орын­­­ды еншілесе, 2021 жы­лы Иран­­­да өткен сайыс­та судан құтқару кезеңі бойын­ша «Са­ры­­­арқа» кемесінің тобы 1-орын­ды иеленді, ал 2022 жы­лы кеме тобы «Теңіз кубогі» халықаралық сайысынан 2-орын­ның жалауын желбіретіп оралды.

Маңғыстау облысы

Бөлісу:
Боцман · Соңғы жаңалықтар мен оқиғалар