Өнер
2 мин оқу 156

Өнердің үлкен олжасы

<p style="text-align: justify;">Әрдайым тың форма мен тосын шешімдерді қойылымдарына өзек еткен &laquo;Астана Опера&raquo; театрының ұжымы жақында тағы бір тамаша туындының тұсауын кеспек. 13 және 14 мамыр күндері Вольфганг Амадей Моцарттың музыкасына қойылған Иржи Килианның &laquo;Кішкентай өлім&raquo; атты танымал бір актілі балеті тұңғыш рет Қазақстанда &laquo;Астана Операның&raquo; Үлкен залы сахнасында көрерменге жол тартады.</p>

Өнердің үлкен олжасы

Балет әлемінде Иржи Килианды хореография кемеңгері деп атайды. Оның спектакльдерін қою – кез келген театр үшін абырой болса, ал балет труппасы үшін – үлкен шеберлік мектебі. Демек, көрнекті еуропалық хореографтың классикалық қимыл-қозғалыстың жоғары стандарттарына сай қойылған үздік жұмысы махаббат туралы үздік қойылым ғана емес, театр репертуары үшін де зор табыс екені даусыз. Әлемдік балет жұлдызы, «Астана Опера» балет труп­пасының көркемдік жетекшісі Алтынай Асыл­мұратованың бастамасы­мен қойыл­ған хореографиялық ғаламат туынды балетсүйер қауым үшін тамаша тарту болары анық.

– Мен «Астана Операда» классикадан бастап неоклассикаға дейін балет тарихында болған үздік шығармаларды көрсеткім келеді. Балетте бір­тұтас бағыттың негізін қалаған Иржи Килиан өз дәуірінің ең кемеңгер хореографы саналады. Заманымыздың балетмейстерлерінің жаңа саңлақтар тобы дәл содан басталады. Мен осы­ған дейін театрымызда Иржи Килиан­ның қойылымдары көрсетілсе екен деп армандайтынмын. Оның ойлы ба­леттері көп, әйтсе де ең танымалдары – «Алты би» мен «Кішкентай өлім». Арманым орындалып, «Алты биін» былтыр театрымыздың сахнасын­да қойдық, енді міне, репертуарымыз «Кішкентай өліммен» толықпақ. Бұ­лар «ақ-қара түсті» балеттер топтамасына жатқызылады, себебі аталған спектакльдерде түрлі-түсті костюмдер мен декорациялар жоқ, – деп Алтынай Асылмұратова алдағы қойылым­ның ерекшелігін  атап өтті.

Бекзат өнер бағалаушыларының есінде болса, былтыр наурыз айын­да «Астана Опера» сахнасында чех хореографының «Алты би» бале­ті­нің тұсаукесері зор табыспен өт­кен болатын. Әзіл-оспақ сюжет­тік қай­шылықтарға емес, таза хорео­гра­фияға негізделген комедиялық балет­тің сирек кездесетін өзгеше түрін ел­ордалық өнерсүйер қауым ыстық ықы­ласпен қабылдады.

Айтулы қойылымда Нидерланд би театрының балетмейстері әрі пре­мьері Стефан Жеромский Иржи Ки­лианның ассистенті болады. Көр­кемдік-қойылым бөлімінің жетекшісі ретінде таңдалған Юст Бигелар балетті жарық, декорация және костюммен көркемдейді. «Кішкентай өлімнің» басты ерекшелігі – қойылымда қара жұмсақ декорациялар мен роликтердегі жылжымалы кринолин көйлектер қолданылады. Барлығы минималис­тік стильде, ақ-қара түске құрылған. Қойы­лым сонысымен де ерекше.

Демек, сезімге құрылған балеттің айтулы премьерасы бекзат өнер жан­күйерлері үшін, шын мәнінде, үлкен жаңа­лық болары сөзсіз.

Бөлісу:
Өнердің үлкен олжасы · Соңғы жаңалықтар мен оқиғалар