Әлем
2 мин оқу 460

Өзбекстанда өткен референдум

<p style="text-align: justify;">Өзбекстанда Конституцияға өзгерістер енгізуді қолдаған референдум өтті. Осылайша, көрші елдің Ата заңы 65 пайызға жаңарды. Елдің басты құжатында жерді жекеменшікке беру, өлім жазасын алып тастау, сондай-ақ президенттік мерзімді бес жылдан жеті жылға дейін ұзарту секілді мәселелер бар.</p>

Өзбекстанда өткен референдум

Енді Өзбекстанның қазіргі президенті билік орынтағына қайта сайлануға құқылы. Осы елдің БАҚ мәліметі бойынша Өзбекстанның ОСК басшысы Зайниддин Низамходжаев бас­ты заңның жаңа редакциясын 90,21 пайыз халық қолдағанын хабарлаған.

«Референдумға шыға­рылған мәселені қолдап 15 040 056 адам дауыс бер­ді, бұл – дауыс беруге қа­тыс­­қандардың 90,21 пайызы. Дауыс беру ұлттық заң­на­­маға және халықаралық стан­дарттарға сәйкес өтті», деді З.Низамходжаев ОСК бри­фингінде.

Орталық сайлау комис­сия­­сы басшысының ақпара­тына сәйкес учаскелерге кел­­ген­­дердің 9,35%-ы конс­­титу­­ция­лық заң жобасы­на қар­сылық біл­дірген, бюлле­теньдердің 0,49%-ы жарамсыз деп танылды.

Нәтижесінде, Өзбекстан Конституциясы 65 пайызға жаңар­­тылып, 27 жаңа бап ен­гізілген, осылайша баптар­дың жалпы саны 155-ке жетті. Заңға енгізілген өзгерістердің бірі президенттің өкілеттік мерзімін бес жылдан жеті жылға дейін ұлғайтуды көздейді.

Сондай-ақ басты құжатта сенаторлар санын 100-ден 65-ке дейін қысқарту, пар­ла­мент­тің төменгі пала­та­­сының бюджеттің атқа­ры­луын бақылау жөніндегі өкілеттіктерін бекіту, өлім жазасына тыйым салу, ел азаматын шет мемлекетке беруге тыйым салу баптары бар. Бұған қоса Өзбекстанның не­гізгі заңында азаматтық қоғам институттары және олардың қызметінің кепілдіктері туралы тарау енгізілген. Ал Өзбекстан Конституциясы 1992 жылы қабылданған, содан бері елдің басты заңына 15 рет өзгерту енгізілген.

«Anadolu» агенттігінің мә­лі­меті бойынша жалпы­ха­лықтық дауыс беруге арнал­ған бюллетеньде бір ғана сұрақ қойылған: «Сіз «Өз­бекстан Рес­публикасының Конс­ти­туция­сы туралы» Өз­бек­стан Рес­пуб­ликасының Конс­титу­ция­лық заңын қа­былдайсыз ба?». Оған «иә» немесе «жоқ» деп жауап беру қажет болған. 2023 жыл­­дың 10 наурызында Өз­бекстан Парламентінің Заң шығару палатасы «Өзбек­стан Республикасының Консти­туциясы туралы» жаңа конс­­­­титуциялық заң жобасын ма­­­­құлдап, республика конс­ти­туциясына өзгерістер мен толықтырулар енгізу бойын­­­ша референдумды 30 сәуірге белгілеу туралы ше­шім қабыл­даған еді. Өз­бек­­станның ОСК басшысы ха­барлағандай, референ­думда ешқандай заң бұзушы­лықтар тіркелмеген, сая­си іс-шара сәтті өткен.

Мемлекет басшысы Қа­сым-Жомарт То­қаев Пре­зи­дент Шав­кат Ми­рзиёев­ті Өзбек­стан Респуб­лика­сының Консти­туция­сына өзгерістер енгізу жөнін­дегі жалпыхалықтық референ­думның сәтті өтуімен құт­тықтады. Қасым-Жомарт Тоқаев жалпыұлттық таңдау еркінің қорытындысы Прези­дент Шавкат Мирзиёевтің стратегиялық бағдарына өз­бек халқының зор сенім біл­діріп, қолдағанының дәлелі екенін атап өтті. «Қазақстан мен Өз­бек­стан президенттері екі ел арасындағы стратегия­лық се­рік­тестік пен ынты­мақтас­тық­ты нығайтуға ниет­ті екенін тағы да растады», делінген хабарламада.

Бөлісу:
Өзбекстанда өткен референдум · Соңғы жаңалықтар мен оқиғалар