Сейдахмет Бердіқұлов мұрасы

<p style="text-align: justify;">&laquo;Egemen Qazaqstan&raquo; газетінің редакциясында Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің іс-шаралар жоспарына сай&nbsp;&laquo;Сейдахмет Бердіқұлов мұрасы және қазіргі журналистика&raquo; атты дөңгелек үстел ұйымдастырылды. Белгілі қаламгер, көр&shy;некті көсемсөз шебері, қазақ спорт журналистикасының негізін қалаушы тұлғаның 90 жылдығына орай өткен бас&shy;қосуда жылы естеліктер, тағылымды әңгімелер айтылды.</p>

Сейдахмет Бердіқұлов мұрасы

Дөңгелек үстелде мемлекет және қоғам қайраткерлері, әр жылдардағы «Egemen Qazaq­stan»-ның басшылары Са­уытбек Абдрахманов, Уәли­­хан Қалижанұлы, танымал қаламгерлер Жарылқап Бей­сенбайұлы, Жан­болат Аупбаев, Қуаныш Жиен­бай, Бауыржан Омаров, Қыдырбек Рыс­бек қа­тысып, ойларын ортаға салды.

С.Абдрахмановтың айтуынша, Сейдахмет Бердіқұлов – бұрынғы одақ көлемінде мойындалған спорт журналисі. Футболдың феноменін, қа­дір-қасиетін қазаққа алғаш түсіндіріп берген де – сол кісі. Әсі­ресе қазақ жастарының бойына намысшылдықты егу тұрғысынан ерекше еңбек етті.

У.Қалижанұлы қаламгердің ұйымдастырушылық қасие­тіне кеңірек тоқталса, Ж.Бейсен­байұлы идеяшылдығына ерек­ше екпін бере сөйледі. Ж.Ауп­баев Сей­дағаңның «Лениншіл жастың» редакциясында түрлі кездесулер ұйымдастыруға ұйытқы болғанын айтты. Сөзіне мысал ретінде Ла Скаладан келген Амангелді Сембинмен, антрополог Ноэль Шаяхметовпен, түр­кітанушы Иштван Қоңыр­мен, алты құрлықтың бесеуіне аяғы тиген жазушы Әнуар Әлім­­жановпен болған кезде­су­лерді алға тартты.

Қ.Жиенбай қаламгердің көп­шілікке беймәлім адами қа­сиеттері туралы ой қозғаса, шә­кірт­тері Б.Омаров пен Қ.Рыс­бек абзал ағалары хақында қызықты ес­те­ліктер айтты.

– Редактор ретінде Сей­дахмет Бердіқұлов тәртіп пен қағидаттың адамы еді. Аса жауапты кезде ол талай қаламгерге қорған бола білді. Оның мектебінің журналистика тарихында айрықша орны бар, – деп сөзін қорытындылады Бауыржан Омаров.

– Бүгінде «Қазақ газеттері» болып қайта жаңғырғанымызды көзіқарақты көпшілік жақсы біледі. Оның құрамында бір­неше басылым бар. Соның бірі – «Ұлан» газеті. Бұл – бұ­рынғы «Қа­зақстан пионері». Сейдахмет Бер­діқұлұлы кезінде дәл осы басылымды басқарған. Сондықтан қаламгердің мерейтойы бәрімізге ортақ. Бүгінгі дөңгелек үстел журналистер қауымы үшін шеберлік сыныбы болды, – деді «Қазақ газеттері» ЖШС бас директоры Дихан Қамзабекұлы.

Бөлісу:
Сейдахмет Бердіқұлов мұрасы · Соңғы жаңалықтар мен оқиғалар