Кавендиш – төртінші орында
<p style="text-align: justify;">Бұл күндері Апеннин түбегінде ве­ло­шабандоздардың «Джиро д’Ита­лия» көпкүндігі өтіп жатыр. Кеше бе­сінші кезең өз мәресіне жетті.</p>

Атрипальда мен Салерно қалалары аралығын жалғастырып жатқан 171 шақырымдық қашықтықта Аустралияның жүйірігі Кэйден Гровс (Alpecin-Deceuninck) шашасына шаң жұқтырмады. Ол мәре сызығын 4 сағат 30 минут 19 секундта қиып өтті. Екінші және үшінші орындарды италиялық Джонатан Милан (Bahrain - Victorious) мен даниялық Мадс Педерсен (Trek - Segafredo) иеленді. «Астананың» сапында өнер көрсетіп жүрген ұлыбританиялық Марк Кавендиш төртінші сатыға табан тіреді.
Ал жалпы есепте норвегиялық Андреас Лекнессунд (Team DSM) жеке-дара көш бастап тұр. Оны бельгиялық Ремко Эвенепул (Soudal-Quick Step) мен франциялық Орельен Паре-Пинтре (AG2R Citroën Team) өкшелеп келеді. «Астана» клубы мүшелері арасында ең үздік нәтиже Симоне Веласкоға тиесілі. Ол әзірше 29-орында.