Құрылыс
2 мин оқу 340

Бес мердігер жауапқа тартылды

<p style="text-align: justify;">Бұл күнде облыс орталығы мәртебесін иеленген Семей қаласында көп қабаттты тұрғын үйлер көптеп салына бастады. Мұндайда құрылыс сапасын қатаң бақылау қажет.</p>

Бес мердігер жауапқа тартылды

Абай облысының бақылау бас­қар­­масы басшысының міндетін атқа­­рушы Азамат Байқазақовтың бас­пасөз мәслихатындағы мәлімдемесі бойынша, құрылыс-монтаждау жұ­мыс­тарының тиісті сапасы үшін 5 мер­­дігер ұйым әкімшілік жауап­кершілікке тартылған. Әсіресе Семей қаласының көпқабатты тұрғын үйлерінің құрылыс нысандарында тиісті талаптардың ескерілмегені, бұзушылықтарға жол берілгені анықталып отыр. Жаңадан бой көтерген 19 нысанға жоспардан тыс тексерулер жүргізілгенде, оның 15-і жобалау-сметалық құжат­тамадан ауытқумен салынғаны анықталған. Тіпті кейбір мердігер компанияның тұрғын үйлерді бұрын пайдаланылған құрылыс материалдарынан салғаны да өз міндетіне салғырт қарағанын айғақтайды.

«Тексеру нәтижесінде белгілі бол­ғанындай, құрылыс компания­лары көп жағдайда құрылыс сала­сындағы заңнаманы білмейді. Одан қал­са, жобалық құжаттаманың сапасыз әзірленуі салдарынан құрылыс-монтаждау жұмыстары да дұрыс жүргізілмейді. Техникалық және авторлық қадағалаудың әлсіздігі де құрылыс жұмыстарындағы олқы­лыққа жол беріп отыр. Соның салдарынан құрылыстағы заңнама мен мемлекеттік нормативтердің бұзылуы орын алады», дейді А.Байқазақов.

Абай облысының бақылау бас­қар­масы жыл басынан бері азаматтар­дың 397 өтінішін қабыл­дап, сәулет-құрылыс бақылау және қадағалау саласында 46 жос­пардан тыс тексеру жүргізген. Тексеру нәтижесінде 32 субъект әкімшілік жауапкершілікке тар­тылған. Басқарма жұмысының қо­рытындысы бойынша жалпы сомасы 23,6 млн теңгені құрайтын 68 әкімшілік іс қозғалған. Оның 32-сі әкімшілік сотқа шешім қабылдау үшін жіберілген жайы бар.

Тағы бір айтар жайт, көп қабат­ты үй құрылысын жүргізу кезінде қауіп­сіздік талаптары да сақтала бермейді. Жыл басынан бері 4 айда 39 оқыс оқиға тіркелген. «Жазатайым оқиғалардың орын алуына көбіне кәсіпорындарда еңбек қауіпсіздігін қамтамасыз етуге жауапты тұлғалардың жұмысты салғырт ұйымдастыруы себеп болып отыр», дейді А. Байқазақов.

Абай облысы

Бөлісу: