Қоғам
2 мин оқу 510

Ономастикадағы өзгерістер

<p style="text-align: justify;">Ономастика мәселесіне жүрдім-бардым қарауға болмайды. Өйткені елді мекендердегі ескірген атаулардан құтылуды желеу етіп қана қоймай, реті келсе, &laquo;көкесіне көше беріп, ауылының атын атасына ауыстырудың&raquo; ыңғайын іздегендер де аз емес. Алайда жергілікті атқарушы билік дәл осы мәселеге жете мән беріп отыр.</p>

Ономастикадағы өзгерістер

Облыстық Мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының мәліметінше, былтырдан бері Ая­гөз, Бородулиха және Үржар аудан­дарының идеологиялық тұрғыдан ескірген көшелерін қайта атау бо­йын­­ша шешім қабылданып, Абай облысының өңірінен шыққан бел­гілі тұлғалардың есімдері нақты­ланған. Сол негіз бойынша, респуб­ликалық ономастика комиссиясымен мақұлданатын тарихи тұлғалар тізіміне енгізу үшін тиісті органға жолданған жайы бар. Атап айтқанда, биыл Абай облыстық ономастика комиссиясының бір отырысы өткізіліп, Аягөз, Бесқарағай, Боро­дулиха, Үржар аудандарының 44 көшесін қайта атап, 1 мәдениет, 28 білім беру мекемесіне белгілі тұл­ға­лардың есімдерін беру туралы ұсыныстар қаралған. Комиссия қоры­тындысы бойынша аталған аудандардың идеологиялық тұрғыдан ескірген 19 көшесін қайта атау жайы нақты шешімін тапқаны қуантады.

Бір қызығы, облыстың Бесқара­ғай, Бородулиха аудандарында осы уақытқа дейін отыз жыл бойы Ленин, Киров есімімен аталатын кө­ше­лер сақталып келген еді. Қазір атал­ған аудандардың Ленин көше­ле­ріне Абай Құнанбайұлы, Шәкә­рім Құ­дай­­бердіұлы, Дінмұхамед Қо­наев­тың есімдері берілсе, Киров кө­ше­лері Байтақ, Аманат, Жібек Жолы көше­лері деп қайта аталуына облыс­тық комиссияның нақты шешімі шықты.

Мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының басшысы Айдар Ибраевтың мәліметіне сүйенсек, облыс аумағындағы 27 білім және мәдени нысанға жаңа атау­лар беру республикалық комиссия қарауына ұсынылып отыр. Атап айтқанда, Семей қаласының №1 балалар музыка мектебіне – Латиф Хамиди, №18 жалпы орта мектепке – Әлімхан Ермеков, Абай ауданындағы бір мектепке – Құнанбай Өскенбайұлы, Аягөз ауданының №1 мектебіне – Абай Құнанбайұлы, Жарма ауданының орталықтандырылған кітапхана жүйе­сіне – Дулат Бабатайұлы, Көкпекті ау­да­нының оқушылар шығармашылық сарайына Әміре Қашаубаевтың есімін беру тәрізді ұсыныстар енгізілген.

Облыс орталығы Семейдегі кө­ше атауларының тақтайшаларын жаңарту жұмыстары да жандана түскен. Бүгінгі таңда Семей қаласының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімінің мәліметтерінде көрсе­тілгеніндей, Шәкәрім, Мұхтар Әуезов даңғылдарында, Мәңгілік ел, Қабанбай батыр, Бауыржан Момышұлы, Жамбыл, Федор Достоевский көшелерінде 2858 аншлаг әзірленіп, іліне бастаған. Келесі кезекте Абай, Шоқан Уәлиханов, Қайым Мұхамедханов, Әсет Найман­байұлы, Міржақып Дулатұлы, Мағжан Жұмабаев, Қаныш Сәтбаев, Алаш Қозбағаров, Айткеш Ибраев, генерал Беспаев, Төлеубай Аманов, Жақия Шайжүнісов, академик Пав­лов, Жүсіпбек Аймауытов, Бекен Жамақаев, Шырақбек Қабылбаев, Ке­шірім Бозтаев, Жәнібек Карменов, Мәжит Бегалин көшелерін де қамту жоспар­ланып отыр.

Абай облысы

Бөлісу:
Ономастикадағы өзгерістер · Соңғы жаңалықтар мен оқиғалар