Мұғалімдерге портфолио жинау міндеттелмейтін болды
<p style="text-align: justify;">Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсенбаев мұғалімдерді аттестациядан өткізу мәселесі қайта қаралатынын айтты. Бұл туралы министр Талдықорғанда ағарту саласының мамандарымен кездесу барысында мәлімдеді, деп хабарлайды <a href="/" target="_blank" rel="noopener noreferrer">Egemen.kz</a>.</p>

«Мұғалімдерді тестілеуден өткізу, аттестаттау, әуреге салып портфолио жинату мәселесі қайта қарастырылады. Биылдан бастап мұғалімдер бірінші кезекте өзінің санатын дәлелдеу үшін ешқандай портфолио жинаумен айналыспайтын болады. Өйткені бұл - жемқорлыққа итермелейтін дүниелер. Ананың туыстары жалған сертификат алып алады екен, мынаның туыстары орден, медаль алады екен. Сөйтіп, ақша жинайды. Ал ол ешкімге керек емес. Негізі аттестация - мұғалімнің жетістігі емес, мұғалімнің табысы, оқушының жетістігі арқылы бағалануы керек. Екіншіден, мұғалім қалай серитификат аламын демей, оқушының білімімен айналысуы керек», деді Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев.