Ғалым
9 мин оқу 1,450

АҚШ сыйлығын иеленген

<p style="text-align: justify;">Бұл кейіпкерімнің есімімен ертеден таныс едім. Оның мұхиттың арғы жағындағы алып Америкада ұзақ жылдан бері ғылыммен айналысып, өз саласында көптеген жетістікке жеткені туралы сүйінші хабарлар ауық-ауық естіліп тұратын. &laquo;Шіркін, қазақ баласы сондай болса&raquo; деген ізгі тілектердің оған көп айтылғаны белгілі. Ол &ndash; &laquo;нені ексең, соны орасың&raquo; деген ескі сөздің астарында бір шындықтың жатқанын күшімен де, ісімен де дәлелдеген арда азамат. Оның есімі &ndash; Нұршат Нұражы.</p>

АҚШ сыйлығын иеленген

Өркениеттің, ғылымның елі сана­­ла­тын­ АҚШ-та жиырма жылдан астам бі­лім­ алып, ғылыммен айналысып, үлкен же­тіс­тіктерге жеткен оны аталған алпауыт­ ел­ге­­ жетелеп апарған ғылымға деген шек­сіз құштарлық екен. Ата-анасы физика-мате­ма­тикадан са­бақ беретін ұстаздар болға­сын­ ба, кейіпкеріміздің осы салаға деген сүйі­с­пеншілігі тым ерте ояныпты. Сол се­беп­ті ғылымы мен техникасы дамыған ел­ге­ барып ғалым болсам деген­ ұлы­ арман оны тым ерте мұхит асырып жібер­ге­нін білдік.

Ғылымға аңсары ауған Нұр­­­шат Нұра­жы­ 2008 жылы АҚШ­тың Нью-Йорк қала­лық универ­си­тетінде химия ғылымы бо­йын­ша­ докторлықты (PhD) қорғап, өз сала­­сындағы алғашқы қадамды сәтті бас­та­­ды. Ол докторлықты оқып жүргенде он бес­тен астам ғылыми мақаласын өзінің зерт­теу саласы бойынша ең жоғарғы бедел­ге ие әлемдік ғылыми зерттеу журналдарында жариялап, ғалымдардың жақ­сы бағасын алған еді. Оның зерттеу ба­ғы­ты – нанотехнология саласы және оны қол­дану. Сол кездің өзінде жаңадан қаз тұ­рып келе жатқан нано ғылымын зерттеуге­ деген батылдық оны жерге қарат­қан жоқ. Керісінше, қатарластарынан оза шап­қы­зып­, беделін биіктетті, бағасын өсірді. Қа­зақ­ баласының да жаңа технологияларда бақ­ сынайтынын, тіпті оны бағындырып, басқа­ларды өзіне үлгі ете алатынын ол әу ­баста сезінсе керек-ті. Былайша айт­қан­­да, ол осы салаға алғаш кіріскен жыл­дар­­дағы ғылыми деңгей бойынша айтсақ, нано­­бөлшектердің қасиеттері бір-біріне ұқса­майтын құбылыста еді. Сол үшін де Нұр­шат оған айрықша қызыққаны бел­гілі. Болашақ ғалым екіұдай болмай, осы­ салада ғылыми диссертация жазуға кірі­седі. Әлемдік химия саласы бойынша­ үз­дік басылым саналатын «Journal of Ame­rican Chemical Society» (Америка хи­мия қоғамының журналы) журналын­да­ жариялаған алғашқы мақаласы оның­ есімін өзге зерттеушілермен, ғалым­дар­мен, профессорлармен таныс етті. Осы мақаласында Нұршат Нұра­жы нано­чип­тер­ді жа­сау, оның әртүрлі амал­да­­ры мен қиындықтары, қолданылу ая­­сы,­ есептеудің күш-қуаты сияқ­ты­ жаңа ғы­лы­ми­ көзқарасын біл­ді­ре­ді.­ Бұл сол кездегі на­но ғылымы үшін айта жүрерлік жаңалық бо­лып­ есептеледі.

Ой мен сананың, қиялдың кү­ші шек­сіз­ екенін ғалымдар жақ­сы­ білетіні анық.­ Әлемдегі ең ірі техно­логиялық жо­ға­ры­ ­оқу орны саналатын Массачусетс тех­­но­­ло­гиялық институтына пост-­ док­то­ран­туралық зерттеуге түс­кен Н.Нұражы үне­мі ізденіс пен­ үйренудің арқасында ойын­ жетіл­діріп, жаңа ғылыми өнімдер жасау­­ға құлшынады. Ғылыми алаң­ға зор ықы­лас­пен­ кірген ол келе­сі кезекте күнделікті тұр­мыста қол­да­нылатын компьютерлердің сыйым­­­дылығын қайткенде жоға­ры­латуға бола­ды деген ұлы сұрақ­қа­ жауап іздегісі кел­ді. Ақыры оның жауабын тапты да. Атал­ған­ нанобөлшекті жасау және оны­ қол­дану туралы бүкіл дүние жүзі­нің­ ғалым­дары тартысқа түскен сәт­те оның ғылы­ми ізденісі мен­ жасаған өнімі сәтті бо­лып шы­ға­ды. Осы өнімді қалай жасау жө­нін­­дегі ғылыми мақаласы «Advanced Mate­rials» журналында жа­рық көріп, Нұр­шат­ Нұражы есі­мі ғылым кеңістігінде та­ғы бір рет жарқырады. Көп өтпей Халық­­ара­лық­ материал зерттеу­ қоғ­амының Сан-Фран­циско қаласында өткен жи­на­­лысында оның зерттеу жұ­мы­­сы күміс медальмен мара­­пат­­тал­ды.

– Ғылым бірден қалыптасып, нәти­же бермейді. Ол бірте-бірте қалып­тасады. Әлемге ғылым арқы­лы жаңаша ой салып, өзгеше жол ашу – шынайы ғалымдар­­дың мін­­деті. Болашақта біз мұнайға емес, сутегі энер­гиясымен жұмыс істе­ге­німіз дұрыс. Өйт­кені бұл – келешек энергияның бірі, – дейді ол.

Ғалым 2013 жылдан бастап Мас­сачусетс техно­логиялық инс­ти­­тутына зерттеуші ғалым ретінде жұ­мыс істейді. Әлемдік ғы­лыми өлшемге сай жұмыс істейтін атал­ған білім ордасы қазақ ғалымын тектен-текке жұмысқа шақырып, төрден орын бермейтіні анық. Бұл мүмкіндікке ғалы­м­ның­ үлкен жетістіктері себепші болғаны бел­­гілі. Ғылымның бір аты – ізде­ніс. Кейіп­керіміз күні-түні зерт­­ханада отырып, тағы бір жаңа­лық ашты. Шындап кіріс­кен адам­ға ғылым саласындағы кей­ мүм­кіндіктер күш-қуат беретінін оны­­мен айналысқан адам ғана сезе­тін шы­ғар. Ток өткізгіш поли­мер­лердің нано­бөл­шегін жасап, ай­налымға түсірген де біз­дің кейіп­керіміз екенін мақтанышпен айт­­қымыз келеді. Бұдан бөлек, ол сту­дент­те­рімен бірге көптеген ғылыми жобалар­ жа­сап, қоғамға, күн­делікті тұрмысқа қа­жетті бөл­шек­тер әзірлеумен айналыса­ды.­ Осы ізденісін жоғары бағалаған АҚШ-тың ғылыми орталығы оған 2015 жы­лы нанотехнологияға қос­қан­ ерекше үле­сі үшін Джозеф сый­лығымен марапат­та­ды. Жаңа­лық­тың төресі де осы. Се­бе­бі Нұр­шат Нұражы аталған ғылыми сый­­лық­ты­ алған тұңғыш қазақ ғалы­мы еді.

Осы арада Массачусетс техно­ло­гиялық инс­титуты не үшін Нұр­шат Нұражыны жұ­мысқа шақы­рып, оған сенім артты де­ген­ заңды сұрақ тууы мүмкін. Бұ­ған­ да жауабымыз дайын. Оның қор­ға­ған диссертациясы ғылыми сарап­шылар тарапынан үздік деп таны­­лып, Харвард университеті, Кали­форния университеті, Мас­са­чусетс технологиялық институ­ты­ сияқты үш әйгілі білім ордасы оған пост-докторлық қорғауға ұсы­ныс жасайды. Әсіресе әлем таны­ған Майкл Рубнер мен Роберт Ко­хен секілді екі профессордың оған пейілі түсіп, өз жанына ша­қы­рып, бірге ғылыми жұмыс істеу­ге ынталандырады. Ғылым жо­лында жүрген адам үшін мұ­ның­ өзі зор шабыт. Жаңа орта әрі жақ­сы ғалымдардың алқауымен оның ғылыми санасы бұрынғыдан да өзге­шеленіп, жаңа ғылыми жаңа­лықтар жасауға талпынады. Соның бірі – буланбайтын материалдар жасау. Біз күн­де­­лікті тұрмыста қолданып жүр­ген ұялы телефонның бетін­де­гі буланбайтын материал кейіп­ке­ріміздің бір реткі ғылыми ойла­уы­ның нәтижесінен туған еді. Мас­сачусетс технологиялық инс­ти­тутының әлемге әйгілі профессо­ры­ Анжела Балчермен бірігіп «M13 Virus» генетикалық инже­нер­­леу арқылы жаңа түрдегі фото­ката­литикалық материал жа­сап шықты. Бұл жетістігі 2012 жы­лы әлемге әйгілі «Advanced Materials» журналында жарық көр­ді. Сонымен қатар жоғарыдағы жұмыс­тар бойынша халықаралық 5 па­тент алды. Бұл – ескі қазақтың «Білімді мыңды жығады» деген дана­лығын дәлелдейтін үлкен жетіс­тіктің бірі.

Әр адамда мақсат болатыны сөз­с­із. Үздік­сіз ізденісі, ғылымға деген махаб­баты оны өз мақсатына жет­кіз­ді. 2015 жылы ол Техас тех­но­ло­гиялық университетінің химия­лық­ инженерия факультетіне профес­сор­ болып жұмысқа тұрып, өзінің алғаш­­қы зертханасын құрған. Осы арада айта кетелік, аталған уни­вер­ситеттегі Нұр­шат­ Нұражы атын­дағы ғылыми зертхана жо­ға­ры­ оқу орынның ұсы­ны­сы­ бо­йынша­ құры­л­ған болатын. Атал­ған зертханада­ су­ды­ күн нұры арқы­лы бөліп, сутегін алуға арнал­ған зерттеулер жасалып, сынақ жүр­гі­­зілгенін де мақтанышпен айт­сақ жарасымды. Жаңа түрдегі тоқ­ өткізгіш полимерлер жасауда­ оның ашқан жаңалықтары аз емес.­ Сол себепті ол 2016 жылы АҚШ химия қоғамының мұнай зерт­теу­ саласы бойын­ша ғылыми сый­лығының лауреаты атанды. Соны­мен бірге Америка химия өнер­кә­сіп-инженерлік қоғамының (AICHE) халықаралық ірі жиын­да­рында техникалық секция бо­йынша өтетін халықаралық сим­по­зиумдардың төрағасы болып көз­ге түскен жалғыз қазақ та осы Нұр­­шат Нұражы. Сондай-ақ осы жыл­дары «Техас технологиялық уни­верситетінің ең беделді ғалы­мы­» атағын алса, 2018 жылы мате­­риалтану ғылымындағы ең бе­дел­ді жур­нал «Journal of Material Chemistry A» тарапынан әлем бойын­ша ең үздік зерт­теу­ші­лер­дің­ бірі деп танылды.

АҚШ-та соғыс ұшақтарын зерт­тейтін арнау­лы база бар. Бір ғажабы, Нұршат Нұра­жы 2017-2019 жылдары Американың Әуе армия­сының ғылыми-зерттеу бағы­­тын­дағы конкурсын ұтып алып, аталған зерт­теу орнының ең үздік зертханасында (The Wright-Patterson US Air Force Lab in Ohio, USA) жұмыс істейді. Соғыс ұшақ­та­рында кездесетін көп­теген мәселені зерт­теумен айна­­лысатын бұл орталыққа ат ба­­сын бұрып, табан тіреп, ғылы­ми зерттеу жасаған ол мат­ериал және оны өңдеу бөлі­мінде өнімді еңбек етеді. Әскери зерттеу­мен­ өткен үш жыл оған керемет шабыт сый­­лағаны сөзсіз. Мұндай танымал зерттеу­ то­бына кірген алғашқы қазақ та осы Нұр­шат­ Нұ­ра­жы. Сон­дай-ақ ғалым Техас тех­но­­­ло­гиялық университетінде жүр­ген­де өз зерт­ханасына қазақтың көп­теген жас ғалымы мен PhD сту­денттерін тартқан. Дәлірек айт­сақ, оннан аса қазақ жасына ғы­лыми жетекші болып, олардың ғы­лымға деген жолын ашқан.

2019 жылы АҚШ-тағы жоғары жала­­қы­сы бар жұмысын тас­тап­, елге оралған ол Наза­р­баев уни­верситетіне орналасып, өз елін­де ғылыммен айналысуға бір­жо­ла бет бұрады. Елге келе сала ғы­лыми зертханалар құруды мық­тап қолға алады. Үш жыл­ға­ жетер-жетпес уақытта өз жос­па­рын орын­дап, айналасына ғы­лымға аңсары ауған жас маман­дар­ды жинайды. Қазір оның жетек­шілігімен Назарбаев уни­вер­­­си­­тетінде мембраналар, тоқ өт­кі­зетін пластиктер, күн нұры ар­­қылы сутегін алу және био­мас­са­­лар сияқты төрт үлкен зертхана жұ­­мыс істеп тұр. Мұнда еліміздің 40-тан ас­там жас маманы іргелі ғы­лыми зерттеулермен айналы­сып­ жатқанын өз көзімізбен көр­дік­.

– Бұл зертханада қандай ғы­лы­ми­ өнім­дер­ жасадыңыздар? – деп сұра­дық әңгіме ара­сында.

– Тоқ өткізетін резеңкенің түр­лі құ­ры­­­лымдарын жасайтын техно­логия­ны­ әзір­ле­дік. Ол созылады, темірге ұқса­май­ды.­ Оны­мен сенсор жасауға, бактериялар­ды­­ тек­серуге, тіпті теледидар экр­а­нын да жа­сау­ға болады. Бұл – үлкен жетістік. Мұ­ны­ мақ­таныш­пен­ айта аламын. Сол үшін де­ бұл тура­­лы жоғары дәрежелі ғылыми жур­­­­нал­да жарияланды, – деді ол.

Ғылымға деген көзқарас өзгер­­мейінше, ғы­лымға сену, оның қуатын, күшін ба­ға­лау мүм­кін емес. Нұршат Нұражы өз сту­­дент­те­рімен бірге еліміздің ғы­лыми жетіс­­тіктерін таныс­тыр­ды. Олар жа­қында суте­гін бақы­лай­тын сенсор жасап шықты. Осы­ның бәрі еңбек­тің, ғылымға деген ерек­ше сүйіс­пеншіліктің жемісі.

Әр ұлттан құралған жас мамандар одан­ сабақ алып, ғылым жо­лына қанат қа­ғып, биік белес­тер­ді бағындыруға ниет­ті. «Шір­кін, профессор болып, қазақ жас­та­рын ғылыммен айналысуға же­телесем»­ де­ген ұлы арман оның ыстық жүрегі мен­ нұрлы ақы­лын­да бүршік жарғанын аңда­дық­. Бі­рақ арман таусылушы ма еді? Оның ендігі арманы – еліміздің ғы­лымын дамы­ту­ға аянбай үлес қо­су. Бұдан асқан арман бол­сын­ ба?

– Қазір әлемдік көшке, бәсеке­­лес­тікке іле­су үшін, тіпті көштен қал­мау үшін­ елімізде білім мен ғы­лым саласы­н да­мы­туға ерекше көңіл бөлініп отыр. Бұл – қуанарлық жағдай. Мемлекет бас­шы­­­сы­ның қолдауымен ғылым сала­сында оң өзгерістер де болды. Мысалы, жас ғалым­дар­ды қолдау шаралары жүзеге асып жатыр­ әрі елімізде ғылым саласын дамы­ту­ға­ бөлінетін қаражат көлемі де артты. Деген­мен ғылым саласын­да­ кемшіліктер де­ жоқ емес. Ол ту­ралы өз ұсыныстарымды Пре­зи­дент жанындағы Ғылым және тех­но­логия­лар жөніндегі ұлт­тық кеңес­ке жолдадым. Елдің ғылым мен­ технологиясының дамуына­ өз үле­сім­ді қосу бақытына ие бол­ға­ны­ма қуа­ныш­ты­мын,­ – дейді ға­лым.

Ке­зінде ғылымға деген шек­­­­сіз құш­тар­лық оны алып Аме­ри­­ка­ға қалай апарса, еліне де­ген­ іңкәрлік оны Қазақ дала­сы­на, Астана төріне жетелеп алып келді. 2019 жылдан бері Назар­баев­ университетінде профессор, Астана Ұлттық зертхана­сын­да зертхана меңгерушісі болып қыз­мет атқарып жатқан оның әр күні ыждағаттылықпен жос­парланған. Ғылыми жоба­лар­ға қатысу, тал­қылау сияқты жұ­мыс­тар оның қолынан өтеді. Сон­дай-ақ универ­ситетке келе са­лып химия инженериясы ма­ман­дығы бойынша докторанту­ра­ бағдарламасын жасайды әрі осы бағдарламаның директо­ры­ міндетін де өзі атқарып ке­ле­ді, Нұршат өз сөзінде келер жы­лы алғашқы түлектердің бітіре­ті­нін айтты. Сонымен қатар өз тәжірибесін еліміздің басқа да­ өңірлік университеттерінің дең­ге­йін көтеру мақсатында жыл са­йын жер-жерден жиналған профес­сорларға қалай ғылыми жұмыс­ты ұйымдастыру туралы тегін шеберлік сағаттарын өткізіп келеді.

«Қазақ ғылымын қалай көте­ре­міз?» деген сұрағымызға ол бұл жөнінде көп ойлағанын жасыр­мады. Бұл тұрғыда бізде алдымен ғылымға деген дұрыс түсінік, сергек сана болу керектігін, ғы­лым­ға қаржы аямауды, тіпті әр өңірдегі университеттерде ғы­лыммен айналысуға қажетті құ­рал­-жабдықтардың толық болуын баса айтты. Ғалымдарға арнал­ған ғылыми жобаны ұтып алу­ға­ мүмкіндік бар болғанымен, оны әрі қарай жүзеге асыратын құрыл­ғыларды сатып алу барысын тез­дету туралы ұсынысын да ашық айтты. Ол тағы жергілікті оқу орын­дарының ғылыми зерттеу база­сын жақсарту, химиялық реа­генттерді уақытылы жеткізу сияқ­ты көкейкесті мәселелердің отан­дық­ ғылымды өркендетуге тұсау бо­лып отырғанын тілге тиек етті.

Қайта туындайтын энергия тура­лы зерттеулерді күшейту – қа­зіргі ғылым үшін таптырмас мүмкіндік. Бұл турасында Нұр­шат­ ғалым «Келешектің энергия­сы­ – жасыл энергия» деп атады.

Оның кабинетінен шығып бара жатып:

– Қазақ ғалымы қашан Нобель ала­ды? – деген көкейде жүрген сауалымызды қойдық. Ол еш кідірместен:

– Бұған әлі көп уақыт керек. Себебі ғылымға бүгін қаржы бө­ліп, ертең өнім күту дұрыс емес. Ол үшін көптеген ғылыми жоба­лар­ жасап, шетелге танылуға күш салуы­мыз керек. Ғылымға үздіксіз ақша құя бергеніміз дұрыс. Содан кейін білікті мамандар тәрбиелеуіміз керек, – деп жауап берді.

Оның осы күнгі бір қуанышы – елге оралып, білгені мен түйгенін қазақ жастарына үйретіп, оларды ғылым жолына бағыттауы. Өз мақсатын орындаған Нұршат Нұра­жы енді ел жастарының мақ­сат­қа жетуіне ғылыми жетекші ре­тінде қол ұшын созбақ. Ғалым­ның­ ендігі бар үміті мен сенімі өз ісі арқылы ұлт ғылымын биік дең­гейге көтеруге себепші болу еке­ні айдан анық. Жүрегіне ғылым­ның­ шырағын жаққан ол қай биік­ке­ көтерілсе де, ғылым туралы үздік­сіз­ ойлаудан жалыққан емес. Оны осын­дай мәртебеге көтерген де сол шек­сіз ойлардың қанаты еді.

Бөлісу: