Футбол
3 мин оқу 250

Үздіктер ұпайдан шашау шығарған жоқ

<p style="text-align: justify;">Футболдан Еуропа мемлекеттерінің ішкі біріншіліктері аяқталған тұста Қазақстан Премьер-лигасының (ҚПЛ) ойындары бел ортасына таяды. Өткен сенбі-жексенбі күндері командалар ел чемпионатының 12-тур ойындарын өткізді. Турнир кестесінің көш басында келе жатқан &laquo;Астана&raquo;, &laquo;Ордабасы&raquo;, &laquo;Ақтөбе&raquo; сынды клубтар бұл турда да маңызды үш ұпайларына қол жеткізсе, &laquo;Қызылжар&raquo; қатарынан үшінші ойында жеңіліп, турнир кестесінде төртінші орынға түсіп қалды.</p>

Үздіктер ұпайдан шашау шығарған жоқ

12-турдың шымылдығын «Қайрат» пен «Оқжетпес» клуб­тары ашып берді. Өткен тур­да чемпионат аутсайдері «Мақ­та­аралдан» сырт алаңда 3:1 есе­бімен жеңілген «Қайрат» бұл турда Көкшетаудың «Оқжетпесін» қабылдап, 2:1 есебімен жеңіске жетті. Алматының «Орталық» стадионда өткен бәсекенің тағдырын «Қайраттың» бразилиялық ша­буыл­шысы Жоао Паулоның жеке шеберлігі шешіп кетті. Ойынның сегізінші минутында ол пенальтиден гол соғып, командасын алға шығарса, 49-минутта есепті есе­лей түсті. Ал арада 30 минут өткенде қонақтар сапынан Рус­лан Болов 11 метрлік айып добын сәтті орындап, есеп айырма­сын қысқартты. Қатарынан екі ойында жеңіліп, үшінші матчта үш ұпайды еншілеген «Қайрат» тур­нир кестесінде бесінші орнын сақтап қалды.

Былтыр ел чемпионы атанған «Астананың» биылғы қарқыны әзірге көңіл қуантарлықтай емес. Келесі айда Чемпиондар лига­сының іріктеу кезеңіне қатысатын команда кейінгі бес тур бойы қарсыластарын тек бір доп айырмасымен ғана жеңуге шамалары жетіп жүр. Бұл турда олар Павлодардың «Ақ­суы­нан» 1:0 есебімен басым түсті. Ойын­дағы жалғыз голды – Марин Томасов соқты.

Турнир кестесінде «Астананы» өкшелеп келе жатқан «Ақтөбе» клубы 12-турда жанкүйерлеріне қос қуаныш сыйлады. Біріншісі, жөндеу жұмыстарына байланысты біраз уақытқа жабылған Қобыланды батыр атындағы орталық стадионда «Ақтөбе» футболшылары 2023 жылғы алғашқы ойынын өткізсе, екіншісі – сол матч­та Андрей Карпович шәкірттері Қарағандыдан келген «Шахтер» клубын 2:0 есебімен тізе бүктірді. Ойын­ның алтыншы минутында Арман Кеңесов «Ақтөбені» есеп­те алға шығарса, 71-минуттта Лука Гадрани жан­күйер­лерді шат­тыққа бөледі. Бұл жеңістен кейін «Ақтөбе» турнир кестесінде «Қы­зылжарды» бір саты төмен ығыс­тырып, үшінші орынға көтерілді.

Кейінгі бес турда бірде-бір ойын­да ұпайдан шашау шы­ғармаған Шымкенттің «Ордабасы» клубы бұл турда да үш ұпайын еш­кімге берген жоқ. Атыраудың «Аты­рау» клубын қабылдаған жер­гілікті ұжым 2:1 есебімен же­ң­іске жетті. Бірінші таймда Бобур Абдухоликов (25-минут) пен Сергей Малыйдың (30) соққан голдары «Ордабасыға» жеңіс сый­лады. Қонақтар сапынан екін­ші таймда Нгунгуси Эффионг мер­гендік танытты.

Ал турдың орталық ойы­ны саналған «Тобыл» мен «Қы­­зыл­жар» арасындағы матчта алаң иелері басымдық танытты. Қос­танайда өткен тартысты матч­тың тағдырын ойынның 75-минутында «Тобылдың» шабуылшысы Серж Дебле шешті – 1:0. Маңызды үш ұпайын қоржынға салған қос­танайлық ұжым 20 ұпаймен алтыншы орынға көтеріліп алды.

12-турда көшбасшылар соқ­паған голды турнир кестесінің екінші жартысында келе жатқан коман­далар соғып, жанкүйерлерді бір серпілтіп тастады. Талды­қор­ғанда өткен «Жетісу» мен «Кас­­пий» арасындағы матчта жан­күйерлер бес голдың куәсі болды. Бірінші таймда 2:1 есебімен алда тұрған ақтаулық ұжым екінші таймда қақпасына екі гол өткізіп алып, қолда тұрған үш ұпайынан айырылып қалды. Ойындағы жеңіс голын екінші таймда «Жетісудың» сербиялық шабуылшысы Йован Стоянович соқты – 3:2.

Сондай-ақ турнир кестесінде соңғы орында келе жатқан «Мақта­арал» Қызылордаға қонаққа барып, жергілікті «Қайсар» клубын 10 ойыншымен жүріп 2:0 есебімен тізе бүктірді. Голдың автор­лары – Рамазан Кәрімов (42-минут) пен Секу Думбия (97). Осылайша, бас бапкерлік қыз­метке Қайрат Нұр­дәулетов кел­гелі бері қатарынан екінші ойында жеңіске жеткен «Мақтаарал» 9 ұпай­­мен турнир кестесінде 11-орынға көтерілді.

Енді ел біріншілігінің ойындары Еуропа чемпионатының іріктеу матчтарына байланысты уақытша тоқтатылып, 24 маусымда қайта жалғасады.

Бөлісу: